Кешігіп жеткен ұйқастар – Әсел Бимырзаева

Бұл бетте «Кешігіп жеткен ұйқастар» атты Әсел Бимырзаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ұзақ көңіл бөлмесем,
Бұл – уақытсыз дедің бе?
Сенсіз қалып өзгеше,
Бұл – бақытсыз дедің бе?

Шелек-шелек шерімді,
Тарқамасын дедің бе?
Ауыр жүкті бір өзі,
Арқаласын дедің бе?

Шашылған ойды жинауға,
Машақаты көп дедің бе?
Тыртығы қалған жазылмай,
Жарақаты көп дедің бе?

Тарығып талған толғауды,
Тілсіз кетсін дедің бе?
Өлеңім өксіп өтпестей,
Өңеште кепсін дедің бе?

Көңілден кетіп алыстап,
Қадірім білсін дедің бе?
Төзімсізбен алыспақ,
Сабырын білсін дедің бе?

Мақұрым қалған бәрінен,
Мақсаты жоқ дедің бе?
Жасырын қалған бәрінен,
Жақсы аты жоқ дедің бе?

Шабытпен болмай шатағың,
Алыстап кетем дедің бе?
Ойларды айға шабатын,
Алысқа ап кетем дедің бе?

Ізгіліктен іздедім,
Ат ізін салған өшірмей.
Ізгі ниет те үзбеді,
Қалса да көңіл көсілмей.

Ақ қағазға қимаған,
Арманда кеткен ұйқас бар.
Жарыққа шық, сыймаған,
Кешігіп жеткен ұйқастар!



Бимырзаева Әсел Маханбетқызы
Түркістан қаласы


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері