Өлең, жыр, ақындар

Жағалаудағы ескерткіш

  • 16.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2525
(Баллада)

Жалғастырып кеттік біз саяхатты
Жанымыз жағалаудан сая тапты.
Еңселі ескерткіш тұр асқақ қарап,
Кескіні ойлы өрі парасатты,
Толғанып тұрғаны анық болашақты!
Келгенбіз ертелепті — "Козлодойға",
Бұл-дағы бір тиянақ кезген ойға...
Ойылған ескерткішке өрнектер бар,
Өшпес өрлік өлеңмен жазған ой ма?..
Жанына ақ мәрмәрдің жанай беріп,
Іркілдім, көзді арбаған арай көріп.
Қаланған жүз жыл бұрын құлпытастың
Қозғалмаған іргесі қалай берік!
Арқасын көк Дунайға шалқалатып,
Қарап тұр, кең далаға шалқар — ашық.
Өлеңімен тұрғандай оқ боратып,
Жауына қаптап келген жанталасып...
Небары сегізінде жиырманың,
Тұлпардай топтан озып, құйындады.
Өр Балқандай тұрыпты ол өз сертінде,
Қаламады халқының қырылғанын,
Тосып алды тағдырдың бұйырғанын.
Сол үшін халқы оны бағалаған,
Соны айтып сыбырлайды жаға маған.
Орнымнан қозғалмай бағанадан,
Сол әнді тыңдап тұрмын шағаладан!..
Өтіпті нөсердейін төгіп жырды,
Өмірдің кім тоқталар шегін білді?
Қарумен де, өрт дауыл өлеңмен де,
Қаптаған жауын ақын шегіндірді.
Батырды ел көзінен оқып келем,
Адамға келмес тегін бақыт деген...
Қаулап орман өсіп тұр тау басында,
"Христо Ботев" деген.
Тамаша жандар қанша бұл өңірде,
Шаттығы шалқып тұрған гүл өңінде.
Ақындық пен батырлық құшақтасып,
Жұртыңның жұлдыз болдың жүрегінде.
Көп көрді езілген ел қастандықты,
Армандады осынау бостандықты.
Сен — ерлік,
Сен — шежіре,
Жыр — тәңірі,
Жеңілдеттің жұртыңа батқан жүкті.
Өмірден өтпесең де еркін жүріп,
Жауынгер жырларыңмен желпіндіріп.
Жай оғындай атылдың қас жауыңа,
Қайғының қара бұлтын серпілдіріп.
Бір өзі асырғандай дала сәнін,
Жанына дарытпады, жанаса мұң.
Ажалға басын имей өткен ақын,
Халықтың қорғап тұрып болашағын.
Сыр ұқтым кешегі бір қара түннен,
Жүрекке жетті бәрі дана тілмен.
Толқындарды тулатып шағаладай,
Жыр іліп кеттім міне қанатыммен!
Толқындар барған сайын әнді асыра,
Арындап сыймай жатыр арнасына.
Көк Дунай өр ақынның өзіне ұқсас
Тынбаған қиялының жалғасы ма?..
Толқындар қандай назды, тентек еді,
Ағады, асығады, ентелейді.
Желігіп желқайықты ойнақшытып,
Мынау еркін өмірге еркелейді.
Балқанның баурайында алтын арай,
Ақын тұр, аңыз болып халқына бай...
Па, шіркін, кешегі бір асқақ қиял,
Тынар ма, Дунай болып сарқырамай!
Бөлмейтін адамдарды жерге, тілге,
Қаншама абзал жан бар жер бетінде?!.
Болғардың батыр ұлы Ботев жырын,
Алатау аясы да тербетуде.
Өнеге бар, өрлік бар келбетінде,
Отты жыр, ойлы жанды тербетуде.
Шыңға жаққан халықтың шырағысың,
Мәңгі сөнбей тұратын жер бетінде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрініс

  • 0
  • 0

Бүгін қандай табиғат жарасымды,
Бейне бір күліп тұрған бала сынды.
Бұрын-соң көрмегендей күйге салар,
Бойына жинап алып бар асылды.

Толық

1980

  • 0
  • 0

Жаңа жыл! Кештеріңді жақсы көрем,
Жандарға сыйлайтұғын шаттық ерен.
Жүректі жалынға орап жандырады,
Жарысып, екі тентек жастық, өлең...

Толық

Шағала

  • 0
  • 0

Белгілі менің жатқа жақпайтыным,
Белгілі жат қақпасын қақпайтыным.
Белгісіз қай арада жол аяқтап,
Белгілі сендік сырды сақтайтыным.

Толық

Қарап көріңіз