Масат ата жыры
Маңғыстау тауы мұнарлы,
Өзіңнен медет сұралды.
Сырыңды сенің ашуға,
Отырмын сұрап сыралғы.
Тұнған тарих тау тасы,
Кең далам оның сырласы.
Ашуға сырын ақтарған,
Балаңыз енді жырласын.
Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Қазіргі Өзен жерінің,
Ат шаптырым маңында.
Бастауын алған Хазардан,
Шығысқа қарай ағатын,
Тулаған өзен жағасын,
Қалың адай жайлаған,
Мың мыңдап жылқы айдаған.
Батырлар болған неше бір,
Қылышын тасқа қайраған.
Түгін тартсаң май шығар,
Жері болған шұрайлы,
Қос бұрымы білектей,
Қыздары болған шырайлы.
Сол заманда кешегі,
Тастан болған төсегі.
Жауынан Елін қорғаған,
Масат атты батырың,
Өмір сүрген деседі.
Атса оғы өтпейтін,
Шапса қылыш кеспейтін,
Сом темір құдды жаралған,
Батыр болған деседі.
Бала оқытқан мешітте,
Жүрген жері жап- жарық.
Ілімнің жеткен түбіне,
Қызмет еткен еліне.
Ауызы болған дуалы,
Оқумен жауын қуады.
Əрі əуле, əрі Ер.
Анадан солай туады.
Алайын десе ала алмай,
Шабайын десе шабалмай,
Еш бір айла таба алмай,
Жаулары сонда сасыпты.
Ай десе дағы аузы бар,
Күн десе оның көзі бар,
Батырдың сұлу тоқалы,
Жау қолына түсіпті.
Ақылы қысқа шашы ұзын,
Сатқындық зəрін ішіпті.
Сол тоқалдың кесірі,
Батырдың басын кесіпті.
Айтып айтпай не керек,
Келеді айла бір қолдан.
Бір қатынның мекері,
Қырық қашырға жүк болған.
Жас тоқалдың жоқ есі,
Сыр тартыпты көңілдесі.
Осал жерін батырдың,
Айтып берген көргесін.
Таң намазы кезінде,
Босайды оның буыны,
Алпыс екі иіп тамыры,
Дүниенің сезбей шуылын,
Еңбегіндей сəбидің,
Былқылдап қалар денесі,
Сол кезде «емін» бересің.
Пайдасын көріп осыдан,
Артынан келіп білдіртпей,
Таң намаздың кезінде,
Басын шапқан тосыннан.
Етегіне түсіп кəллəсі,
Аузында қалып алласы,
Масат батыр жүгірген,
Алланың еткен кəрінен,
Аяқ асты тас еріген.
Құлынды биесі кісінеп,
Тағдырға олда берілген.
Қаһарымен алланың,
Күңірініп аспан көк,
Құдіретімен қара жер,
Қақ айырылған тереңнен.
Биесін ертіп соңынан,
Етегін ұстап қолына ,
Тереңге батып жөнелген.
Атағы қалған асқақтап,
Ізі қалған тастақта.
Қарасаң адам қызығар,
Бара қалсаң сол жерге,
Тасқа басқан ізі бар.
Əулие Масат есімі,
Осынау бір аңызбен,
Ел аузында сақталған.
Масат ата қорымы.
Тарихтың бір пұшпағы,
Даламда солай хатталған.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі