Өлең, жыр, ақындар

Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

  • 26.04.2016
  • 0
  • 1
  • 15088
Көнбестен бодандықтың тұсауына,
Айналған азаттықтың нышанына.
Танытқан өрлігің мен елдігіңді,
Сыйғызып тыныштықты құшағыңа.
Күллі әлем содан білер сені танып,
Баланған еркіндіктің мысалына.
Жиһанға еңсе тіктеп көз салғызған
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Өзгеге үстемдігін танытпаған,
Дегендей жерім де - кең, алып - далам.
Алтын күн аясында нұрға оранып,
Қыран құс биікте ұшып қалықтаған.
Көзіңе оттай ыстық басылатын,
Қараудан ұл мен қызы жалықпаған.
Қараған жанда әсері тұнып тұрған
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Танытқан жігер күшті ертеңіңнен,
Ол барда, өзгемен ел тең көрінген.
Күмбезді аспан түстес тұтастығы
Ұлтыңның оюымен көмкерілген.
Беретін жас балаға шалқар шабыт,
Сол ұрпақ ән ғып айтқан өр көңілден.
Тәлімін көп сіңірген сәбиіне
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Келісім әр кез жанжал бастатпаған,
Әскері құрмет етіп қас қақпаған.
Барғанда өз ел басшың шет сапарға
Сол елдің аспанында асқақтаған.
Сені еркін мемлекет деп мойындатқан,
Жүзіңді төмендетіп, жасқантпаған.
Бүтін бір ел атынан сөйлеп тұрған
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Күткізбей саңлағыңнан бекер үміт,
Ұл-қызың сыннан талай өте біліп.
Тұрғанда жеңіс-шыңның тұғырында,
Аспандап бара жатқан көтеріліп.
Асқақ үн әнұранның егізіндей,
Көрген жан болмысыңдай кетер ұғып.
Сондағы қуанышыңмен толқынданған
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Бойында ұлт мінезі өрілетін,
Ел десе, жүректен жас төгілетін
Әр жанға алуан Тудың арасынан
Биіктеп ерекше, ыстық көрінетін.
Байқалған Даламыздың белгісіндей,
Таққызбас өзгелерден еліңе сын.
Тарихтан талай мысал түйіндеткен
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!

Ұрпақтың қастер болып ұғымында,
Айналып әр бөлігі ұлы ұғымға.
Көк туың елдігіңнің көрінісіндей,
Желбірей берсін асқақ тұғырында!
Қастерлі Тәуелсіздік жаршысындай
Мақтаныш болсын қыз бен бүгін ұлға.
Сан жүрек ұлықтаған ұлы байрақ
Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!



Пікірлер (1)

Орынкүл Жəли

Саламатсыз ба?Сіздік өлеңдеріңізді мен колледждегі іс -шараларда студенттерге оқытып жатырмын.Студенттерге де ұстаздар қауымына да ұнады

Пікір қалдырыңыз

Отыз жылдық ой

  • 0
  • 3

Кетсе-дағы сол күндер алыс қалып,
Жетті ме олар өмірде табысқа анық.
Түлектермен бір кезгі Мектеп-Ана
Отыз көктем өтті де қауышты анық.

Толық

Жас ұстазға тілек

  • 0
  • 1

Талабыңмен танып білген ілімді
Қолдандың да, ұстаз болдың бүгінгі.
Жүрегіңді білім-нұрға билетіп.
Жүрсің-дағы шәкіртке сыр үйретіп.

Толық

Мұғалім

  • 0
  • 2

Даналықтың ұстаз боп жалғап ісін,
Еңбек еттің балауса арман үшін.
Сен - ертеңгі бәйтерек болашақтың
Бүгінгі күн тер төккен бағбанысың.

Толық

Қарап көріңіз