Орал және Алматы

Бұл бетте «Орал және Алматы» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүргенімен күнім батып, таң да атып,
Мен бұларды айырбастар бар ма ақы?!
Өмірімде ойып орын алады,
Екі шаһар: Орал және Алматы.

Орал баптап, жас қырандай ұшырды,
Алматыда таптым бақыт құсымды.
Мен Оралда тудым
Бірақ Өмірдің
Не екенін Алматыда түсіндім.

Жасытпайды ғұмыр салған тыйымдар,
Алла берген баға жетпес сыйым бар...
Түлеп ұщқан туған үйім Оралда,
Алматыда менің және үйім бар.

Екі шаһар мұратыма жетуге,
Жетектейді асулардан өтуге.
Балалығым өтті менің Оралда,
Жігіттігім Алматыда өтуде.

Сүрінгенде, орға түсіп, от басып,
Дем беретін адамдар көп, жоқ қасым...
Бек тірегім отбасым бар Оралда,
Алматыда достар атты отбасым.

Екеуінің қуат алам таңынан,
Қуат алам жасыл желек бағынан.
Алматыда сағынамын Оралды,
Ал Оралда Алматыны сағынам!

Жүргенімен күнім батып, таң да атып,
Мен бұларды айырбастар бар ма ақы?!
Өмірімде ойып орын алады,
Екі шаһар: Орал және Алматы!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері