Өлең, жыр, ақындар

Соғыс жылғы Аналар

  • 17.04.2016
  • 0
  • 2
  • 15297
Өтсе де күн, есімің ескерілер,
Ұрпағыңның жадынан өшпедіңдер.
Соғыс жылғы Аналар, өйткені, рас,
Болмысы асқақ, өзгеше, басқа едіңдер!

Жан едіңдер қашаннан елдікті ұғар,
Сол бейнеңде өшпейтін ерлік тұрар.
Ұлылығыңа орнатса бір ескерткіш,
Алтынның да бағасы кемдік қылар.

Соғыс үзді шаттықты ән-жырларыңды,
Бес қаруын бойына ұл да ілді.
Біледі ұрпақ оларды қан майданға
Шығарып сап үмітпен тұрғаныңды.

Тыныштықтың сілкінтіп соғыс таңын,
Көрді ұлдардың дұшпанмен алысқанын.
Берді оларға күш-қуат ақ тілегің,
Түсірмеді ерге тән намыстарын.

Ұялатар Ана ғой санаға арман,
Жетелейтін сол үміт баланы алдан.
Намысты ұл да туатын шығар, бәлкім,
Өздеріңдей намысты Аналардан.

Алмақ боп жау бейбіт ел қалаларын,
Оқ даусы үзді бөбектің балаң әнін.
Сонда ұлдарың майданда сәбилер мен
Қорғап қалған олардың Аналарын.

Жоғалтпады сол сында боздақ арын,
Соғыс кейде қайғының қозғады әнін.
Өздерің де бауырға басқансыңдар
Пана іздеген ұл-қызын өзге ананың.

Ана сезім ортақ қой балаға да,
Перзент те ортақ көрінер бар анаға.
Бөлінбейді бұл жүрек ұлтқа мүлде,
Сыймайды екен бұл сезім шекараға.

Намысы боп тілеуің жорықтардың,
Алаңдаумен жүрегің торыққан мың.
Сол жылдардың Анасы, мәңгі өздерің
Аналары солдаттың болып қалдың!

Келер деген беріліп сенімге ерен,
Мейірімдерің ортақ боп - бөлінбеген.
Ана болу сарбазға қашанда да
Отанына Ана ол болу деген.

Өтті уақыт...
Ана-үміт, Ана-арман
Құлындарын тосумен жараланған.
Соғыс бүгін кешірім сұрай қалса,
Сұрау керек алдымен Аналардан.

Пейілі де, бір болған тілегі елмен,
Сол ақ тілек Жеңіс боп күле келген.
Мың дастанға лайық жансыңдар-ау,
Жетпейді екен болмысың бір өлеңмен!



Пікірлер (2)

Ая Айдарбек

Мен келісем күштііііі

Арман

мықты

Пікір қалдырыңыз

Анаға тілек

  • 0
  • 3

Жеткізіп арманға жол күні бүгін,
Бақ құшты қызың менен бүгін ұлың.
Болғанмен бар болмысың қарапайым,
Байқалып тұрады, ана, ұлылығың!

Толық

Шәкіртке төгеді ылғи жан шуағын

  • 0
  • 2

Білімнің төгілтеді нәр бұлағын,
Жауапсыз қала қоймас әр сұрағың.
Біледі қоғамы әр кез мұндай жанды -
Қастерлі, қасиетті ол - мұғалім.

Толық

Жүректерді жалғастырып ізгі леп

  • 0
  • 0

Жүректерді жалғастырып ізгі леп,
Қанша иыққа асылды екен қыз білек.
Қанша жігіт бола алды екен Төлеген,
Қаншама ару бола алды екен Қыз Жібек.

Толық

Қарап көріңіз