Ғасем Лахутиға
Бахытты ел бас қосқанын етіп өлең,
Лахути, парсыша сен жаздың сәлем.
Елжіреп дауысыңа шын жүрегім
Қазақша мен де саған жауап берем.
Сенің жырың халық жыры — халқы тәжік,
Бұлбұлдай шырқатады әнге салып.
Мен айтсам қазақ халқы ән қосады,
Шаттықтан жыр кетеді әлемді алып.
Бахытты жыл, алтын күн нұры астында
Сайрандап ән қосады біздің халық.
Өлең, жыр аққу құстай тізбек тартса,
Артынан өреді күй кекті жарып.
Тыңдашы, Дағыстанның тауларынан
Өлеңі Сүлейманның бұлақ ағып,
Белорус даласынан ақын Янка
Шырқайды ол, о да әсем әнге салып.
Ұлы отан сансыз тілде, үн қосады
Бірігіп орыс, түрік, қазақ, тәжік.
Сорғалат, көтер даусың, әндет әсем,
Ұрпағы Фердаусидің ақын Ғасем.
Шынардың астын қуған бұлақтай боп
Сылдырлар бізбен бірге миллион шешен.
Жыр болды отанымыз, ұлы жұмыс,
Тайсалмай жауды кескен алмас қылыш,
Халық достығы, татулық, туысқандық,
Ен байлық, зор қуаныш бахыт, тұрмыс.
Зорлық пен зұлымдықтың жоғалғанын,
Жер күліп, дарығанын бақ пен ырыс.
Лахути сал көзіңді, жайнады бақ,
Ол бақта жайқалып тұр гүл, қызғалдақ.
Жұпар иіс бой балқытып, ойды тербеп,
Күміс шық жалтырайды маржандай-ақ.
Кек жиек кезді ұялтып еркелейді,
Меруерттей ашық аспан тұр жарқырап.
Иранның жібегіндей желі майда,
Тотыдай нәзік үнмен тұрған шырқап.
Таныдым қартайғанда өмір сырын,
Дүниенің төрт бұрышы ой мен қырын.
Жер астын, теңіз түбін, дүние шетін,
Асқарын, асқар таудың, жері шырын,
Соқыр ек, енді әлемді тұрмыз танып,
Күніміз — ұлы Сталин берді жарық.
Аттанды жарық күнге, кең байтаққа
Теңдікке Октябрьде жеткен халық.
Ең жақсы жер жүзіне заң жүргізген,
Адамның данышпаны асқан алып.
Ардақты ғасырларға даңқы кеткен,
Нұрымен халықтарды еткен қарық.
Лахути, екеумізде бір ғой тілек,
Астында бір жалаудың соғар жүрек.
Түрлі тілмен бір мақсат өлеңдетіп,
Жырлаймыз халыққа бірдей достық, тірек.
Ғазалы парсы елінің, қазақ жыры
Қосылып толтырады бірін-бірі,
Мадақтап ел ағасын, жұрт данасын,
Шырқаған азат елдің шығады үні.
Заманға аты шыққан асыл ерге,
Тең емес көк жұлдызы, жердің гүлі.
Кәрі ағаң сол көсемді жырлайды әлі,
Тарихтың оны жырлар мың бұлбұлын
Кез келді ой тиегін ағытатын,
Қолыңа ал, домбыраны Ғасем ақын,
Ән шырқап Сталинді жыр қылайық,
Алыбын асқан дана адамзаттың.
Ғасырлар біздің күйді, біздің жырды
Мың халық болсын мәңгі шырқататын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі