Өлең, жыр, ақындар

Кавказ тұтқыны

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6411
АРНАУ
Николай Николаевич Раевскийге

Сөзімді құп ал достым езу тартып,
Еркіндік музасынан шыңын шалқып;
Арнадым қуғын көрген толғау жырды,
Шабытты бос кезімді сый ғып тартып,
Кінәсіз, қуанышсыз мен өлгенде,
Жан-жақтан өсек гулеп жөнелгенде,
Дірілдеп түсі суық болат қанжар
Жүзінен опасыздық көрінгенде,
Ұйқысы махаббаттың үсте зіл боп,
Мерт қылып мені өлтіре кенелгенде,
Жанның жай тыныштығын сенен тауып, -
Сен мені, шындап сені сүйгем мен де,
Тәңірге дұға оқығам тыныштықта,
Үстімнен дауыл тұрып түнергенде:
Амалсыз айрылысар күн туғанда,
Жанымнан мұңды жырым шарқ ұрғанда,
Көңілімде көлеңкесі кетпей жүрген
Кавказдың қарт құздарын түсірді ойға.
Ауыл мен даланың зор патшасындай
Бес басты Бестау шыңы бұлт асырмай
Томсарып тұрған зеңгір тұлғасы оның
Көрінді менің жаңа Парнасымдай
Ұмытпан шақпақ тасты тау жақпарын,
Сарқырап құздан аққан бұлақтарын;
Қу дала, аңызақ қыр, бір кез мұнда
О, досым, есіңде ме сырласқан күн.
Олжа іздеп тіміскілеп тау қолтығын,
Жаужүрек тау ерінің жортуылын.
Ұмытпан сол меңіреу тыныштықтан
Қанатты жырға шабыт, ой тууын.
Осыдан табарсың сен бәлки күйді,
Еске алып жүрегіңе қымбат күнді;
Көңілде қайшыласқан құмарлықпен
Басыңнан өткен таныс қайғы-мұңды;
Я көрген өзіңе аян азабыммен
Жанымнан шыққан жұмбақ терең үнді.
Өмірге түрлі жолмен біздер келдік,
Тыныштық құшағында шақ гүлдендік,
Ер туған атамыздың қанды майдан
Ізімен біз де туып, өсіп-өндік.
Түнерген қара бұлттай жау оғының
Астында таймай ұлан кеттің өліп.
Отаның еркелетті туған ұл деп
Өзімнің қасиетті құрбаным деп;
Үміттің келер күнгі сәулесіндей,
Жарқ еткен есіл сабаз ұланым деп.
Ерте іштім қасірет уын, қуғын көріп,
Өсектің құрбаны боп жапа шегіп,
Қалмай-ақ қайда барсам қыр соңымнан
Өксітпек өмірімді сұм өшпендік.
Шыдадым, жүрегімді нық бекіттім,
Жалықпай жадыраған күнді күттім.
Бақытын жүрегіме достарымның
Медет қып, тәтті нәр aп жан жібіттім.
Бірінші бөлім
Алдында ауылының думандатып,
Черкестер отыр шалқып сөз қоздатып;
Кавказдың құзында өскен ұландары
Қырғын жол жорықтарын жаңғырта айтып.
Мақтасып қаз мойынды сұлу атын,
Тағы боп дарқан өскен рақатын,
Еске алып өткен күнін, ер жорығын;
Алдағыш уздендердің1 қиянатын,
Қытымыр қанжарының шапқыштығын,
Садақпен мүлт еткізбей атқыштығын,
Ұшырып күлін көкке көп ауылдың,
Қара көз қызын күң қып баққыштығын.
Ел тыныш, қызды әңгіме бұл ауылда,
Ай жүзді тұңғиық түн тұманында:
Сол кезде қойнау жақтан салтты черкес
Желдіртіп жетіп келді жұрт алдына
Бұғаулап бір жас тұтқын бөктергені,
Олжалап құз қойнынан әкелгені.
"Міне, орыс!" деп, жыртқыштан шыққанда
айқай,
Жүгірді жұрт топырлап, бөгелмеді.
Сұп-суық үнсіз, түссіз тұтқын жатты,
Быт-шыт қып, соққы тиген басқа қатты;
Сілейіп өлген жанның сүйегіндей
Қимылсыз қалды қатып жабырқаңқы.
Көре алмай дұшпанының тұтқын жүзін,
Жекірген есіте алмай ащы сөзін,
Үстінен өлім оның қағын қанат
Алады демін шаққа, мұздап сезім.
Қайрат жоқ шығатұғын тұтқын жастан,
Ауыр зіл жатты ұзақ үстін басқан.
Шаңқай түс тұрды аспанда күн толықсып,
Көгінен қуанышты нұрын шашқан.
Рухын өмірінің оятып күн,
Шығарды тұтқын жанның аузынан үн
Жылытып күннің ыстық нұр сәулесі
Денесін көтертті әлсіз бейшараның.
Қараса әлсіз көзбен айналасы
Асау құз, асу бермес тау қиясы,
Сол құзға еркін черкес қамал салған
Жағалай жауынгер ел - ер ұясы.
Сезді жас тұтқын боп зар шеккендігін.
Шошырлық дабыл түстей өткендігін,
Шалынып құлағына шынжыр даусы,
Аяққа кісен түсіп кілттенуін.
Біткенін істің - сұмдық шынжыр ашты,
Көз алдын күңгірттеніп түнек басты.
Кеше гөр! Қасиетті нұрлы еркіндік,
Ол бір құл, тұтқын болып жанталасты.
Тікенді үй артында жатыр, сезді,
Жан да жоқ, қарауылсыз жалғыз өзі;
Жұмыста черкес біткен даладағы
Тып-тыныш ауыл мүлгіп тұрған кезі.
Көлбеген көз ұшында жазық дала,
Көк майса гүлге оранған жасыл ала;
Бір жақтан қалғып орман ойға кетіп,
Телі өскен биік мұздың басын ала.
Сол құзды қудалаған жолы қандай,
Қайғылы орманға алыс жоғалғандай...
Көргенде соның бәрін жас тұтқынның
Жүрегі ауыр ойға оранғандай.
Ұзақ жол - Россия, туған елі,
Қандай шат жас өмірі думан еді!
Сол елде қуанышты тұңғыш біліп,
Жар сүйіп алғаш рет қунап еді.
Сол елде оның тұңғыш қайғысы да,
Арманы, тілегі мен алғысы да
Шат болып өткен күндер тізбегімен
Оралды осы сәтте ой ұшына,
Жақсы күн ескерткішін сақтар жері, -
Сорлының жүдеу тартқан жүрегі еді.
Көп көрді ол жалғанды да, адамды да
Бұраң жол - сұрғылт өмір болғанды да.
Жүрегі достың отан алдаушы боп
Құштарлы сүю - түс боп саналды да.
Жиреніш өткен күнін сағынғандай,
Сол үшін құрбандық боп шалынғандай.
Екіұшты, пәтуасыз екі сөзді
Өсекті жаратпаушы ед жағынғандай.
Досы оның жаратылыс, дүние дұшпан,
Жерінен туып-өскен айрылысқан;
Қуанып еркіндіктің таңын аңсап
Қиядан қиырға алыс құстай ұшқан.
Әлемнің ай астында өмір сүрген
Ол іздеп еркіндіктің нұрын сүйген.
Жүрегін құмарлыққа қабындырып,
Шерге де, қиялға да мұздай білген
Толғанып толқынды өлең тыңдағандай,
Жыр шаттық жанына жан жалғағандай.
Сенімді жалын атып сезімменен
Құшақтап жырдың тәжін қармағандай...
Болар іс болды үмітке сыйынғанда,
Еш нәрсе көре алмады ол бұл жиһанда,
Көздеген ең ақырғы арманы еді,
Болды енді о да тайып мына таңда.
Ол бір құл қара тасқа басын сүйеп,
Күткені қызыл шапақ құланиек
Құлазып батқан күнмен бірге сөнсем –
Екен деп көрден сая етті тілек.
Күн батып бара жатты тау астына,
Адамның тау жаңғыртып дауысына;
Даладан жұрт ауылға қайтып келед
Батқан күн шағылысып шалғысына.
Ауылға олар жетті, шам да жақты,
Даурыққан үн басылды шыққан қатты.
Бәрі де тұңғиық түн құшағында
Тынығып, тынышталып, дамыл тапты.
Жарқырап түн ішінде күміс бұлақ,
Күркіреп атып жатыр таудан құлап,
Жамылып қара бұлтты қаусыра ұстап
Кавказдың ұйқтап жатты құзы сұлап...
Әлдекім шағылысып ай нұрына,
Тып-тыныш тұңғиық түн қойынында,
Аятын ұрлап басып келе жатты
Дыбысқа тұтқын орыс тұрды ояна.
Қарады бір қараны көзі көріп,
Сүйткенше нақ алдына жетті келіп.
Тіл қатпай, жас қара көз черкес қызы
Әдеппен тұрды иіліп сәлем беріп.
Үндемей көз жіберді қызға қарай,
Сене алмай, түсім бе деп жаңылғандай:
Шаршаған денедегі сезімі ойнап
Сәл ғана ай нұрымен жаңарғандай
Қуана, езу тартып аяп күліп,
Жақындап келіп қана тізе бүгіп,
Ұсынды тұтқын жанға ерке сұлу
Ақырын баяу қолмен қымыз құйып.
Балауыз жас сұлудың лебін жұтып,
Мінезін, сөз лебізін көзбен ұтып,
Жүрегі жігіттің де аласұрып
Ыдысты қымыз құйған кетті ұмытып.
Шама жоқ бөтен тілді ол түсінуге,
Беті от боп, күйіп-жанып ісінуде...
Дірілдеп сұлу даусы: серпіл деп ед,
Дем болды тұтқын жанға күшеюге.
Зорға деп тұтқын жігіт әлін жинап,
Сұлудың әмірін қалт етпей, жайлап
Түрегеп, ішті даты шөлін басты,
Қымызын ерке жанның берген сыйлап,
Сүйеніп сонан кейін тау жартасын,
Көк тасқа ауыр тартқан қойып басын,
Сөніңкі жанарымен бала қыздың
Ентелеп қарай берді бар нұсқасын.
Отырды ұзақ уақыт қыз да тынып,
Тып-тыныш тұңғиық ойға шомып;
Тұтқынның жүрегінің жан жарасын
Үндемей отырса да жазбақ болып.
Еріксіз ашылғанда еріндері, -
Аузына сөзді әкеліп төндіреді,
Күрсініп, қайта-қайта жасқа толып
Сұлудың қара көзі мөлдіреді.
Жалт берген көлеңкедей күндер өтті,
Мал батып тауда тұтқын ерік күтті,
Ызалы қоңыр салқын күз қойнауы,
Шыжыған оны жаз да жасырды епті.
Мүйізі күміс айдың көкті жарып,
Томсарған тау астынан туса барып,
Баяғы черкес қызы тарлау жолмен
Тұтқынға келед қымыз, шарап алып.
Тұтқын жан көріп сұлу черкес қызын,
Әкелген жүзім суын, бал уызын,
Бірге ішіп, біраз уақыт өткізеді,
Ақ қардай ақ бидай мен cap қымызын.
Көресің отырғанда жан жанарын,
Белгісіз үнмен ұғып сөздің мәнін;
Тіл қатпай терең сырдан көздері ойнап
Шырқайды толықсытып таудың әнін.
Бақытты грузиннің әнін бұлбұл,
Шырқайды шыдай алмай жанып гүл-гүл
Айтарын құтырғандай ойындағы
Сездірет түсініксіз жат қызыл тіл
Қызға тән арнап тұңғыш сұлу жанын
Қыз сүйді, білді тәтті бақыт балын,
Бірақ та тұтқын орыс жастық шақтың
Ертерек жоғалтып ед бал құмарын.
Бере алмай жігіт жауап жүрегімен,
Құмарлы жас махаббат тілегімен
Күрмелді, әлде ұмытқан ғашықтықтың
Қорықты көрген түстей үрейінен.
Сөнбейді жастық бір күн солған гүлше,
Қызық шақ бізді тастап жөнелгенше
Біраз бар; күтпеген бір қуанышты
Бір емес, құшақтармыз әлденеше.
Әсерін қызық шақтың жоя алмайсың.
Бірінші ғашықтыққа тоя алмайсың;
Алайда жалындаған жастық құсы,
Қолға кеп қайта айналып қона алмайсың.
Үзгендей тұтқын үміт болып кетті,
Өмірге жабырқаңқы үйреніпті.
Еріксіз құсалықтан тұтанған от
Жасырын жан сырында орын тепті.
Тұнжырап ол кезген шақ тау қамалы,
Соққанда жібек қанат таң самалы,
Құздардың ортасында тұрып тұтқын
Шыңына кірпік қақпай бір қарады.
Ақша қар, қызғылт шұбар, көкше мұнар
Шалынды көз ұшында тау маңайы.
Бөленген көркем сурет кербез тауы,
Мәңгі құз, ақша қардың тастан тағы;
Зеңгірдің биік шыңы көзге ілінді, -
Тіркескен ақ бұлттардай жақпарлары.
Бір алып екі басты ортасында,
Жарқырап тәждей мұзы жартасында, -
Бұлт шаншып Эльбрустің шыңы тұрды
Ағарып аспан көктің алқасында.
Соғылса көк қамшысы шарт-шұрт етіп,
Күркіреп от найзағай жарқ-жұрқ етіп,
Тұтқын жан талай рет тау үстінде
Отырған қозғалмастан тастай бекіп!
Астында аяғының бұлттар жүзіп,
Даланы шексіз қиыр шарлап кезіп,
Тығылып жақпар тастың арасына
Жалт берген, пана іздеп аң шошып, безіп,
Қырандар құз жартастан теуіп ұшып,
Саңқылдап бұлттан асып, көкті құшып;
Кісінеген жылқы шуы, малдың даусы
Басылған күркірінен күннің шошып.
Кенеттен көк бұршақтап, жаңбыр құйып,
Ойнайды найзағайы бұлтты қиып,
Бұрқырап тасқын атып, толқын тасып
Тастарды не заманғы айдап қуып.
Жападан-жалғыз тұтқын тауда тұрып,
Көз салып атырапқа мойын бұрып, -
Артынан күркіреген көк бұлттың
Келуін тосты күннің қайта туып.
Күркірін найзағайдың көріп күшті,
Екпінсіз дауылдан да бір елесті
Көз көріп, жаны сезіп аласұрып
Әлдене қуанышты тұтқын құшты.
Алайда Европа жас адамын,
Ел салты қызықтырды осы араның.
Тұтқын жан таулықтардың арасында
Білді әбден өзіне жат халық заңын.
Әмірін сүйді олардың қарапайым,
Қонақ жай, қырқысуға және дайын.
Сайыскер, қимылы еркін, әрі шапшаң
Олардың күшке толы алақанын.
Көз алмай сағат сайын дүркін-дүркін,
Қарады черкестердің сымбат-көркін:
Толқынды, таулы, тасты кең далада
Бұрқасын, қара бұйра киіп бөркін,
Шіреніп үзеңгіге, жалдан құшып,
Жүйріктің пәрменімен құстай ұшып,
Үйренген соғысқа ерте сол ерлердің
Ұнатты, ғажап сұлу реңдерін,
Жортуыл жорыққа арнап киім киіп
Бес қару белге асынып жүргендерін.
Тағынып оқшантайын сауыт киген,
Қыл арқан, қобан садақ, қанжар ілген,
Наркескен алмас қылыш мәңгі досы
Еңбегі бос уақытта осы білген.
Басқа зат қызықтырмайд, еш нәрсе үшін,
Мейлі атты, мейлі олар жаяу жүрсін, -
Баяғы бір қалпында қайда көрсең,
Бас имес, жеңу бермес ерлік мүсін.
Шошытқан бейқам казакты оның даңқы,
Тек барлық байлығы оның - жүйрік аты,
Телі өскен асыр салып тау жылқысы –
Олардың жан жолдасы - ер қанаты.
Айлакер қарақшысы жолда тұрып,
Меңіреу сай-салада бағып жүріп,
Бейсауат жолаушы өтсе ұмтылады,
Қиядан қырандайын кенет көріп.
Көзді ашып-жұмғанша-ақ соғыс бастап,
Шартта-шұрт қиқу салып араласпақ
Соғысып таудың сайлы жылғасында, -
Сүйрете жөнеледі арқан тастап.
Аста аты аласұрып жұлқынады,
Арындап алға қарай ұмтылады;
Жолында жатсын батпақ ор да, сор да,
Атылып таудан, тастан құтылады.
Қанды ізі шапқан сайын жосылады,
Жаңғырып шабысқа тау қосылады;
Гүрілдеп көбік шашқан тасқын суға
Шалп етіп жоғалады, түсіп әрі;
Жолаушы лақтырылған суға тәні,
Жатады жұтып лай толқындарын,
Өлдім, тез өлсем екен, деп көреді
Өлімнің көз алдында тақалғанын...
Иесін суға жүзіп алып қашқан,
Қуатты ат толқындармен арпалысқан
Шығарады садақша ойнап кемеріне,
Өзеннің ақ бураша көбік шашқан!
Я, қармап күміс көбік су еркесі,
Өзенге айбат шегіп сұрғылт кеші,
Жөргектей жоталардың жонын жауып –
Түнерсе айсыз түннің көлеңкесі, -
Ер черкес қалқан, телпек сауыттарын,
Оқшантай, сұр жебелі садақтарын
Ағаштың мың жасаған бұтағына
Қояды іліп, сүйеп жарақтарын
Сонан соң ағыны асау толқын суға,
Кетеді сүңгіп, жүзіп ұсап қуға;
Үн-түнсіз тұңғиықта малтыса да
Кірмейді шаршап, талып қажу ойға.
Тыныш түн өзен тасып арнасына
Күркіреп, алып ұшад оны асыға,
Оңаша құлазыған сол арада
Өзеннің өрлей біткен жағасында,
Басында биік қорған казак тұрад
Сүйеніп қолындағы найзасына.
Ағысын түнгі өзеннің көзбен сүзіп,
Қараса су бетінде қалқып жүзіп
Қараңдайд дұшпанының қарулары, -
Өмірден жан тапсырып кеткен безіп...
Толғанып казак нені ойланасың?
Түн қатып өткен жорықты ойға аласың?
Ажалдың даласында жалбарынып,
Елдегі еске алдың ба ер дұғасын.
Кеше гөр! Дарқан өскен өз мекені,
Ен жайлау, ата қоныс, Дон өзені.
Оқ жауған, қанды майдан, қамал алған,
Сұлу қыз сылаңдаған жан өзегі!
Өзеннің жағасынан андып қарап,
Сұм дұшпан сұр жебеден тартса садақ
Оқ тиіп казак мұрттай ұшып түсіп
Құлайды қу қорғанды қанға бояп...
Черкестер үй ішімен отырғанда,
Өзінің ата қоныс қоғанында
Жайланған жайбарақат күндерінде
Тұратын қоздап жанып от алдында, -
Ат соққан алыс жолдан шаршап, арып,
Жолаушы келе жатқан кешке қалып, -
Сондай бір үйге кіріп келіп қана,
Отыратын от алдына жайлап барып.
Орнынан үй қожасы сонда тұрып,
Сәлеммен жылы шырай құрмет қылып,
Қонағы жайғасқан соң бергізуші ед
Чыйхардай2 тәтті жүзім суын құйып.
Дымқылдау түтін шалған лашық үйде,
Жолаушы тәтті ұйқыға еніп түнде,
Оянып таң атқан соң қош айтысып,
Жорытып жөнелуші ед өз жөніне.
Болғанда талай мейрам той күндері,
Желкілдеп жиналысып жігіттері,
Туғызып бір ойыннан бір ойынды
Жарасқан садақ атқан көріктері.
Садақпен - құс қанатты, ұландары,
Бұлтта ұшқан құстың байлап қырандарын.
Асықпай сап-сабымен биік жардан
Көргенде жан шошырлық құлауларын
Шығарып аспан-көкке жердің шаңын
Топталып атты, жаяу шабуларын.
Ерлікпен туған жанның майдан үшін,
Пыстырып біркелкі өмір кетед ішін;
Сондықтан, айт-тойдағы ойынында,
Сайысад шыннан бетер салып күшін.
Жай тойды қызық жасап ду қылады,
Қит етсе қылыш жарқ-жұрқ суырылады.
Жас балалар би билеп қуанысып, -
Қыршынынан құлдың басы қиылады.
Қан төккен ермек үшін қайсар елді
Күнбе-күн көз алдында орыс көрді;
Басында ойын салтын сүйсе дағы
Соңынан өлімді ойлап жаны күйді...
Шыққанда ел жекпе-жекке түсі суып,
Бір жанын көк қорғасын оққа ұсынып,
Кешікпей өмірінің сөнетінін
Еріксіз жүрген тұтқын тұрды біліп...
Кім білед, оның не ой ойлағанын,
Өткен бір қызық күнін ойға алғанын,
Думандап достарының ортасында
Еске алған шығар, бәлкім, тойлағанын..
Кім білед өткен күнге өкінді ме?
Үзілген үмітінен секілді ме?
Бірге өсіп, біте қайнап я болмаса,
Долы елдің түрін түйіп жетілді ме?
Жабайы надан жұрттың әдет-ғұрпын
Айнаға түсіргендей секілді ме?
Әйтеуір, үнсіз терең ойға батты,
Соғысын жүрегінің баяулатты;
Әйтсе де, оның айқын маңдайынан
Өзгерген байқамайсыз ешбір затты.
Бейхабар батылдығына оның оңды, -
Айбатты черкес біткен аң-таң қалды.
Жалынды жас өмірін аяп оның,
Өзара күбірлесіп айтып алды;
Сонан соң судай тасып, масайрасып
Өзді-өзі олжасына масаттанды.
Екінші бөлім
Сен білдің таудың қызы соның бәрін,
Жүректің шаттануын, өмір балын;
Күнәсіз, от ойнаған көзқарасың,
Айтып тұр, қуанышты сүю мәнін.
Тұңғиық түн ішінде сені досың,
Тіл қатпай аймалаған, өзің сосын,
Нұрына рақаттың балқып, - тілеп,
Ұмыттың жер әлемін толқып тосын.
Деп едің сонда тұрып: "Сәулем тұтқын,
Көңіл аш, қайғысын жой қапалықтың,
Керіліп көкірегіме басың қойып, -
Ерікті, туып-өскен жерді ұмытқын.
Кең дала құшағына кел сүңгиік!
Жанымның падишасы - сенсің биік.
Сүй мені, қыз болғалы өмірімде
Көрген жоқ нәркес көзден ешкім сүйіп.
Черкестің солқылдаған бозбаласы,
Қиылған нәркес көзді, қара қасы, -
Жаныма көрпемді ашып енген емес,
Түн қатып бола жүріп түн баласы.
Тіс жарып жауап қатпас берік қыз боп
Даңқы асқан мен сұлудың бір дарасы.
Боларын бір сұмдықтың мен аңғарам,
Қатаңдау әкем менен туған ағам, -
Сүймейтін адамына сатқалы тұр
Жат елге алтынменен қойып батам.
Сатпа деп әке, атама жалынамын,
Болмаса, у ішем, я жарыламын...
Жан шөлін басқандай күш сатан тартты,
Тұтқын жан сүйем сені, сен арманым..."
Тұтқын тіл қатпады тым аяса да,
Сұлуға күйіп-жанған қараса да, -
Тұңғиық ауыр ойға тұрды батып
Ғашықтық сөзін тыңдап құп алса да.
Ұмытты ол өзін-өзі: ойлар түсіп,
Толқыны өткен күннің кернеп қысып,
Тіпті оның бір уақытта шыдай алмай,
Көзінен бұршақтап жас кетті ыршып.
Құйылған қорғасындай болып қатты,
Жүректе махаббаттың дерті жатты.
Ақыры алдындағы жас сұлуға:
Зар шеккен көңілінен шерді ағытты:
"Ұмыт мені, тұрмаймын мен сүюіңе,
Мен үшін от боп шалқып күюіңе
Өткізбе баға жетпес күніңді алтын
Басқа бір теңіңді тап жүруіңе.
Мен үшін сонан бал сор махаббаттан,
Мұң шалып менің жаным салқын тартқан,
Ондай жар алдамайды, бағалайды
Айдындай ай нұрыңды шалқып жатқан.
Сәбидей ерке тоты от боп жанған,
Сүйеді ол сөздеріңді жалынданған.
Үмітсіз, я тілексіз гүлдей солып
Құмарлық құрбандығы мен шалынған
Көремісің, бақытсыз ғашықтықтан, -
Жанымнан менің сұмдық дауыл соққан.
Көремісің, сен ізді, босат мені;
Жанымды ая менің мұңға батқан!
Бақытсыз сұлу досым, ару жаным,
Көзіме неғып бұрын шалынбадың.
Үміттің жұлдызына ол күндерде
Зор сеніп, арманыма ағындадым.
Кеш қалдың:
Бақыт жолында өлген жанмын,
Өшті үміт елесіндей ұшты жанның;
Қол үзді сенің досың тәтті өмірден
Тас болған сезімі үшін ыстық қанның...
Өлі ерін қатып қалған суық ызғар
Тірінің бал сүйісін қалай құндар?!
Мөлдіреп жасқа толып тұрған көзді,
Жымиып қабылдаудан не қиын бар?
Қызғаныш арқалаған азап сыйын,
Селт етпей сезімсіз бой соқса құйын.
Жатқан жан ұйып ғашық құшағында
Өзгені тағы да ойлау қандай қиын!
Соншалық әрі ақырын, әрі әдеппен,
Жан күшін жұтқанда сен еркелеткен,
Сен үшін тыныштықта көз жас алып,
Сүюдің шапшаң соғып сағаты өткен.
Сол кезде абдыраңқы, көңілің өспей,
Сипатың мұңайыңқы боп елестей, -
Пішінің сенің мәңгі сүп-сүйкімді
Көрінді көз алдыма көрген түстей.
Шақырып сол елеске ұмтыламын,
Үндемей, көрмей, білмей жұлқынамын,
Өзімді ұмытып, саған берілгендей
Құшақтап сыр жұмбағын құлшынамын.
Сол үшін жапан түзде жасым төгем,
Өзіммен қайда барсам соны көрем: -
Әкелед жабырқаңқы ол бір мұңды
Жанымның сезіміне менің терең.
Салынған қол-аяқта темірімді
Оңаша таста арманда өмірімді,
Ойымды, мұңымды да, көз жасымды
Қамыққан баса алмайсың көңілімді.
Жүректің бас ұрғанын сездің бе, көр,
Кеш мені, қоштасалық қолыңды бер.
Әйелдің махаббатын тым ұзаққа
Мұңайтпас салқын тартып айрылысар жер,
Құмарлық өтіп, қайта құса болып
Біреуді ерке сұлу таты сүйер".
Жас сұлу ашып аузын, сыңсып, даусын
Шығармай жылап отыр көзден жасып
Күңгірттеу, үнсіз тұйық көзқарасы
Сездірген өкпелі-наз ишарасын
Қолында жігіттің қыз талпынады,
Көгеріп көлеңкедей қалтырады;
Суынып қыздың қолы, сөзі мұңды
Құсасы құмарлықтың айтылады:
"Ойпырмай! Сенің орыс тілегіңді,
Біле алмай, қыз неліктен жүрегіңді
Беріліп мәңгі саған, баурында аз күн,
Тыныстап өзін ұмытып жүре білді.
Аз ғана қуанышты бір түндерді
Еншің деп қызға тағдыр жіберген-ді.
Қалайша қуанышым мәңгі сөнді?
Айналып қонар ма екен қолға енді?..
Қолыңнан алдау тұтқын келетін ед
Өмірден көргені аз жас жанымды.
Жалғыз-ақ ең болмаса, ая біліп,
Тіл қатпай ерке наз бен ойнап күліп,
Бөлеген болар едім рахатқа
Бағынып әдеппенен басымды иіп.
Бір минут көзі ұйқыға ілінгенін, -
Мұңды дос тыныштыққа бөленгенін
Тілеуші ем, құп көрмедің амалым не
Кім еді ол, қай сұлу ед сүйгендегің?!
Орыс қой! Сүйдің той сен, әм сүйікті?
Азабың шеккен енді түсінікті...
Ғафу ет! Сен де менің өксігімді
Мен тартқан күлкі қылма қасіретті":
Деді, үнін тоқтатты, жас тамып кетті,
Кеудесін кернеп құса алып кетті.
Аузынан сөз сөйленбей көбік атып;
Еш нәрсе сезбей естен танып кетті.
Құшақтап құр тізесін тұтқын жанның,
Дем алып, шаққа сұлу талып кетті.
Бақытсыз сұлу қызға тұтқын жігіт,
Ақырын басын сүйеп айтты үгіт:
"Жылама! - менің дағы жүрегімде
Зар толы, келген жанмын тағдыр қуып.
Өзімді сүйген жанды сүю деген
Менде жоқ, жалғыз сүйіп, жалғыз күйгем
Мен қалған жапан дүзде жалғыз жалын,
Шоғымнан күлге айналып өзім сөнем.
Өлермін судың алыс жиегінде,
Көр болар осы дала өлгенімде.
Тот басып осы жерде бірге шірір,
Зілдей боп темір кісен сүйегімде..."
Сәулесін нұрлы түннің түнек басты,
Алыста көк пен қарлы тау таласты...
Қадалып қарасысып, бас иісіп, -
Тіл қатпай ғашық жарлар ажырасты.
Зарланып сонан бері тұтқын жүрді,
Тентіреп жалғыз өзі ел қыдырды;
Нұр сеуіп дөң үстіне алтын шапақ
Күн батып, күн артынан күндер туды.
Қараңғы түн артынан түн айналып
Ол, - босқа еркіндікті аңсап тұрды.
Кейде, атан арасында киік ойнап,
Ымыртта секірсе де яки сайғақ;
Жасырынып әлде казак жатыр ма деп
Шынжырын шылдыратад жұлқып жайлап.
Казактар түн жортатын ауыл талап,
Құтқарып құлды ер жүрек, елді тонап:
Дауыстайд... еш дыбыс жоқ айналада
Гүрілдеп жатыр жалғыз толқын тулап.
Сезгендей адам иісін қараңғыда
Жорытқан түн жамыла тек аң зулап.
Есітті бір уақытта тұтқын орыс,
Тау жақтан жауынгерлік шықты дауыс,
"Жылқыға, жылқыға!" деп аттан салған,
Жүгеннен шылдыраған шықты дыбыс.
Қараңдап үсте бурка сауыт жайнап,
Қаршылдап ауыздығын аттар шайнап,
Тұрды әзір шабуылға барлық ауыл
Соғыспен өскен ұрпақ біте қайнап.
Өзендей шыңнан шыға ақтарылып
Кубаньның бойын өрлеп аттанды жұрт,
Қайтуға әлдекімді олжа қылып.
Мұнартып тыныштыққа ауыл батты;
Шуақта сақ төбеттер ұйқтап жатты.
Жалаңаш, қараторы жас балалар
Еркіндеп, мәз-мейрам боп шулап бақты,
Отырып бабалары шылым тартып,
Түтінін трубкадан бұрқыратты.
Сызылтып жас қыздары ән салғанда
Білетін ескі сазын тыңдап жатты;
Қандырып құлағының құрыштарын
Жүрегін кәрілердің ән жасартты.

ЧЕРКЕС ӘНІ
1
Гүрілдеп өзен жатты толқын атып
Үн-түнсіз түн ішінде тау мұнартып,
Сүйеніп қолындағы найзасына, -
Казак тұр ұйқылы-ояу қалғып қалып.
Ұйықтама, түнде казак сақ болып тұр,
Өзеннің ар жағында чечендер жүр.
2
Казак жүр қайықпенен суда жүзіп,
Өзеннің түбін салған ауы сүзіп.
Кетерсің казак батып өзенге сен
Сәбидей суға батқан ойнап жүріп.
Шомылып ыстық күнде суда мөлдір,
Өзеннің ар жағында чечендер жүр.
3
Қасиетті су жиегін мекендесіп,
Шалқыған қыстақтары байлығы өсіп;.
Ән мен би сол ауылда, сендерде бар
Орыстың әншілері жүгірісіп.
Сұлулар, үйге шапшаң қайтып үлгір,
Өзеннің ар жағында чечендер жүр.
...Шырқасып осылайша қыздар тынды
Жағада қашуды орыс арман қылды,
Бірақ та тұтқын жанның кісені ауыр,
Тұңғиық өзен жатыр қатты атынды...
Ұйқыға кетіп дала балбырады,
Жартастар мұңға шомып маужырады,
Ауылдың лашығына шатылысып,
Семіңкі ай сәулесі қалтырады;
Қалғыды жардың биік қарағайы,
Сап болды қыранның да жырлағаны.
Дүбірі жүрген жылқы алыстағы
Сәл ғана жаңғырығын тауда қалды.
Сол кезде бір дыбысты құлақ шалды,
Бүркенген қыз пішіні қараңдады,
Қайғыдан жүзі солған, жабырқаңқы
Тұтқынға жақындады, келіп қалды.
Аңсаған әдемі аузы сөзді сонша,
Құса боп, көзіне жас толған жанша,
Иығын кеудесі мен бұрым жауып
Толқып тұр қара шашы толқындарша.
Бір қолда жарқылдаған алмас ара,
Екінші қолға болат қанжар ала, -
Келатқан құстай ұшып сұлу түрі –
Шыққандай қыз құпия қан майданға.
Тұтқынға қарап тұрған қадап көзді,
"Қаш!" - деді, жетіп келіп таудың қызы.
Жолыңда черкестен жан кездеспейді,
Қашудың түнді өткізбей келді кезі,
Қолыңа қанжарды ал да жөнеліп бақ,
Түн іші, адам көрмейд басқан ізді".
Қолына дірілдеген араны алып,
Кісенге аяқтағы салды апарып;
Қиылып ара астында темір быж-быж,
Кесілді болат шынжыр шылдыр қағып.
Шарт етіп болат кісен қиылғанда,
Көзінен қыздың жастар кетті тамып. –
Босандың, қош енді, - деп сұлу тұрып,
Бірақ та, ес жоқ, түс жоқ әлі құрып,
Жүзінде махаббаттың жалыны ойнап,
Қиналды бір жағынан жел де ұлып.
Суылдап, қыз желегін желпіді үріп.
"Жан досым! - деді орыс: - сен шын мендік.
Мәңгілік, өлгенімше мен де сендік.
Жексұрын елді тастап екеуміз де
Қашайық" (не көрсек те бірге көрдік)
"Жоқ, жаным! Болмас орыс мұның жөні,
Өмірдің тәтті нәрі тайып болды.
Мен білгем барлық істі, қуанышты,
Күллісі бастан өтті, із жоғалды.
Мүмкін бе? Басқаны сен сүйгенсің де,
Соны тап, соған ләззат бер несібе.
Мен не үшін қапаланам, қайты шегем.
Осынша қасірет шектім мен несіне?..
Кеше гөр! Махаббаттың дұғагөйі,
Шығарман сағат сайын естен сені;
Кеш, жаным! Шеккен менің қайғымды ұмыт,
Қолың бер... Ең соңғы рет әкел бері".
Сұлуға соңғы секунд қолын созды,
Жүрегі құстай ұшып, құшты қызды.
Тым ұзақ айрыларда сүйіскені
Қосылған махаббаттан белгі сызды,
Кеуде мұң, қос жас қыршын қол ұстасып,
Өзеннің жағасына түсті басып,
Жөнелді ерікті орыс жүзіп суға,
Күмістей толқындардан көбік шашып.
Жетті әне ар жақтағы жартастарға,
Жармасты биік жарға құшақ ашып...
Бір кезде меңіреу толқын гүрілдеді,
Алыста әлдеқайдан бір үн келді...
Шығып ол долы өзеннің жағасына
Артына қарады, еш зат... білінбеді.
Жиегі мөлдір өзен айқындалып,
Көпіріп күміс көбік күлімдеді.
Бірақ жоқ жап-жас сұлу черкес қызы
Тауда да, жағада да көрінбеді...
Бәрі өлік... ұйқылы-ояу жағадағы
Ақырын жел соғып тек дем алады.
Дірілдеп ай сәулесін толқын сүйіп
Үйіріліп су жылымы жоталады...
Түсінді, бәрі де аян, ойға қалды
Қоштасып ең соңғы рет шолды маңды.
Құр ауыл, қора, дала ол мал баққан
Таныс жер көзге келіп тұра қалды.
Жан қинап кісен сүйреп талай жүрген
Адырлар, тас қойнаулар жырақ қалды
Ер черкес тауда жүрген әнін естіп,
Соңғы рет көрді таныс бұлақтарды.
Қырға таң шапақ шашып құланиек,
Түрілді таң нұрымен түнгі түнек.
Шашырап күн шыққанда жалғыз аяқ
Жолменен тұтқын жүріп кетті жөнеп.
Тұманнан мұнарланған алыстағы
Орыстың найзалары шатысты әні!
Қорғаннан анда-санда тұрды естіліп,
Күзетші казактардың дауыстары.

ЭПИЛОГ
Сонымен, қиял досы нәзік муза
Қалықтап ұшты беттеп Азияға;
Кавказдың даласынан жабайы өскен
Гүлдерді үзді өзіне тәжді - сыйға.
Айбынды ел жау жорықта жайнап туған,
Музаны сымбатымен қызықтырған;
Жасанып сол киіммен әлденеше
Сиқырлы қыз періште келген маған.
Жағалап есіз жатқан ауылдарды,
Жартасты, кетуші еді кезіп тауды.
Тұңғиық тауда тұрып тыңдаушы еді
Қыздардың жетім қалған үнін зарлы.
Ол сүйді ер ауылды қайтпас жаудан,
Ер жүрек казактарды дабыл ұрған;
Қорғанды, моладағы шырақшыны,
Жылқыны кісінескен азан-қазан.
Құдайы әдемі ән мен күйлі сөздің,
Еске алса толып жатыр көрген кезін,
Қайтадан, бәлкім, өзі сөйлер әлде,
Тараған шежіресін ер Казказдың.
Сөйлер жар алыстағы жайын елдің,
Жекпе-жек Метислав3 шыққан ердің,
Алданып қырылғанын Ресейдің
Өшпенді қыздарынан грузиннің.
Жырлаймын сол бір кезді даңқтанған,
Бұрқанған иісін сезіп қанды майдан,
Өшігіп Кавказға зор аттан салып
Самғауын екі басты біздің қыран.
Жатқанда бурыл көбік атып Терек,
Жаңғыртқан бірінші рет оқ күркіреп;
Орыстар барабанын гүрс-гүрс қатып,
Ашулы айбатынан жер тітіреп,
Құрсанып жауар бұлттай жеткен еді
Шүйіліп Цицианов өршіңкіреп.
Кавказдың Котляревский - наркескені!
Қайтпас ер мен толғайын жырлап сені;
Атылдың найзағайдай, басқан ізің
Жұқпалы қара аурудай түспес емі.
Жайпадың, қырып жұртты ұрпағымен
Тастадың бүгін кекті селебені.
Қан төккен соғыс сені қуантпайды,
Тыныштық аңсап, сүймей мерез жерді.
Тыныштық дәмін татсаң бойың балқыр,
Саған үй тыныштығы балдай татыр,
Күншығыс тебіреніп күңіренді ақыр.
Басыңды и, қарлы Кавказ бітім жаса,
Ермолов дабыл ұрып келе жатыр!
Соғыстың ащы даусы жарды жерді,
Орысқа көк қарулы бәрі көнді,
Кавказдың менменсінген ер ұлдары
Соғыста, жан шошырлық қырылды, өлді.
Қорғамады сізді, аққан қандарыңыз.
Көк найзаңыз, я зеңгір тауларыңыз;
Жерді тарпып жұлқынған я тұлпарлар
Еркіндікті сүйетін жандарыңыз!
Батырдың нәсіліндей Кавказ бір күн
Істер де опасыздық құртар тегін,
Ашынған қан майданның даусын ұмытып,
Жауынгер тастар садақ, жебелерін.
Ұя қып өскен шың-құт жеріңізден,
Қорықпай жолаушы өтер еліңізден;
Күңгірттеу шежірелер аңыз етер
Дарға асқан тұзақ салып кезіңізден.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сығандар

  • 0
  • 0

Сығандар көші шұбырған
Бессараб жерін шарлауда,
Шатырға түнеп бұрыннан
бабалар салтын жалғауда.

Толық

Полтава

  • 0
  • 0

Бұл саған - бірақ муза мұңды зарын
Сен, сірә, құлағыңа ілермісің?
Ашылып осындайда ұяң жаның,
Тілегін жүрегімнің білермісің?

Толық

Евгений Онегин

  • 0
  • 0

Тәкаппар көпті таңдатпақ,
Бәсім жоқ, достық талғамым,
Бір саған лайық ардақтап,
Кепілдік келді арнағым.

Толық

Қарап көріңіз