Өлең, жыр, ақындар

Түркістан сапары

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 5910
Шығып ек кешегі айда елімізден,
Мекен - жай, қоныс қылған жерімізден.
Хазіреттің ақ күмбезін зиарат қып,
Қол жайып бата алғалы пірімізден.
Еліміз Баянаула, Қызылтауда,
Төскейде мал жатады қалың қауда.
Аллаға тәуекел ғып шыға қалдық,
Тіпті үйде жатпайын деп денім сауда.
Ереймен, жүре бердік Есіл өтіп,
Тұсынан Күйгенжардың кесіп өтіп.
Жас сығыра бір қияға боп ман ласқыра,
Құдайым түзден ырзық несіп етіп.
Ел-жұртым, қатын-бала,- бәрі қалып,
Он "бесте" түсіп жолға, болып кәріп [ғаріп].
Үйде қашқан, табылып, нәрсем түзден,
Келемін мен құдіретке қайран қалып.
Мүсәпір жолаушымыз біздер ғаріп,
Келеміз ұзын жолда ашып, арып.
Жал үзіп, қара қоңға таянып ат,
Тана алмай, пақырлықты, мойынға алып.
Бейшара өңшең сүлтік жолдасымыз,
Жоқ болып көңіл аулар құрдасымыз.
Ілініп сұм жалғанның тұзағына,
Келеді тұтқындықта бір басымыз.
Шалдар - жетпіс, кемпірлер - алпыс жаста,
Түп-түгел малы біткен біздің қаста.
Ғазап лим деуіме бек лайықты,
Жазылулы күн бар екен жұмыр баста.
Жылым-қой, жетті жасым бір он "беске",
Енді oн "бестің" жоқтығы кірмейді еске.
Қатын-бала қамынан қашқандарды
Түзде үйір қылады екен мақау (фиске) пешка.
Қапаста сайрай алмай қызыл тілім,
Халық-жұрт, қадір білген, қалып елім.
Көңілімді күн-түн сайын жүдетеді.
Тұнжырлар томырықты қара жылым.
Жегенім зақым болып, ішкенім - зәр,
Ғаһұдым ныхли әр кез бермеді пар.
Тақады құсалықпен өлтіруге,
Қоршаған маңайымда көр менен кәр.
Ауаның (һуаның) ыстықтығы миды ашытып,
Келеді қамықтырып, жол жасытып.
Айдаған жер сібір қып мені Құдай,
Кемпір мен, ұзын жолда, шал тасытып.
Мен қашан бұл жылаудан уанамын,
Көз ашып, көріп кімді қуанамын?!
Өткізіп дер жасымды келемін мен,
Муасеусе салқын сопы, диуанамен.
Жолдасым, су қараңғы алған үйден,
Құтылар бар ма күнім мұндай күйден?!
Надандар түк білмейтін бар қасымда,
Отыз жыл оқып білмес әліп биден.
Тұрады қай жерімде ғақыл ме не?!
Қайғымен ертеңгі күн болады кеш.
Ақшасыз арзан ғана табылатын,
Іздесең, маңайымнан не түрлі кес.
Атандым Мәшһүр-Жүсіп мен жасымда,
Мұң мен зар толып жатыр бір басымда.
Татырлық бір тиынға біреуі жоқ,
Бұ жолғы жаныма ерген жолдасымда.
Бір құдай ықтиярсыз айдауменен,
Мен шықтым басты өлімге байлауменен.
Қолыма ойға алғанның түспей бірі
Келеді зығырланым қайнауменен.
Өзің сад түзу жолға, иа, Раббым хақ,
Келеміз несие болып не түрлі нақ.
Ащы су, сүті жоқ шай жүрек кесіп,
Күн ыстық, қанбай сусын, сағынып-ақ.
Түйе өркештен айырылып, аттар-жалдан,
Не пайда қалған үйде қанша малдан?
Шараба Тыһурадай көрінетін
Жан болса, бір жұтқызар сүт, саумалдан.
Қыл медет: әулиелер, ұстаз пірлер,
Зарығып, тарығарлық келді жерлер.
Келеді күнде бірі қылып қапа
Жолдас боп Сүйіндіктен шыққан ерлер.
Мәшһүрдің қасындағы ұмытты атын,
Зергер жоқ танитұғын зердің затын.
Шыққанда , бәрі де ермін деген жандар
Келеді ұзын та...қ, болып қатын.
Бір-Алтай, Қараөткелден ерді Аманқұл,
Кісі екен ақ пейілді, сірә, аман жол.
Алласы разы болсын әрқашан да,
Келеді бет қайтармай жалғыз-ақ сол.
Ат-арық, көңіл- жарық, жолымыз-шөл,
Сырт қарап қоңырайысты жолдастар төл.
Мәшһүрдің түсті есіне айдалада
Күндері болып өскен екі елге тел.
Әр істі тірілікте көрсін көзің,
Үйіңде отыра алмай шыққан өзің.
Түңіліп, мен жолдастан үздім күдер,
Иа, Құдай, жаратушы болыс өзің!
Білместік, көп кемшілік - бар ғой бізде,
Ауыздан, түзулік жоқ, шыққан сөзде.
Досқа-күлкі, дұшпанға таба қылып,
Құдай-ау, көз сүздірме жапан түзде!
Шатыр боп, қырық жамаулы баспана үйім,
Бұ жолда болып душар тозған киім.
Кемпір, шал екі аяқты, жолдас боп мал,
Айтты не, айтпады не,кетті күйім.
Хазіретке, бәрі де ұмыт, аман барсам,
Пірлерден денсаулықта фатиқа алсам!
Бұрынғы түсер едім мен қалпыма,
Айырылып мылқаулардан, сонда қалсам!
Жау болды бұл заманда ескі досың,
Құса боп бұл қайғыдан қанлар құстың!
Іс болды бұл сапар да, маған бір сын,
Құдай-ау, қолайсызды қайдан қостың?!
Жыртық тон, қырық жамаулы, ескі болды,
Бастадық төмен тартқан ішкі жолды.
Қой еті бір-бір ұшты көзімізден,
Бұл жолғы ырзық, несіп ешкі болды.
Душар боп жолымызға жоқ ел қойы,
Құрысын ешкі сойып, қылған тойы!
Темешті, Құлымбет пен кім көріпті,
Кең үйлі, кедей екен Нұра бойы.
Ешкіні Құлымбетте: Құлжан сойды,
Бейшара қайдан сойсын тауып қойды?!
Қойдан құны арзан деп қонағына
Байларға шайтан салған мұндай ойды.
Қарпықта: Құлымбеттің көрмен бетін,
Нұраның жағаламан енді шетін.
Құрысын елден бұрын ешкі хайуан,
Жегендей, қап-қара ғып, қасқыр етін.
Шөл, қоңыр жолыменен жүрдім қайдан?
Ат-тонын ала қашқан пейіл байдан.
Қанына жалғыз ешкі жазалымыз,
Отырған Ескенеде Аралбайдан.
Халықтан неден мұндай пейіл қашты?
Темеш пен Құлымбетте қарын ашты.
Зарығып жүдеп келе жатқан кезде,
Сайдалы-Жайылмада душарласты.
Сүлеймен Тұтқышұғлы екі қойды:
Бірін- түнде, біреуін күндіз сойды.
Кемпір-шал, жаман-жәутік қасымдағы
Кенеліп бейпіл асқа әбден тойды.
Ел болмас пейілге бай Сайдалыдай,
Тұр екен өзіне де беріп Құдай.
Мал шарқы аз, дастарқанға зор бай екен,
Төменгі Әлике мен Байдалыдай!
Тынығып бір-екі күн жаттық сонда,
Бір көрген сәулеміз боп осы жолда.
Бас салып бір тоқтыны сойды таңдап,
Баласы Жанбабаның Мәшік молда.
Атасу, Манақ сонда, Сарысу өттік,
Кім бар, кім жоқ үш суда, білмей кеттік.
Мұңлы, қулы, арқарлы Ақшидегі '
Әлиф жүк тамаға жаңа жеттік.
Арқарлы мен Қайнарда бар Мыңбұлақ,
Тамаға болып өттік аз күн қонақ.
Барсақ та қай ауылға бақыруда
Бірде арық, бірде семіз жазған лақ.
Наp жүгін, көтере алмас, айыр өркеш,
Мен жаздым көргенімді тіркес-тіркес.
Ақшиде Жақсылықтың ұлы Таймас,
Оңбаған жаздай от жеп, сойды, серкеш.
Бос жер жоқ, Сарыарқада ел қонбаған,
Құйғанмен, түпсіз ыдыс, бір толмаған.
"Кемпір ұлы-Көр ұлы"- деген бар-ды:
Жан екен оңбағанда, шын оңбаған!
Дөң асып неше күндер шықтық жалға,
Көп екен шоқынған жұрт хайуан малға.
Шабдардан шыққан күні келіп түстік,
Отырған Жиделіде Аташалға.
Тамаға кез келген соң құдай бастап,
Сөйледім бейпіл сөзді мен құлаштап.
Ыбырай, сұмырай, диуана- суаналар
Қарамай, озып кетті бізді тастап.
Тамадан бір төрт сабаз жолдас ерді,
Зарығып, тарыққанда, құдай берді.
Айдала-жазы жапан, бостан болды,
Сұрама онан соңғы жүрген жерді!
Өзіміздің иттердің көбі кетті,
Ит төлеуі кісіден түгел жетті.
Ер Танаштың баласы- Тама-Құлбек
Бірге жүріп он бес күн қызмет етті.
Арқаның ұмыт болды өзен-көлі,
Нұраның бойы тола құрысын елі!
Кез болып жақсы жолдас жапан түзде,
Жаннаттай жайлы болды Бетпақ шөлі.
Болған соң өзіңе сай жолдас ері,
Әр жерден қонақасы келді тірі.
Ешкі, лақты шұбыртып жолмен айдап,
Айт пен той, болды сауық, жүрген жері.
От-су жоқ, Бетпақ шөлі, мидай тақыр,
Елсізде ешкі сойып, астық бақыр.
Әр құдықтың басында бірін сойып,
Жейтін ауыз бар болса, дедік: "Шақыр!"
Самауырды қайнатып, бақыр асып,
Ойын, күлкі, сөзіміз қатты ұнасып. "
Сен же, мен же!"-тамаққа болдық дарқан,
Қазан алып жатақтан палау басып.
Жігіттер, жаманнан қаш, жаманнан қаш,
Жаманмен жолдас болсаң, ағарар шаш.
Он бес күн Тама жолдас болған соңғы
Дәуренім, бір жасаған, болды ғой жас!
Болғанда жолдас мұндай әуел баста,
Зарланбас едім, қалсам, тас қапаста.
Айырылдық жыласумен қош айтысып,
Асуы Қаратаудың Жамантаста.
Ырзамын келген мейман- он "бесіме",
Кездеспей қаңғып өттім теңдесіме.
Қоштасып төрт Тамадан айырылған күн,
Жалғыздық жамандығы түсті есіме.
Келгенді мен ойыма қашан бүктім?
Көзімнің арзан жасын бейпіл төктім.
"Шықтым,- деп,-елден кімді серік көріп?!
" Өзімді ел аулақта өзім сөктім.
Бірікпес, басын қосып, жез бенен мыс,
Жақсы-жаз, жаман адам - зымстан қыс.
Жолдас тап, жолдас тап та, жолға шыққын,
Таппасаң жолдас егер, көтіңді қыс!
Ер егіз, болса жалғыз, еңбек сегіз,
Сөйлесем, көрген жапам ұшан - теңіз!
Кісі деп ертіп елден шыққандарым,
Демесең, мүйізі жоқ, сиыр, өгіз.
Болдырдым арып текке тулай-тулай,
Жалғаннан өтесің ғой құлақ шулай!
Белгілеп, елден ертіп ап шыққаным,
Көрсоқыр су қараңғы, қуыс, қурай.
Мен тұрмын көріп олжа тоңбағанды,
Ұнатып жайсыз жерге қонбағанды.
Құдай-ау, әкеп қайдан қиыстырдың,
Әрқашан үйде- түзде оңбағанды?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сүлеймен мен Байғыз

  • 0
  • 0

Ескі сөз бұрынғыдан қалған екен,
Жаңа сөз қанша айтқанмен жалған екен.
Пайғамбар тақ Сүлеймен болған күнде
Бір сұлу тандап жұрттан алған екен.

Толық

Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі

  • 0
  • 0

Аман cay жатырмысың, Мәди батыр,
Тұтқын боп бұл түрмеде әркім жатыр...
Жуымас аққа пәле деген сөз бар,
Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр...

Толық

Ұқыпты әйел

  • 0
  • 0

Бір емес, екеу емес, көп айтыпты,
Әңгіме ететұғын деп айтыпты.
Дүниенің ең артығы жалғандағы-
Нәрсе[сі] үш-ақ түрлі деп айтыпты.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар