ҚАЗҰУ-дың 80 жылдығына
Бұл бетте «ҚАЗҰУ-дың 80 жылдығына» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көктің өзі көркіңмен таласып па?!
Армандарға тұрасың жол ашып та...
ҚазҰУ-ды алғашқы көргеннен-ақ,
Мен ғашықпын осынау қалашыққа.
Жаздыгүні – көкте күн күлгендейін,
Патшалардың бағында жүргендейін.
Түлкі, тиін, құс әні –
Күй кешесің
Бір ғажайып орманға кіргендейін.
Сарсаңға да түсер ем алып-ұшып,
Саф алтыннан қымбатты бағың үшін...
Сары күзде жапырақ жауған ҚазҰУ,
Студенттің маздатар сағынышын.
Қызғалдақтар қырдағы семіп еді,
Қаһарлы аяз шуақтан жерінеді.
Қар жамылған қалашық қыстыгүні,
Қалғып кеткен сияқты көрінеді.
Қатал қыстың қоштасып ызғарымен,
Ғашығыма бұл кезде жүз барып ем...
ҚазҰУ сұлу көктемде құлпырады,
Гүлдерімен және де қыздарымен.
Неткен ғажап көрініс, кескін еді,
Көп адамдар қадірін кеш біледі.
Жаны жалын жастардың
Әр кеш сайын
Жанға жайлы әндері естіледі.
Қозы-Баян деген бар лақап ат та,
Шаттық пенен осында шапағат та.
Қол ұстасып ғашықтар кетіп барад,
Мадақ айтып жастық пен махаббатқа.
Алақайлап шаттанар келді күнің,
Тойламасақ ұят-ты енді бүгін.
Сан өренге тәрбие-тәлім берген,
ҚазҰУ ата сексенге келді бүгін!..
-
-
-
-
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі