Достарыма

Бұл бетте «Достарыма» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өмірді мынау мәңгілік деме, досым-ау,
Өтеді уақыт, бастысы бізге – жасымау.
Есіңнен бірақ шығар ма екен бір сәтке,
Көңілді күндер, көгілдір түндер осынау.

Осы еді ғой бір кезде алдан тосқаным,
Көңілі дархан, құшағы ашық, достарым!
Сендердің арқаң, сендердің арқаң, сендердің,
Жастық шағымның күн шалып тұрса аспанын.

Қуаты жойқын тауларды бұзар сеңдердей,
Нағыз достықтың шырмауы қатты шеңгелдей.
Мың шүкір деймін тағдырды жазған Тәңірге,
Маған достарды бергені үшін сендердей.

Куәсі – сендер, есімнен кетпес шақтардың,
Біз қатар өскен терегі ме едік бақтардың.
Қуанған кезде шаттықты доспен бөлісіп,
Жабыққан кезде шерімді досқа ақтардым.

Сұрасаң менен: «Қымбат, – деп, – уақыт саған қай?»
Кез бар ма, шіркін, достармен жүрген замандай.
Керек жерінде сүйеу болдыңдар әкемдей,
Керек жерінде ақыл айттыңдар анамдай.

Достарым, мені бақытқа ғана бөлеңіз,
Аламандарда сәйгүліктейін желеміз...
Ағарған таңда күн болып сәуле шашпаққа,
Ақ армандарға біз бірге самғап келеміз!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері