Ол өмір сүргісі кеп – Жұлдыз Молдағалиева

Бұл бетте «Ол өмір сүргісі кеп» атты Жұлдыз Молдағалиева жазған өмір туралы өлең берілген.

Ол өмір сүргісі кеп...
Қала жақта қиялы мың құбылып,
Қарсы алғысы келеді күнді күліп.
Түнерердей мойынында жүгі ауыр ма,
Жіберердей қайғысы жынды қылып...

***
Көңілі алаң анаған, мынаған да.
(Ал бізге ше? осы өмір ұнаған ба?)
Іште қалып айтарың... «жақсы» дейсің,
Танысың мен досың хал сұрағанда...
***
Адам жаны қысылса, өлең іздер...
Тағдыр басқа салғанға көнеміз де.
Неге біздер адамды тыңдамаймыз,
Түсінуге тырыспаймыз неге біздер?
***
(Ұсынған кім жұмақтан төрді бізге?)
Тіршіліктің заңына көндіңіз де...
Көрдіңіз бе біреуді тыңдай алып,
Сіз біреуді түсініп көрдіңіз бе?!
***
Жанымды ақтай... алмаймын ғаламды ақтай...
Келер күнге көңілді алаңдатпай,
Түсінуге тырыспақ былай тұрсын,
Тіпті тыңдай алатын адам таппай...

ол келе жатады....


Пікірлер (1)

Рысбек Айдана

өте керемет өлең! ❤

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері