Өлең, жыр, ақындар

Сығандар

  • 25.01.2018
  • 0
  • 0
  • 6497
Сығандар көші шұбырған
Бессараб жерін шарлауда,
Шатырға түнеп бұрыннан
бабалар салтын жалғауда.
Ұйықтайды еркін жағада
жұлдызды көкті жамылып.
Еркіндік осы далада, ойлама
"бұл, - деп, - тағылық".
Ортада лаулап от жанып,
жас еттің иісі жаңа асқан.
Кәрі-жас - бәрі топталып,
Әңгіме-дүкен жарасқан.
Бас қойып көкке жылқың да,
шалғынға ұрты майланып.
Бір аю шатыр сыртында
мүлгиді жаны жайланып.
Көшпелі өмірдің заңдарын
білмесе, ұғар кім мұны.
Кілем жабылған арбаның
маңында барлық тірлігі.
Айқайы бала-шағаның,
әйелдер салған мұңды әуен.
Ішпестен таңғы тағамын,
көшеді сосын жылғамен.
Елегізеді иттер бос үріп,
ұйқыға кеткен ел бәрі.
Жылқы мен итке қосылып
көз ілмей қойды жел-кәрі.
Күліне көміп жалынын,
от өшкен. Жым-жырт айнала.
Сығанның түнгі таборын
күзетіп тұрды Ай ғана;
Қарияға түнде жоқ ермек,
Айтпайды тан, да жақында.
Біреуді күтіп елеңдеп
шал отыр жалғыз шатырда.
Земфира - оның жалғызы,
мінезі ерке, бұлаң-ды.
Жарқылдап сұлу паң жүзі,
Бой жетіп өсіп сыланды.
Күн бойы үйде жүрді де,
кешкісін кеткен қыдырып.
Әлі жоқ. Ауды түн, міне,
көз жұмды Ай да тығылып.
Ішпестен кешкі асын да,
күтумен отыр шал әлі.
Земфира келді, қасында
жас жігіт жанған жанары. –
Жүр екен қорған маңында
Заңынан қашып түрменің,
"Қонақ бол, бізге жүр" дедім,
Алеко, міне, жанымда.
Ұрыспа, әке, жекіме –
қууға оны жоқ шамам.
Менімен жердің шетіне
баруға әзір - дос маған
Шал
Қуаныштымын, қарағым,
түнеп шық біздің шатырда.
Үйреніп кетсең, жарадың,
біздің жай осы, мақұл ма?
Жоқшылық, бейнет, жол мәңгі –
сығанның тұрмыс-тірлігі.
Құл болуға ол қорланды,
арманы - азат күн нұры.
Сен де үйрен біздің тағамға,
темір құй, ән сал, амалда.
Ертемен жолға шығамыз,
арбамыз ортақ саған да.
Алеко
Қаламын.
Земфира
Мендік ол енді.
Қуады оны кім менен?
Зіл басып барады денемді,
Ұйықтайық, ауды түн деген...
Шақырып таңда жол тағы,
сығандар жатыр сайланып.
Күншығыс нұрға оранды,
шатырды шал жүр айналып.
"Земфира қарғам, таң атты,
Ұйқыңды аш сен де, қонағым.
Жинаңдар төсек-шарапты,
Бастаймыз енді жол әнін".
Жайнады дала жел тынып,
Жердегі таңғы шық қандай!
Таборлар кетті жөңкіліп
Үдере көшкен бұлттардай.
Жалаңаш-жалпы күн кешкен,
балалар өрім жастағы
есекке бәрі міңгескен,
соңында жаяу жас-кәрі.
У да шу дала төрінде,
шиқылдап көнбіс арбалар...
Жабайы мынау өмірге
көргенде адам таң қалар.
Әшекей сыңғыр жарқылдап,
әйелдер қандай - от жанар!
Денелерінде қан тулап,
Күш жоқтай оны ноқталар!
Құбылған болмыс - сән бұған,
сиқырлы бейне - бір елес.
Мамық төсекте қалғыған
біздің сезімдер түк емес.
Елестете алмай күнді алғы,
көрінбей түк те көзіне
бозбала неге мұңданды –
түсінбей отыр өзі де.
Шынында ол бүгін бабында –
әлемнің азат тұрғыны.
Земфира сұлу жанында,
төгілген мынау Күн нұры.
Жанында бірақ жоқ тыным,
жүрегі тулап толқиды.
Жамалын неге өпті мұң,
Шаршатты ма екен жол қилы?
Бір құс бар ойсыз, ұғымсыз –
бұтаға түнер кештерде.
Тірнектеп жиып тынымсыз,
ұя салмайды еш жерге.
Таң атса, әнге басады,
шаруасы жоқ басқа оның.
Жаз өтсе, тұра қашады,
жылы өлке - оған жақсы орын.
Көгілдір теңіз - бір үміт,
бауырын басып бөктерге,
түстікте қыста қыдырып,
Оралады қайта көктемде.
Сол құстай жаны бойкүйез
елінен қашқан сол жігіт.
Қалмады салғырт өр мінез,
жана алмай сөнді сорлы үміт.
Үйрене де алмай ештеңе,
еш нәрсені де ұға алмай.
Тірлігі күндіз, кеште де
бұлыңғыр бұлдыр мұнардай.
Астында жаурап жаңбырдың,
Қоршады жалын жан-жағын.
Қатал да соқыр тағдырдың
мойындамады ол заңдарын.
Құмарлық қысқан бойына
сыймайды қаны бұрқанған.
Түседі кейде ойына
салтанат тұрмыс, күлкі, арман.
Менмен де албырт күштерін
Кеудесінде әзер іркіді.
Теңіз мінезді іштегі үн
Ақтарылады-ау бір күні.
Земфира
Өкінбейсің бе шын, жаным,
жүрегің мүмкін жаралы?
Алеко
Өкінем неге?
Земфира
Думанын
тастағаныңа, қаланы.
Алеко
Еркіндік жолын таңдады,
жүрегім талай мұң жұтты.
Тұншыққан қалалардағы
білсең ғой құлдық тірлікті.
Адамдар онда, қарағым,
жұтпайды таңның самалын.
Сезбейді тұмау тұмсықтар
жұпардай иісін даланың.
Махаббат, достық сезімдер
оларға мүлде жат бәрі.
Шындықты айтар кезінде,
жек көріп тұрып мақтады.
Күн кешу солай - тағылық,
арыңнан аттап, жағынып.
Суретке шұлғып табынып
Ақша сұрайды жалынып.
Сатқындық, өсек қаулаған,
қайырылмас құлап жатса кім.
Өтірік күлкі, жалған ән...
өкінбей бәрін тастадым.
Земфира
Салтанат, думан - бір арман,
көркем той онда бәрі де:
ару қыздардың сыланған
қызықпайсың ба әніне?
Алеко
Махаббат жоқта, жарқыным,
өмірдің түндей таңы да.
Сенімен өткен әр күнім
ләззат құйды жаныма.
Асыл тас, әсем киімсіз
туғансың менің бағыма.
Жалғыз-ақ тілек мендегі –
өзгермей сүйгін сен мені.
Бақытты жанмын жердегі
тұтқын боп саған ергелі!
Шал
Байлықта туып, өскенмен,
біздерді сүйіп, ұнаттың.
Бейнетті тірлік кешкенмен,
бәріне көндің сынақтың.
Өскендер сарай төрінде,
салтанат құрып әр күні,
көшпелі біздің өмірге
үйрене алмайды барлығы.
Аңыз бар бізде көнерген,
ой салар бәлкім саған да.
Бір кезде өткен заманда
қаһарлы патша бір елден
кінә артып ойлы адамға
қуғындап бізге жіберген.
Білуші ем, атын ұмыттым,
жасамыс еді байғұсың,
Әңгіме шертіп қызықты,
талайдың алды алғысын.
Қалса да жырақ тәтті өмір.
сақтады қалпын жігерлі.
Адамды мұндай ақкөңіл
жатырқай алар кім енді.
Сығандар бауыр санаған,
тамсана тыңдап әндерін.
Жандары ашып, бәрі оған
тосатын тағам-дәмдерін.
Өмірге қолы қысқа адам,
икемсіз еді өзі шын.
Аң аулап, балық ұстаған
сығанның бәрі сол үшін.
Мекендеп Дунай жағасын,
күн кешті сыған ішінде.
Сағынып туған қаласын
"Көремін, - дейтін, - түсімде".
Қыс келді. Боран. Күн қысқа,
Аязы қарып жалаған.
Кедейлік қысқан тұрмысқа
үйрене алмады сол адам.
Дейтін ол кейде азалы,
Шеккенде шексіз уайым:
"Қылмысым үшін жазаны
тарттырды маған құдайым"...
Ол сорлы талай жылады,
жырақта қалған қаласын
еске алып, жасын бұлады,
жаза алмай жанның жарасын
өсиет айтты өлерде:
"Сүйегім мұнда қалмасын,
жеткізгін туған сол елге –
жеріме тисін жамбасым".
Алеко
Қасиетті Рим, сенің де
ұлдарың қайғы шеге ме?
Айтыңыз маған өмірде
Даңқ дегенің немене?
Мақтау ма тұрмас сәлемге,
пайда табады бұдан кім?
Әңгімесі ме ол әлде
жабайы кәрі сығанның?
* * *
Екі жыл өтті. Жүр әлі
көшумен сыған тобыры.
Олардың мекен-тұрағы –
мәңгі жолдардың жорығы.
Мәдени өмір шынжырын
Алеко кеткен жек көріп.
Жұтады ол еркін Күн нұрын,
көшпелі топқа кетті еріп.
Жанұя тапты: алғаны
Земфира сұлу, шал кәрі.
Үйренді сыған салтына,
осы өмірді өзі таңдады.
Молдаван елі – бүгінгі
тоқтаған жері бұлардың.
Тұрғындар түгел жүгірді
тыңдауға әнін сығанның.
Алеко аюды үйретті,
көрсетіп оның өнерін:
секіртіп, сосын билетті.
Аямай шал да көмегін
барабанды ұрып жәй ғана.
Земфира елдің бергенін
жинады жүріп айнала.
Жиналып шағын жанұя,
Ішеді кешкі тағамды.
Ұйқыға кетті қария.
Шатырда тыныш. Қараңғы.
Сыған шал Күнге тамсанып,
қыздырып қанын қақтады.
Қызы отыр жаймен ән салып.
Алеко үнсіз жатқалы.
Земфира
Қарт күйеу, бұған арланба –
сезімге сот жоқ жалғанда.
Қорқынышты емес еш маған
қатыгез күйеу, қанжар да.
Таппады сенен жан емін,
Бар менің басқа өренім.
Жек көрем сені, тек соны
өлсем де сүйіп өлемін!
Алеко
Сыңсымай босқа, айт емін!
Жабайы әндерден шаршадық.
Земфира
Шаруам қанша! Қайтемін
жүрегім тұрса ән салып.
Кескіле, өрте сен мені;
Айтпаймын енді ештеңе.
Жанымды ол менің емдеді –
Ән салам күндіз, кешке де!
Күннен де ыстық құшағы,
жалынмын оны көргелі!
Батылдығымен тұсады,
Сүйеді қалай ол мені!
Қарамай балғын жасына,
Көзсіз бір батыр ол нағыз!
Ақбурыл сенің шашыңа
Өлердей күлдік сонда біз.
Алеко
Үніңді өшір! Көнбеймін!
Земфира
Ұқтың ба - әнмен сынадым.
Алеко
Земфира!
Земфира
Жындан ал мейлің,
Сен жайлы менің бұл әнім.
Кете береді әндетіп:
Қарт күйеу, жоғал жолымнан.
Шал
Есімде бұл ән Баяғы
заманнан бізге қалды аңыз.
Кагулдың жері саялы,
сол жақта жүрдік онда біз.
Қысқы түн жайса қанатын
(анаң сол жылы босанды).
Мариулам менің салатын
Қызын тербетіп осы әнді.
Жалынды жылдар шектейді –
Қартайғандағы сыбағаң.
Есімнен бірақ кетпейді
Мариулам салған мынау ән
Түн Тыныш. Тылсым айнала,
Аспанда сұлу Ай жаңа.
Ұйқыға кеткен әкесін
Оятты қызы жәй ғана:
"Қорқамын, әке, мынадан,
Қалдырмас бізді бұл аман.
Түндерде сарнап Алеко
Ұйқыда жатып жылаған".
Шал
Қозғама. Тиме. Үндеме.
Мазасыз, білем, бұл неге:
орыстарда бар бір аңыз,
үй бағар кеште, түнде де
албасты болады оларда.
Мазасын алған солар ма –
Кім білсін. Отыр, жасыма!
Земфира
Шақырып жатыр қасына...
Шал
Іздейді сені түнде де,
күндіз де.Сенсің бағы да.
Күрсінеді екен бұл неге –
күдік кірді ме жанына...
Земфира
Жалықтым, әке, осыдан –
еркіндік аңсайды жүрегім.
Жек көріп кеттім, шошынам...
Шақырады, әне... біреуін...
Шал
Шақырды кімді?
Земфира
Білмедім,
Тісін қайрайды кіжініп.
Сұмдық-ай! Көніп жүргенім...
Оятам...
Шал
Кетер үзіліп,
Албастыны қума түнде сен -
Таң ата кетеді өзі де...
Земфира
Барайын... қалай тілдесем,
Түсінбей тұрмын сөзіне...
Алеко
Қай жақтан келдің?
Земфира
Әкемнің
Жанында болдым. Түнімен
Тұншықтың ба екен – қатерлі үн
қорқытты мені. Түңілем...
Алеко
Түсіме ендің сен менің.
Тұншыққанымнан терледім.
Қорқыныш - менің көргенім!
Земфира
"Түс - түлкі" деген, сенбегін
Алеко
Сезімді де мен жерледім,
таппаспын жанның енді емін
Сенімімді құрттың сен менің.
Шал
Ақымақ жігіт, сен неғып
күрсіндің бекер сандалып?
Адамдар мұнда ерікті,
Күн болса нұрын төгіп тұр,
Әйелдер сұлу көрікті.
Жылама, түске арбалып.
Алеко
Әке, ол мені жек көреді.
Шал
Бала ғой әлі. Жасыма
күдікпен босқа өкпелеп.
Қайғы тілеме басыңа.
Қарашы көкке: Ай нұрын
Төгеді жақсы, нашарға.
Көрсетпейді ешкім айбынын
Менімен бол деп қашан да.
Құбылмалы ғой қыз жаны:
өртенді, сосын мұздады.
өртесе көл ғып, суыса,
қатырар мұз қып ызғары.
"Жалғыз-ақ жанды сүйгін" деп,
"Тек соған басыңды игін" деп,
Айта алмас оған ешкім де.
Ғашық жүректер естір ме!
Алеко
Сүйді ғой мені ол керім.
Түніміз қандай тәтті еді!
Рахаттан құрып дәрменім,
Аймалап өпкен сәттері...
Балаша күліп қуанған,
дірілді дене, отты ерін.
Еркелеткенде жұбанғам...
Сол күнім бүгін жоқ менің.
Земфирам менің өзгерген,
жүрегі салқын, мұз – көңіл
Мұндайға, әке, төзбен мен
Тынады немен бізде өмір...
Шал
Шертейін саған - тыңдағын –
мен өзім жайлы бір сырды.
(Шал сонау жастық жылдарын
Еске алды ма екен - күрсінді).
Жас едім онда, сері едім,
күлкіге, әнге қанбаған.
Ол кезде москаль дегенің
Дунайға құрық салмаған.
Сұлтаннан онда қорқамыз,
Буджақта қожа - паша-ды.
Есімде әлі сол тамыз.
Мариула көркем, жас әрі.
Сүйсіндім елік мүсінге,
еркелер, күлер, бұлданар...
сұлу қыздардың ішінде
ерекше еді нұр жанар.
Жаспын ғой - мен де сорлы емен,
бұйра шаш балаң жігітпін.
Ешкімді сүйіп көрмеп ем –
сол қызды ақыры жібіттім.
Өтті ғой қайран жастығым,
аққан жұлдыздай самғады.
Махаббат деген мас күнім
жылдан артыққа бармады.
Кагул суының маңы ыстық,
кездесті табор басқа бір.
Екі күн тұрдық, таныстық,
Қуандық тауып дос-тамыр.
Үш күнде олар көшті ауыл,
Біз қалдық Кагул маңында.
Мариула басқа дос тауып,
Ілесіп кетті таборға.
Ұмыту мұңы мүмкін бе –
сәбиін тастап, жарын да,
Мариула солай бір түнде
жоқ болды ұқсап сағымға...
Земфирам үшін тер төгем,
Анасыз жанның бағы кем.
Сол күннен бері жиіркенем
Әйел дегеннің бәрінен.
Алеко
Естуге ұят, айтарға,
Мен сізді бірақ ұқпадым:
Соңынан қуып сайқалға
Қанжарды неге сұқпадың?
Шал
Жастық шақ еркін құстан да,
Махаббатты ешкім ұстар ма?!
Кек алып қайтем сезімнен,
күлкі боп досқа, дұшпанға.
Алеко
Мен болсам, кегімді алар ем,
жазаласа да бар әлем.
Менен айныған жүрекке болат
қанжарды салар ем.
Рахаты тәтті не деген
Қасқайып өшті алғанның!
Ақылмен шешер мен емен –
кек алу жолын таңдармын!
Теңізде көрсем егер мен
жауымның ұйықтап жатқанын.
Бір шығарар ем тереңнен,
оятпай бірден таптармын.
Сонан соң жаңа жігермен
рахаттан сақ-сақ күлер ем.
Жас сыған
Тағы бір... Сүйші тағы да...
Земфира
Қызғаншақ ерім, ашулы,
жетейін тездеп жанына.
Сыған
Алса да менің басымды!
Земфира
Әзірге сау тұр, тағдырым!
Сыған
Келесің қашан, жан нұрым?
Земфира
Ай батқан кезде дәл бүгін,
мола жақтағы қорғанға...
Сыған
Келмейсің. Мені алдадың?..
Земфира
Ол әне! Қаш сен, ардағым!
* * *
Біткендей тынып жан демі,
Алеко шошып ұйқыдан,
Айқайлай сөйлеп әрнені,
Қорқардай адам сиқынан.
Сүйгенін іздеп жас жаны,
Сипайын дейді шашынан.
Салқын төсектен басқаны
Таба алмай қойды қасынан.
Төсектен ырши тұрды ұшып,
Өн бойын үрей биледі.
Денесі суып, бірде ысып,
жанталасқан бір күйде еді.
Далаға шықты. Қарады.
Қараңғы. Көктен Ай кеткен.
Шарадан шыққан жанары.
Іздейді оны қай беттен?
Көгалда, шықтың үстінен,
із көрді жалғыз, бұл - үміт.
Қолында қанжар, сұсты рең
Қорғанға тартты жүгіріп.
Кенеттен жолдан шеткері
молаға үркіп қарады.
Ентігіп демі жетпеді,
қорқыныш билеп сананы.
Келеді... сол сәт... тыңдады:
Көлеңке ме, әлде... шынында...
Көрді де екі тұлғаны,
Құлағын салды сыбырға.
1-дауыс
Кетейін...
2-дауыс
Тоқта...
1-дауыс
Жоқ, жаным.
2-дауыс
Кідірші, менің ардағым.
1-дауыс
Кешіктім...
2-дауыс
Сенсің арманым.
1-дауыс
Құртасың мені.
2-дауыс
Жан жарым!
1-дауыс
Қайтемін, келед күйеуім!
Алеко
Мен келдім! Сезген жүрегім.
Қашпаңдар, қане! Сендерге
осы жер жайлы. Білемін
Земфира
Қош, жаным! Жүгір...
Алеко
Жоқ! Тоқта!
Қайдасың, сұлу жас жігіт?
Жат солай!
Оған қанжар сұғады.
Земфира
Алеко! Сатан сот жоқ па?!
Сыған
Өлім барамын...
Земфира
Масқара-ай!
Алеко, қанға малындың!
Өлтірдің оны! Не қылдың?
Алеко
Қасына, қане, жат сен де!
Аймалар сенсіз жанын кім!
Земфира
Қорықпан сенен, жетті енді!
Жиіркеніп сенен кеткем-ді,
Қорлығыңа біраз көніп ем...
Алеко
Өл сен де!
Өлтіреді.
Земфира
Сүйем... оны мен...
* * *
Шығыстың таңы нұрланып
келеді. Ол отыр сұрланып,
Қолында қанжар, қос өлік
алдында жатыр құм қауып.
Алеко сұлық. Өтті өмір.
қоршады үнсіз көп тобыр.
Көр қазып жатыр кейбірі.
ешкімде жарқын жоқ көңіл.
Әйелдер түсі бұзылып,
көздерден моншақ үзіліп,
Көзінен сүйіп өліктің
қоштасып жатыр тізіліп.
Шал байғұс ессіз. Жүзі мұң.
Кешумен тағдыр құзырын
Қарайды селсоқ көз алмай
жүзіне өз қызының.
Шыдар ма қария сынға бұл,
көңілінде тұман, түн қазір.
Өрімдей екі дененің
қорғаны болды бір қабір.
Қайғыдан тынып жас-кәрі
топырақ сала бастады.
Екі ауысқандай өң-түссіз
Алеко отыр таста әлі.
Мәйіттерді көрге саларда,
бас иді. Үміт жоқ алда.
Көмілген кезде қос дене,
Құлады ол тастан көгалға.
Селдіреп сақал, шашы да
Шал келді оның қасына,
Көгерген ерні дірілдеп,
сөйледі сосын ашына:
"Жабайылармыз мына біз,
мекен-жайымыз - құба түз
Жаза жоқ, заң жоқ біздерде,
еркіндік - жалғыз мұрамыз.
Кет енді бізден, іркілме,
Азап пен зорлық, мұң, түрме
бізге жат. Қан мен кек жұтып
бірге өмір сүру мүмкін бе.
Қанды қол жанмен ал біздің
Тұрғымыз келмейді бір күн де.
Жабайы тағдыр жат саған,
Тұрмысың - мүлде жат қоғам:
Ләззаты үшін өзінің
Өзгенің еркін таптаған
Басқаша сенің салт, санаң –
өзімшіл, қатал, батылсың;
Бақ ізде, кешір, басқадан –
Сен бізге мүлде жат ұлсың!".
Содан соң табор шуласып
жөнеді белес, қырды асып.
Қан жуған түнек қалды артта,
қойнауын қалың мұң басып.
Тұрақ жоқ, үй жоқ сығанда –
шақырды оны күн алға.
Күн жеген кілем жабылған
сол жерде қалды бір арба.
Жыл сайын күздің соңында
тырналар жылы орынға
қайтқанда, бірі қансырап
оққа ұшады сол бір қорымда.
Түндерде, күңгірт тұманда,
оранып қанды мұнарға
сол жерде әлі тұр дейді
жылусыз, отсыз бір арба.
Эпилог
Сиқырлы әуенге бір керім
арбалып ессіз жүргенім.
Елестеп есіме түседі
сәулелі, мұңды күндерім.
Қанша жыл соғыс тынбаған,
бір-бірін қанша қырды адам,
Шекараң - анау!" - деп орыс
Стамбулға жекіп, жымдаған,
жеңісін шулар жырлаған,
бірге өскен дала, сағыммен
кезіктім сыған-табормен,
ас ішіп оттың алдында,
тыңдадым әнін жаныммен,
қалғыдым сосын шалғында;
қимайтын арба-құндағын
сығанның жаны - сырлы ағын,
Мариуладай сұлудың
әндерін елітіп тыңдадым.
Әлемнің кедей ұлдары,
Бақыт жоқ бірақ сендерде
(жоқ қой ол ешбір ел-жерде).
Жалба да жұлба шатырдың
ішінде талай жатыр мұң;
Еркін деп түскен жолдарда,
тілі жоқ, тылсым орманда
таборлар талай қан кешкен –
қасіретсіз өмір болған ба...
Күткенмен күнді алдыңнан,
Құтылмас адам зар-мұңнан.
Ешкімді жердің бетінде
Құтқарар күш жоқ тағдырдан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кавказ тұтқыны

  • 0
  • 0

Сөзімді құп ал достым езу тартып,
Еркіндік музасынан шыңын шалқып;
Арнадым қуғын көрген толғау жырды,
Шабытты бос кезімді сый ғып тартып,

Толық

Мыс салт атты

  • 0
  • 0

Иесіз толқын жағасында
Тұрды ол, ұлы ой бір басында,
Алыс болжап. Алдында өзен
Жатыр шалқып, жүр осында

Толық

Евгений Онегин

  • 0
  • 0

Тәкаппар көпті таңдатпақ,
Бәсім жоқ, достық талғамым,
Бір саған лайық ардақтап,
Кепілдік келді арнағым.

Толық

Қарап көріңіз