Өлең, жыр, ақындар

Болат тонды батыр

  • 21.08.2018
  • 0
  • 0
  • 8563
Отанымның батырларына, Ленин қаласының даңқты қорғаушыларына, фин халқын азат етушілерге, Ленинград соғыс округінің жауынгерлеріне және Қызылтулы Балтық Флотының қызыл флотшыларына осы жырымды арнаймын.

Батырларын елімнің,
Бағы ашылған жерімнің
Бір емес, мың жырлағам.
Ер боп туған жастарым,
Қайнаған күш, жас жалын,
Қыйын емес жыр маған.
Тастүлек, сайып қырандай
Мұнартып ұшып мұзды күн
Ұлдарым елін қорғаған.
Жырым бірге майданға
Барсын оқтай ойнаған,
Бомбасы жерде жарылса,
Танкісі тауда ойнаған,
Күміс қанат, болат құс
Топшысын тауда қомдаған,
Самолетке ер салып,
Жері бар ма шолмаған.
Бұлт жамылып, мұз жастап,
Командирлер қол бастап, —
Соқса да боран — тоңбаған.
Болат тонды батырлар,
Еңреген ердей ел үшін —
Аямай ерлер бар күшін,
Жауды жеңбей қоймаған!
Қылышы қара тас кесіп,
Найзасы айға бойлаған.
Елін ері қорғаса,
Елі де ерін қолдаған.
Елге, ерге қамқоршы
Кремльде Сталин
Отан қамын ойлаған.
Отанды сүйсең сондай сүй! —
Ел шолпаны ол орнаған.
Сталиннің атымен
Қызыл ерлер майданды
Күшейтті де, талқан ғып
Жеңді талай жауларды!
Болат тонды батырым
Бұзды қамал, тауларды,
Есімде әлі Хасан кел
Майданда жаңбыр төгіп сел,
Жапондарды жөңкітіп,
Жосылтқаны қызыл ер!
Жауға жауған жаңбырым —-
Нөсер-нөсер оқ еді,
Қалың бұлт дегенім—,
Аспан жүзін шымқаған
Болат құстың тобы еді.
Айбынды осы жойқын күш
Украин, Белорус
Елін азат еткенде
Арды берген жоқ еді!
Көңілімді қуантқан
Халқымның осы өсуі,
Өсірген оны тербетіп
Октябрьдің бесігі;
Бесігі емей немене,
Көз жіберіп қарашы:
Отаныма өнеге
Ұлы Ленин қаласы,
Онан әрі көз салсаң,
Екі дүние арасы
Көрсетіп тұр фин жұртын
Балтық теңіз жағасы.
Қасқыр жолды, мұз көлді,
Аюлы орман ағашы,
Сол орманнан көрініп,
Оқ атқан жау қарасы;
Әлемге аян болған соң
Бізге жапқан жаласы,
Астан-кестен Балтықтың
Толқынға сыймай сабасы,
Қаласы үшін Лениннің,
Халқы үшін сол финнің,
Атой салып аттанды
Отанымның баласы,
Фин халқының бағы үшін,
Аямаған бар күшін,
Ұлдарымның таласы.
Жалаңдаған жаулардың
Берілді мықты сазасы!
Көре алмаған дұшпандар
Не демейді, — табашы;
Керуен көшер, ит үрер,
Үрген ит не бітірер!
Кімнің жеңіп жатқанын
Атады, қатар аттарын
Тарих өзі бағашы.
Көшті біздің керуен,
Өрлей асты өрінен,
Керуенді өрбіткен
Біздің жердің аясы.
Қатты салып шеңгелін,
Бүріп жатқан фин жерін
Құтқарып түнек құлдықтан, —
Менің батыр ерлерім
Танкілермен тау бұзып,
Оқты көктен жауғызып,
Елемей кәл, құздарын,
Тегеуріні жау жаншып,
Жерді басқан зілді аршып,
Күрейді оқпен мұз, қарын.
Қаласы үшін Лениннің,
Халқы үшін сол финнің
Майдан ашып жол тартты
Болат тонды ұлдарым!
Төңіректі болжасам,
Құрыш қорған шекарам;
Самаладай самсаған
Болат тонды өз балам,
Маңдайыңда жарқырап
Жұлдыздары жайнаған,
Сол емес пе, шырқатып
Жамбылды да қозғаған!
Елім бейбіт, жерім құт,
Тілім шірін, жырым жент —
Көмейімнен қоздаған;
Тудырар ма мұндай ер,
Өсірер ме мұндай ел,
Сталиннен өзге адам!
Сталиннің атының
Күшімен кіл батырым
Болат тонды, қуатты, —
Мұнан батыр озбаған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бата

  • 0
  • 8

«Әумиін» деп қолынды жай,
Қабат тусын күн менен ай,
Алғаның болсын сайма-сай,
Қапалық болмай кезінде,

Толық

Жауға оқ

  • 0
  • 0

Жамбыл деген жай атым,
Халық менің шын атым —
Жал, құйрығым, қанатым.
Социализм Отаным,

Толық

Халық қазынасы

  • 0
  • 0

Елім менің жерге бай,
Айдынды шалқар көлге бай,
Төрт түлігі мыңғырған,
Егісі көз тұндырған,

Толық

Қарап көріңіз