Өлең, жыр, ақындар

Жеңге өліміне

  • 21.03.2019
  • 0
  • 0
  • 3822
Елу жыл еріменен бір жасаған,
Бар еді бәріміз бір қимас адам.
Оны біз жеңге деуші ек, еркелеуші ек,
Жеңгеміз үйдің әсем көркі деуші ек.
Біз соны бүгін жерге көміп қайттық,
Біз бүгін кешегіден кеміп қайттық...
Көмгендер үйді-үйіне кетті тарап,
Қайран боп қалды ағамыз жерге қарап.
– Мен шын - ақ айрылдым да алғанымнан...
Шынымен жылап жалғыз қалғаным ба?
Мен қалай сиям мына үй дегенге,
Шын - ақ мен жалғыздыққа үйренем бе?
Деп тұрды ол тәлтіректеп, басы айналды,
Құлатпай немересі сүйеп қалды.
Жіберді ол өксіп - өксіп шыдамады,
Болғай - ды осы ақырғы жылағаны.
***
Иілме жас, иімпаздар игенге,
Өз ойыңды айт, айқайлап айт, именбе.
Үйрен бүгін сұмдықтарды сүймеуге –
Ертең төтеп берем десең күйреуге.
Иілме жас, иімпаздар игенге,
Күштілерге сен де күш айт, именбе.
Бүгін үйрен жалаң аяқ шоқ басып,
Ертең өртке лақтырса да күймеуге.
***
Кейде мен босанып мазасыздықтан,
Жатамын ұйықтап жып-жылы төсек ішінде
Өзімнің бір сағынып жүрген кісімді,
Дәл өңімдей - ап-анық көрем түсімде.
Дәл өңімдей - ап-анық көрем түсімде –
Күн күлкісін де, тізілген аппақ тісін де,
Тістене берем тілінен қаны аққанша,
Менің сүйгенім, оның сүйгені үшін де.
***
Кәнеки, дос, әнші досым,
Сұрауыма жауап болар айт өлең,
Сәл... сәл ғана жарқыраған мына күн,
Сөне қалса қайтер ем?
Кәнеки, дос, айт тағы да,
Сұрауыма жауап болар айт өлең.
Сәл... сәл ғана біз жұтатын мына жел
Тына қалса қайтер ем?
Айтшы тағы, соңғы рет айт
Сұрауыма жауап бере айт өлең.
Сәл ғана мен ұмытылып ! сүйгенімнің есінен
Шыға қалсам қайтер ем?
***
Төрт жағым түгел секілді, жаным,
Жүрсем бопты өзіңмен ғана тілдесіп
Сен секунд сайын жанымдасың,
Жыласам да, қуансам да, жаным.
Өзіммен ғана біргесің.
Аспаннан саған сұғынып қараса,
Ай да менің күндесім,
Күн де менің күндесім.
Сен қашанда жүрегімдесің,
Ұжмақта да, тамұқта да, жаным,
Өзіммен ғана біргесің.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әзіл орнына

  • 0
  • 0

Мені жұрт дейді-міс майталман,
Ойларын өлеңмен айта алған.
Мен кейде қаламын сөз таппай
Адамдай шабыты ортайған.

Толық

Көкек

  • 0
  • 0

Бір қонып, бір секектеп,
Атым менің «көкек!»- деп.
Керек болса саған жаз
Келдім дейді жетектеп.

Толық

Жеңеше әні

  • 0
  • 0

Қайным, қайным, есіңде ме жеңешең?
Жүдеуші едің құрт, майымды жемесең.
Жақсы үмітті жоғалтқандай болушы ем,
Күніне бір «жеңешетай» демесең.

Толық

Қарап көріңіз