Жүреді біреу жақын кеп – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Жүреді біреу жақын кеп» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 5070
Жүреді біреу жақын кеп
сәлемдесуге бата алмай,
«мінезі шәлкес ақын» деп,
айтулы мен бір қаталдай.
Ал біздің үйдің ірі-ұсақ
балалары үшін ең дана,
ең жайлы, жаны жылы, шат
әлемде жалғыз мен ғана.
Біреуі тартып шашымнан,
мінеді бірі ат қылып,
шықпайды бәрі қасымнан,
ентелеп келер аптығып.
(Кетеді сонда мұң демі,
тұрсам да жанды мұз қарып)
таласып маған жүргені
бірінен-бірі қызғанып.
Көңілінен шығар баршаның
мылқаумын мүлде үйде мен.
Кішкентайлардың жан шамын
жағатын нәзік күйге енем.
Жүремін ұқпай жат халық,
сұсты боп алыс жандарға,
мәңгілік жердей тапталып
үйдегі данышпандарға.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері