Өлең, жыр, ақындар

Көңіл — дастан

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 4232
Күн нұры айнымаған қызғылт алтын,
Кез еді маужыраған таңғы салқын.
Аралап зираттарды келе жаттым,
Гүл қойып басына бір жанның жарқын.
Адамның кең жалғанға мәңгі ғашық,
Жүдетсе көңілін кейде қайғы басып.
Сүйенер әдеті ғой үмітті ойға,
Безсін ол өзі - өзінен қалай қашып?
Бірақ, мен, өлі әлемге жеген опық,
Қарап бір қалам толқып, кетем қорқып.
Тағдырдың тажал досы — қайғы деген
Жанымды құзғын боп кеп, жатыр шоқып.
Естідім құмар даусын бұлбұл құстың,
Қайыңда мекен еткен қабір үстін.
Ісі жоқ зират толы қайғы - мұңда
Сайрайды ол, сайрайды әнін қуаныштың.
Зират пен қайғы нуын ол білмейді,
Ал менің... кеудемде үрей дүбірлейді.
«Жүре тұр, мұнда сен де жатарсың» деп,
Тентек жел құлағыма күбірлейді...
Қорыққанмен жан қала ма сұм ажалдан,
Бітсе екен істерім тек ойыма алған,
Дүниеге келгеннен соң кетпек бар ғой,
Сондықтан өнер — мәңгі; дүние —жалған.
Білемін, тіршілік те, бір қисық жол,
Шаттығы, қасіреті, бәрі де мол.
Бүгінгі қуанышын, таяй түскен —
Өлімнің елесі ғой ертеңгі ол..
Зираттар меңзеп сұрқын сол ажалдың,
Сескеніп тұрғанымды тағы аңғардым.
Тәтті боп кетті кенет қайран өмір,
Қадірін білген бе адам колда бардың!
Сөйтсе де іштегі бір сезім билеп,
(Мұнда мен келетінмін өте сирек).
Зауқым еш соқпаса да, парыз санап,
Өзімді өзім кеттім алға сүйреп!..
Мінекей, зираты тұр бір кәрінің,
Үлкені шығар жатқан бұл бәрінің,
Тоқсанға келіпті қарт, жазуы бар,
Осы ма жеткен жері, сірә, әлінің?
Кетті ме кәріліктен? Әлде дерт пе?
Тоқсан жас! Аз жас емес. Емес келте.
Жоқ, бекер! Мың жасасын адам шіркін,
Әрқашан, әр жаста да өлім ерте!
Өйткені, болған шығар ақ ниетпен, —
Бұның да бір арманы аңсай күткен?
Арманда өткен адам өкінішті,
Арман ғой бұл адамды адам еткен!
Суретте — ойлы көзді жап-жас қазақ
Қоп - қою шашына әлі кірмеген ақ.
Оқыдым екі шумақ өлеңді мен,
Арнаған жолдастары тасты қашан:
«Өттің сен жамандықтың білмей түгін,
Жаныңның жаурасақ біз бердің ығын.
Қайғырсақ шер көңілді сен уаттың,
Аямай жүрегіңнің бар ыстығын.
Достықта деуші ен. өмір сен тірегі
Жақсылық еді жұртқа бар тілегің.
Қара жер алса - дағы, сен тірісі.н,
Жатыр ғой біз деп coғып жас жүрегін».
Дәл мұндай сөз арналған жап-жас жанның.
Жанының жалынына мен де нандым.
Елжіреп сүйініштен, дедім сонда:
«Осындай болса балам, жоқ арманым!»
Қөңілім сәл көтеріліп кеттім жүріп,
Көрінді тұрғандайын күн де күліп.
Тек, әттең, кілең зират қайғы шашқан,
Жаныма кірді жайлап тағы бүлік...
***
Япырмау, мынау менің Қапаным ғой!
Баладай жоқ нәрседен қапалым ғой!..
Ойыма кетті түсіп ғажап жылдар,
Жастық шақ — өтіп кеткен бір қызық той.
Сом дене, жұмырланған сай тасындай,
Тілге бай, ойға тез - ді ол жасындай.
Көргем жоқ мен өмірде ондай дарын,
Дүние-ай, гүл қауызы кетті ашылмай!
Кешпеген қайғы - қасірет адам бұрын,
Білмейді қуаныштың нағыз құнын.
Жете алмай сол шаттыққа Қапан марқұм,
Әлдилеп отыратын қайғы - мұңын.
Бүйтуге оған үлкен бар - ды себеп,
Көргенмін отырғанын сан еңіреп.
Көрдім мен отырғанын ұзақ үнсіз,
Көңілін шаттық емес қайғы жебеп.
Адамға бала деген бір арман ғой,
Туғанда ол, көңілінде күн жанған ғой.
Балажан болсаң егер сол бір сезім,
Жаныңа мәңгі сөнбес өрт салған ғой.
Көрдің бе сол баланы дерт жегенін?
Көрдің бе сорлы әкенің еңірегенін?
Қапан да отыратын дәл солардай,
Жанының таба алмай жазар емін.
Шын дарын болмас қатал, болмас қатты,
Сезімтал, мұқалғыш ол жез сияқты..
Суыққа тоңғыш келіп, бере алмайды
Өнерін ел - жұртына шын қымбатты.
Қапаным, өттің солай бұл өмірден,
Азамат едің нағыз еңіреген.
Дүниеге өрт боп келіп, күл боп сендің,
Есеңді алармын мен енді неден?
***
Мінекей жатыр үнсіз Зейін марқұм,
Бір ұлдай сүйе алған, сүйген халқын.
Көп жылы қиянатта зая кетіп,
Бағалай білді ол әр күн, әр сағатын!
Жүрегі әлсін-әлсін беріп секем,
Уақыттың аз қалғанын білді ме екен,
Асықты әрбір күнін жылға балап,
Үлгірді талай кітап жазып көркем!
Таба алмай жүрсе де емін жарасынын.
(Қапандай дерті емес-ті баласының)
Өтті ол басын имей, ортасында —
Сан қилы өмірдің сын, таласының.
Сөйтсе де өкпелі еді бұл жалғанға —
Өмірден өзгелерге нұр жанғанда,
Түспеді бұған лаулап күн шуағы
Сондықтан іштен тынып, кетті арманда!
Мінекей өлді Зейін, болды тыныш,
Қалды одан ар қорғаған алыс - жұлыс...
Қарасам зиратына, дір етемін,
Жатқандай қынабында асыл қылыш!
***
Мынау кім, зираты кең? Қандай адам?
Ақ саңлақ, әйгілі ұл, алтын қалам,
Атақты бұл Мұқаң ғой, уа, халайық,
Білетін қазақ түгіл, барлық ғалам!
Тек қана емес қой ол сөз шебері,
Халқының жоқтаушысы, ой берері.
Мен оны жақсы көрем сонысы үшін,
Сол үшін тәңір тұтты қазақ елі!
Асырған Абай - сынды ата даңқын,
Әлемге таныстырған қазақ халқын.
Алғашқы ұлдарының бірі ғой ол,
Білсең, ел, өзі де алтын, сөзі де алтын!
Тұрдым мен пырағыда басымды иіп,
Толқиды ақыл-ойым жанып - күйіп,
Тайпы елдің құшағына сыймас тарлан,
Үш құлаш жерге қалай жатыр сыйып?!
Оған да дүние мәңгі арман болды,
Оның да көңіліне көп қайғы толды.
О да өтті арт жағына қарай-қарай,
Оған да өмір - сағым, жалған болды!
***
Тағы да бір зиратқа көзім түсті,
Сан гүлмен көміліпті көрдің үсті,
Сәбеңнің зираты екен таяп келсем,
Қиялым өткенді ойлап көкті құшты.
Күрескер болсын сондай ел ағасы,
Ақ жарқын, құшағы кең, кең жағасы.
Жарқырай кіріп келсе, келген үйдің —
Кеткендей еді кеңіп қабырғасы!
Тұлпары, қара сөздің майталманы,
Басса да жалпағынан бұл жалғанды,
Онын да бір арманы қалған шығар
Адамның бітпес тегіс ойға алғаны.
Сәбең ғой алшаң басқан бұл кешегі,
Бір өзі толтыра алған бір көшені.
Жайдары мінезінің лебіндей боп,
Тек, міне, сипап беттен жел еседі.
Өтті ол. Өлді, әрине дене, тәні,
Артында ер рухы, қалды әні.
Жүргенде сол бір әнін халқы тыңдап,
Ешкімнің өлді деуге жетпес әлі!
Жаралған ел жанынан қос тарланды,
Қанды ауыз ажал деген қасқыр алды.
Дүниеге уақытша кеп бұлар - дағы,
Қара жер құшағында мәңгі қалды!
***
Мінекей, кетті тағы үзіліп ой,
Көңілім тағы кенет жүдеді ғой...
Мынау кім қарай қалған маған үнсіз?
Мұхаң ғой, Мұхамеджан Дүзенов қой?!
Көз салдым күндеріме кешегі өткен, —
Мұхаңа болмаған сол ешбір өкпем...
Өзгеге кіші шығар, дедім, бірақ
Өзіме үлкен еді-ау сонау көптен.
Бар еді қасиеті оның артық:
Қалжың мен әзіл сөздің оғын атын,
Көңіліңді жіберетін шайдай ашып,
Жүдеп бір жүргеніңде ойға батып.
Етпеген өмір құрғыр әккі кімді,
Қан шығар о да біздей, бәлкім, мінді...
Қасына өткір еді алып түсер
Кәдімгі жабылмаған бәкі - сынды.
Не панда қайғырғанмен бос күйзеліп,
Дүниеден өткен жоқ қой тек Дүзенов
Жалғыз-ақ өкінішім — ерте кетті
Қаламы қалған кезде шын түзеліп.
Дүниенің қызық - сынды маған бәрі.
(Қалмаған достарым көп көңілім әлі...)
Сөйтсе де жетпей тұрған сияқты анық
Мұхаңның жарқын әзіл, қалжыңдары!..
***
Тоқтадым кенет оқыс тағы да мен
(Досың көгі тұтар болсаң жадыңа сен)
Жатқан бұл академик Байқоңыров
Өзгеден, көңілі - сынды, зираты кең...
Бір кезде бірге оқыдық, бірге өстік,
Жастық шақ, сан қызықты бірге кештік.
Жасынан жан еді ол парасатты,
Істесең кешіре алар сен білместік.
Жыртса да кейбір бұзық ит жағасын
Түсірмей төмен қымбат өз бағасын.
Қалатын сабырлықпен іштей тынып,
Ақылмен емдеп үнсіз жан - жарасын.
Бір тайпы елдің еді ол Өмірханы,
Ақ көңіл, бала мінез, жарқын жаны,
Шыққан бір жұмысшыдан алып еді,
Қаныштан кем көрмеген Жезқазғаны.
Болмады соңғы кезде көңіл қошы
(Етті ме опасыздық кейбір досы?!)
Кеселін білмей келіп, білмей кетті
Тым қатты өкіндірді мені де осы.
Талайға қорған болған көлеңкесі,
Аяулы өлді Адам, елді Кісі.
Орны тұр үңірейіп бүгінде де,
Жоқтай-ақ қабырғаның бір кірпіші!
Шәкеннің зираты ғой... Болғам талай,
Халқының күні - сынды алтын арай,
Әйгілі ұлдарының бірі еді,
Алпысқа толмай жатып сөнді қалай?
Көшеден бара жатып жылдам өтіп,
Құлады, бір машина қағып кетіп.
Жезтырнақ ажал деген сол бір сәтте
Сағынып аңдып тұрған, келді жетіп.
Осылай Шәкен кенет дүние салды.
Енді оған мәңгі бітпес түн басталды.
Өзі жоқ, толған бірақ қуанышқа
Халқының жүрегінде ісі қалды.
Өнерде таза болу деп парызым,
Еліне берді барын, жоқ қарызы.
Білмеді тыныштықты, өмір оған —
Бітпейтін болды мәңгі би тәрізді!..
Кино оған ашпады ұзақ қайнар көзін,
Ізденді, еңбек етті, етті төзім.
Тек, әттең, ажал кенет алып кетті
Ашқанда «Атаманмен» Шәкен өзін.
Болса да ұл мен қызы, жұбанышы,
Таппады өз үйінен қуанышын.
Өтуге өстіп мүмкін тиісті ме,
Өмірден тек өнерді қуған кісі?
Әйтсе де өмірді той, мейрам көрді,
Сол тойдың оркестрі деді өнерді.
Қосылып оған өзі бар даусымен
Өтті ол сол мейрамда бермей терді!
***
Мынау кім? Қанабектің өзі ме екен?
Иә! Соңғы жұбайы да өзіне тең —
Жатыр ғой сол молада... Жан еді бір
Ақ көңіл періштедей, төзімі кең...
Ал Қанаш тірі тіпті маған әлі
Өйткені кешегі бір салған әні,
Театр, кинодағы бейнелері
Өлген жоқ көз алдымда тұр ғой бәрі.
Сахнаны көрмеген құр ойын-күлкі,
Түсінген сонда деп бір өмір кілті,
Бір сырлы, сегіз қырлы кісі еді ол,
Шоң болып жаратылған мінез - құлқы!
Дарынын мұра еткен өз халқына
Салмақты еді ұқсаған сом алтынға.
Көрдім мен өзгерген жоқ сол күйінен
Шығуға жеткенде де жан алқымға!
Әрине, аз жас емес сексен деген,
Сынбады қыры бірақ біткенше дем.
Дүниеге Төлеген боп келді дағы
Өтті ол Төлеген боп сол дүниеден!
***
Жатқан бұл Жүсекең ғой, әннің әні.
Ол салмай жетпейтұғын әннің сәні.
Әміре, Манарбектің інісі ғой,
Арқаның айтса өлеңін кірер жаны!
Толқып бір түн боп жылай, күн боп күліп,
Кең залды күміс үнге көмілдіріп,
Біржан сал, Ақын сері өлендерін
Мың толғап отыратын төгілдіріп.
Ең соңғы еске алып салған әнін
Тебіреніп тұрып бір мен таңғалғаным:
Басында зиратының көрдім өскен
Бір құшақ Сарыарқаның сарғалдағын.
Жұбайы екті ме екен бұл бір гүлді?
Баса алмай тұрғанымда бұлғыр мұңды,
Ойымды бөліп кетті тәтті бір үн
Көрдім мен сайрай қалған жас бұлбұлды.
Жас бұлбұл келді қалай бұл араға?
Тартты ма өсетін гүл cap далада?
Бұ да бір әнші еді деп өзім - сынды
Мүсіркей жетті ме екен ән саларда?
Тәтті ой билей кетті мені тағы:
Жүсекең риза шығар аруағы,
Бұлбұлы бөлесе әнге, тұр ғой мүлгіп
Құрметтей, басын иіп сарғалдағы!
***
Қайдамын? Қалмадым ба мен жаңылып?
Кім еді іздегенім шын сағынып?
Мәжит қой! Жақсы көрген бір қымбаттым,
Қабірін көріп, көңілім тұр қамығып...
Киноның қайраткері бұл да атақты,
Біреуге сөз айтпайтын батар қатты.
Кісі еді сыртын қандай сәндей білсе
Іші де сондай сұлу, парасатты.
Адамның тым бір нәзік жанды жері,
Жанының жаны тіпті — жүрек тегі...
Бұзылған сағат - сынды ауырса ол,
Онымен ойнау, сірә, керек пе еді?
Досы емес, өштескендей шын қасымен,
Мәкең де ойнай берді сол асылмен.
Ал жүрек қабынды да алып кетті,
Санаспай топты елдің көз жасымасын!
Бұның да өнерде еді алтын бағы,
Көз салса шыңдарына алдындағы,
«Шоқанмен» бітпейтұғын алар құзы
Берері көп еді оның әлі - дағы.
Мінекей, істегендей жұрт жақсылық
Терең ғып қазып жерді күрт жабылып,
Қоштасып кете барды, қалды Мәжит —
Жападан-жалғыз өзі жер жамылып...
***
Тағы да аяңдадым әрі қарай, Тоқтадым:
«Мына бір жас өлді қалай?»
Қарап тұр күлімсіреп албырт ұлан,
Көңілім босап кетті жас баладай.
Суреті бедерінде мәрмәр тастың,
Біреудің жалғыз ұлы, қыршын жастың
Естіп мен оқиғасын, кеттім, босап,
Қолынан қаза тапқан малғұн мастың.
Бұл жігіт келе жатса кешке таман,
Жас қызға тиісіпті масаң адам.
Араша түсіпті ол — бар күнәсі,
Дүлей мас сөзге келмей пышақ салған!
Жүрегім тағы кетті удай ашып,
Өзімді өзім тұрмын әзер басып.
Болсам да жан аяғыш мен де қазір,
Бұзықты өлтіруге бармын асып!
Бұл арақ етпеп еді кімді әңгі
(Онсыз да кейбір милар әңкі-тәңкі)
Дүниенің қайғысы одан аз болған жоқ,
Құртатын жетті ғой кез оны мәңгі!
***
Томпиған көрдім, міне, қара жерді,
Томпиған көрдім кенет қайғы - көрді.
Суретті гүлде оранған көріп тұрмын,
«Япырмай, жас балдырған қалай өлді?»
Елжіреп қарай бердім мөлдір көзге,
Аузыма сөз түспеді бөтен өзге.
«Қара жер қалай қиып алдың? — деймін,
Былдырлап тілі жаңа шыққан кезде?»
Қуантар еді талай ата-анасын,
(Аймалап ата-ана да мәз баласын)
Ер жетіп ерлік істеп қаншама ол,
Халқының алар еді ақ батасын!
Жазмыштан тілеймін мен: күн сөнбесін!
Қайғы жеп ата-ана да өкінбесін!
Дүниеге титтей еткен күнәсі жоқ,
Балдырған балғын бөбек бала өлмесін!
Шыдамай әрі қарай жүре бердім,
Алдымнан тағы бір зор зират көрдім,
Көк күмбез, аппақ мәрмәр құлпытасы,
Бір сурет! Келеді оған қарай бергім!
Оқыдым жазуларын әшекейлі,
Мазақ па? Таң боп тұрмын, Деймін, «мейлі!»
Танушы ем мен иесін бұл мазардың,
Кісі еді арам ойлы, арам пейілі...
Жан еді өз пайдасына өте епті,
Өзгенің қуанышына қатты кекті.
Артына еш жақсылық қалдыра алмай,
Өзімен жамандығын ала кетті.
Үн-түнсіз зиратқа мен тұрмын қарап,
Барады ішімді бір қайғы жалап.
Адамға шын оңбаған тірісінде,
Не керек өлгенінде күмбез қалап?
Зиратқа ылдидағы шаршап бардым,
Суы ағып жоғарыдан жаңбыр, қардың,
Опырып құлатыпты саз моланы,
Оқыдым, әзер-әзер жазуларын...
Танушы ем, білетінмін көптен атын,
Көп сөзсіз бір момыны адамзаттың.
Жоғалтқан егіз ұлын қан майданда,
Сарғайған қасіретпен сары алтын.
Дәл біреу тырнағандай жан - жарамды,
Ызадан өн бойымда жалын жанды.
Қазақтың кең даласы жетпегендей,
Кім қойды ылдиға әкеп бейшараны?
Өзгеден асу болған бар тілегі,
Артында күмбездінің тұр тірегі,
Ал мына сорлы жанның бұны қоштар,
Жоқ еді сүйенері, бәйтерегі...
Жұрт неге болып кеткен мұнша қатал,
Емес қой тас мінезге мұңын батар.
Осылай бара берсе бұдан әрі,
Сен күткен таңың әлі түн боп атар.
Сондықтан өтті кісі мұңын жылай,
(Сөйлескем, мүсіркегем мен де талай)
Тіріде көре алмаған жақсылығын,
Көрмеді өлгенде де, дедім, қалай?
Кімде айып? Сенде, онда және менде...
Мұндайда тырысамыз үндемеуге.
Сөйтсе де жөнелдім мен бастықтарға,
Бейітін сорлы жанның жөнде деуге!
***
Әлі де біраз жүрдім, араладым,
Көрдім мен зираттардың біраз, бәрін...
Бірі мен бірі жатыр сығылысып,
Құлаған кейбіреуі... Ойға қалдым.
Көп елдер өлгендерін паш етеді,
Кей зират, зират емес, бір ертегі!
Өйткені ұрпақтары ұмытқанша,
Адамның ең ақырғы бұл мекені!
Біз елміз мұндай істе ойға жарым,
Көтермес өзгелердей қолда барын.
Ел менен жер қорғаған ұлдарының
Кім білген қайсы қайда қалғандарын.
Сөз жоқ қой жүрген кезде көшіп, қонып,
Көрмеген күмбез қалап, мазар соғып,
Сен неге қалдырмадың бізге мұра.
Деу өзі болар еді мүлдем зорлық.
Дегенмен ол халықтың өткені ғой,
Уақытпен бірге өшіп кеткені ғой, Ал қазір?
Неге марғау жанашырлық?
Әлі де ақыл өсіп, жетпеді ме ой?
Мінекей арайланып күн де батты,
Көңілімді көргендерім жабырқатты.
Асығып шыға бердім, қалған екем —
Сағынып өмір деген мен рахатты!
Міне енді күн де батып, таң да атты,
Кешегі мәз өмірің балдан тәтті,
Барады кемерленіп тұзға айналып,
Tic өтпес қара тікендей біткен қатты.
Жуасып, қартайып бір албырт желік,
Күстеніп, балғын жүзің әжімделіп,
Уақытқа, аққан өзен, бөгет таппай,
Отырсың өкпелеп бір, жәбірленіп...
Көтеріп тірлік деген ауыр жүкті,
Болдырып қалыпсың сен әбден тіпті.
Бітер ен біржолата шал боп қаусап,
Бермесе арман саған дәрмен тіпті.
Сорлысың, қиялың тар ғаріп болсаң,
Көңіліне таусылмайтын қайғы толса.
Күш қайда, жасы жетпей жас қартайса,
Мезгілсіз ал қырмызы гүлдер солса?
Өмірден тәтті ләззат ала алмасаң,
Теңіздей тереңіне бара алмасаң
Онда сен өзіңді-өзің алдағанын,
Кешкенің құр тіршілік әуре-сарсаң...
Білсең сен алдыңда сан асу барын,
Аса алсаң өмірдің сол асуларын.
Дүниеде сенен асқан бақытты жоқ,
Болады сонда сұлу атар таңың!
Өмірге сен жолаушы, алдың жорық,
Жыл санап тұрар сені ажал торып.
Ойлай бер борышымды атқардым деп,
Өте алсаң сол жорықтан Адам болып!
Мінекей мен де тұрмын сол асуда,
Жаңадан күшім жетсе жол ашуға.
Өйткені ен қымбатты қайсар өмір
Қақым жоқ менің оңай тез жасуға!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Намыс

  • 0
  • 0

Өлім не? Тыныштық ол тас қамалды,
Кәріден бұрын кейде жасты алады...
Тек қана қаһарманға қара жердің
Ұлы өмір мәңгі өлмес басталады.

Толық

Адам — мәңгілік

  • 0
  • 0

Бұл жалғаннан
Басқаным кейде шоқ болды.
Бұл жалғаннан
Құшқаным кейде от болды.

Толық

Құлпырады жасыл көктем

  • 0
  • 1

Гүл жамылған жатыр дала
Қиқу салып құстар келген.
Көлде. ойнаған ақ шағала
Қанатына шаттық ерген...

Толық

Қарап көріңіз