Алатау – Күләш Ахметова

Бұл бетте «Алатау» атты Күләш Ахметова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4130
Алатау, айбатты тау, өр еңселі,
Таң сайын тереземнен көрем сені.
Көктемде сел тасытқан сен туралы
Келеді ағытылмай өлең селі.
Батты ма сені сүймей бір рет Күн,
Мәңгілік даламызды тұғыр еттің.
Өлмейтін күй шығарса Құрманғазы,
Мен саған басымды ием, құдіреттім.
Тағдырдан, табиғаттан теңесті кім?
Құрамыз баурайында кеңес бүгін.
Заңғар тау сен есіме түсірерсің
Жердің де беті тегіс еместігін.
Біреуге ар, біреулерге нәр жетпейді,
Бұлбұл да күні-түні әндетпейді.
Ақылды адамдардың жаны мұңды,
Асқар тау шыңдарынан қар кетпейді.
Аязға, апатқа да тең шыдарсың,
Шаң тұрса, жаңбыр жауар, аршыларсың.
Қазақтың мәртебесін бейнелеуге
Соғылған сом ескерткіш сен шығарсың.
Жабады шалғайыңды әрдайым нұр.
Жарады жазғытұры тал, қайың бүр.
Қашаннан Қасиетті Алатауым,
Басың — мұз, қойнауың — ән, баурайың — гүл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері