Ей, құм Нарын, құм Нарын
Қасиетті Нарын, құм Нарын,
киелі менің құндағым,
көңілімде таудай тұлғалым,
құмыңдай көшіп жүріп мен
анамның әнін тыңдадым
жоқтаған аяулы ұлдарын.
Жоқтауларды есітіп өскесін,
менің де мұңды жырларым.
Сенің де көлің тартылып,
тамырың тамсар нәр құрып,
бәйтеректей жыңғылың
жайрап жатыр жалт ұрып.
Түн қатқан кешегі өңшең ер
күйіңді бүгінгі білсе егер,
о дүниеде де мұң шегер.
Тағдыр деген – бір шебер,
әділеттей аппақ жандарға
ақтығы үшін құм себер.
Тұяғы таймас тарланға
тоқтышақ тақым салғанда,
билік құрғанда дүмшелер,
ғұламаны іздер жан бар ма?
Жау болып адам адамға,
безгенде сенен балаң да,
Адалдық жаяу ақсаңдап,
елсіз аралда қалғанда,
күн шығып айла-амалға:
жылтың көз жылмаң Пысықтық
машина мінген заманда,
әділдігіңе кім сенер?
Орынбор маңы – жұртым-ды –
аласыз асау жылқымды
байладым десем, кім сенер?
Еділдің бойы – ен тоғай –
жайлаған біздің ел талай
аймағым десем, кім сенер?
Бытқылда қалған Нарынды,
қыздары көркем, әні – үлгі,
жігерін жаудың құм етіп,
намысын елдің ту етіп,
егеулі найза қолға алған
атаны көріп оқ жонған,
жақсысын жұрты жоқтаған,
аталы сөзге тоқтаған,
ұл өсірген көргенді
ел еді десем, кім сенер?
Ей, құм Нарын құндағым,
сайғақ сыңсып сары құмда,
жылқың жусап шалғында,
сағым оранып қырларың,
жанымды тербеп жырларың,
құдіретті әнің, мұңды әнің,
жатушы едің алдымда.
Изенің мен жусаның,
мортығың мен қияғың,
майқаңбағың тушаның
майландырып құрсағын,
жүре алмаушы еді мал мұнда.
Дүрліккен думан дүниенің
көңілі бүгін даң-дұңда.
Батырар балшық-балдырға
тіршілік – тышқан тарғыл ма?
Күн алмасып, түн келді,
жыр алмасып, мұң келді.
Аруақтарын шақырып,
арыстандай атылып,
жауларын қуған ақырып,
батырлар туған бұл жерді
әулие тұтсам, шетін бе?
Өмірі өткен желдің өтінде
Исатайдан бір белгі
қалды ма жердің бетінде?
Қалса, бір барып түнейін,
қашса да мейлі үрейім –
күнәһарлығым баршылық:
жүрсем де кейде жаншылып.
Елімнен басқа ешкімге
бас имеуім де – қарсылық;
еркіндігімді тексізге
тәуелді етпедім бес күн де,
мұным да емес жақсылық,
тумысың әйел болғасын,
данышпан болсаң, ол да – сын.
Астамшылығым асты ма,
пірлерім әлде қашты ма,
мені де балдыр басты ма –
оңымнан Айым тумай жүр,
жазарым – балсыз, судай жыр.
Тазарар түрім жоқ менің
жанымның кірін жумай бір
Махамбеттердің рухымен.
Сенде де, Нарын, бұлт ірең,
менде де шаттық, күлкі кем,
сонда да келіп түнедім,
аруақтардан тілегім:
жасытпа жұртымның жігерін,
батыр ұрпағын сынарға
өшпейтін ардың отын бер –
алшаңдай басқан арсызды
айбарымен жасқап: «Отыр!» - дер;
даланың төлі – құлан да
бұрқақтан бұғып ығар ма?!
Қыранның көзі – шығанда,
пенденің ойы – құмарда.
Бойын алдырмай бұлаңға,
намыс бер, ой бер ұланға -
күндердің күні болғанда
шамырқанып шығарға,
арманда кеткен ер үшін,
адыра қалған жер үшін
ақырып теңдік сұрарға!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі