Не боп кеттi дүние? – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Не боп кеттi дүние?» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 812
Дүние алжасты.
Елдер мен елдер
Бiрiн бiрi
Тозақтың iшiне тығып
Қамап жатыр.
Бiрiн бiрi
Қанжоса қып
Талап жатыр.
Есiнен адасқан-сынды
Байыпты да!
Бiреуi
Алтын жалатқан бокалы үшiн,
Бiреуi
Белiне түскен сақалы үшiн
Айыпты ма?!
Не боп кеттi дүние?
Әлем
Тас-талқан боп
Бұзылып жатыр.
Жердi шаңдып тұрған
Ендiк пен бойлықтарым –
Дауылды күнгi
Керме мен белдеулердей! –
Үзiлiп жатыр.
Не боп кеттi дүние?
Бiрiн-бiрi
Топыраққа қанын қосып
Балшықтай илеп жатыр.
Сенiмдер жапырақтай солып,
Үмiттiң уықтары
Партылдап сынып
Күйреп жатыр.
Бойыңды тiктесең –
Даурығып жатқан
Аттанға түсердейсiң.
Аяғыңды бассаң –
Тоқпан жiлiгiңнен! –
Қақпанға түсердейсiң.
Қозғалсаң –
Құлап кеткелi тұрған
Қара жарға
Басылып қалардайсың.
Орныңда тұрсаң –
Дарға iлiнiп
Асылып қалардайсың.
Не боп кеттi дүние?
Адамдардың
Алайып кеткен
Үрейлi көздерi
Әлi де
Жол қарап тұр...
Жер – анамның
Көзiнен – жас,
Тұла бойынан қан
Сорғалап тұр.
Не боп кеттi дүние?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері