Абыл
Ертерек, ескі Каспий жағасында,
Қазақ пен түрікпеннің арасында,
Ұшқыннан өрт тұтанып, қан төгіліп,
Кез еді жөн таппаған жарасуға,
Босамай ат белдеуден, найза қолдан,
Жол баққан торушылар оң мен солдан,
Ащы айқай аттандаған жетсе келіп,
Қарумен қамданбаған қалмады жан.
Бір жеңіп, бір жеңіліп екі жағы,
Жортуыл жонға сыймай тұрған шағы.
Құйыны қуғыншының күн көрсетпей,
Жүйріктің жер соғады толарсағы,
Күндерде бір жорықта сол заманда,
Егесіп ер түрікпен аттанғанда,
Жауынан бір жігітті тұтқынға алып,
Қайтқан соң табыстардан тартты сауға
Кезінде кешкі салқын жұрт жиналған,
Далаға үй сыртына кілем жайған,
Ортада оттай жанған отырды қарт
Сезіне ұлдарының құлақ салған.
Құрметтеп қоршаған сүйген шалын,
Айтты олар ерліктерін - қимылдарын.
Мақтасты шаң шалмайтын жүйріктерін
Мадақтап батыр жүрек адамдарын.
Бәрі шат, жеңіс, олжа кеңес жайы,
Толған ат текежауміт үй маңайы.
Оқшаулау тұтқын қазақ отыр мұңды,
Ескеріп оған ешкім зер салмайды.
Қол, аяқ бұғауланған, бас жаралы,
Белгілі бетінен - ақ шаршағаны.
Үңіліп қиялына отыр тұтқын,
Өз елі арман етіп аңсағаны.
Есте жоқ, тартып азап қиналғаны,
Қорқытпас ертең тағдыр не қыларын.,
Жай жандай сырт пішіні отырғанмен
Алыста шарықтап жүр ұшқыр жаны.
Гулеген алдындағы тамашаны,
Көзге іліп менсінген жоқ тұтқын әлі.
Шапшып от жүрегінде жатыр лаулап,
Көрінбей көршілерге маздағаны.
Тәкаппар ойшыл тұтқын, тұрлаулы жан,
Бір кезде қалып кейін қиялынан,
Төңкеріп төңірегіне салды көзін
Жиынға дуылдаған – шуылдаған
Қарындай шалды көрді саңқ-саңқ еткен,
Алдында көп түрікпен сый көрсеткен.
Керемет кескінінен мейірі қанып,
Қадалып қалды тұтқын соған шеттен.
Үстінде жібек кілем отырған қарт,
Жиынға шуламасқа етті ишарат.
Алдырып үйден сәнді домбырасын,
Біреуге қасындағы деді күй тарт.
Тым-тырыс жел тынғандай тыйылды шу.
Басылды сөз бен күлкі сепкендей су.
Тілсімдеп айналаны арбап, сарнап,
Болмады көпке дейін күйге тыншу.
Қандырып күйден тұтқын жан сусынын,
Оның да жүрегіне өтті шым-шым,
Сүйсініп күйшіден көз айырмады
Ұмытып дұшпандығын, тұтқындығын.
Топ басы күйшісіне күле қарап,
Салалап ақ сақалын қойды тарап,
Қазақтың соңғы шыққан Абыл күйін,
Тартуын тамылжыта етті талап.
Ішегі домбыраның дірілдеді,
Жөнелді жүйрік қолдар сүрінбеді,
Түбінен тұңғиықтың бір үн қайнап,
Төндірді тыңдаушысын соған енді.
Күй билеп елдің еркін дұзақтады,
Тербетті, маужыратты, ұзатпады,
Айналып күй жүрекке, жүрек күйге,
Балқытты батыр шалды шыдатпады.
Кенеттен күйреткендей түсті бүлік,
Кетіпті қос ішектің бірі үзіліп.
Тұнжырап түн басқандай тіл қатпастан
Қалжырап қарт діңкесі қалды құрып.
Езілді тұтқынның да жан жүрегі,
Күйіктен қарс айрылып көкірегі,
Күңіренді, күрсініп ол күйзеу тартты
Тек қана жылағанын сездірмеді.
Ішегін домбыраның қайта тағып,
Өңгеріп күнәлі жан көрді қағып,
Үзілген жүрек қылы жалғанбады,
Көнбей күй, құладындай кетті лағып.
Үн қатпай отырғанның қалды бәрі,
Қарғасты қан жұтқызған домбыраны.
Табылмай талапты жан шер серпілтер,
Тапжылмай топтағылар отыр әлі.
Тыныштық тұтқынды да тұншықтырды,
Сыр бермей, ерлік етті, іштен тынды.
Сеп болар сенімді адам шықпаған соң,
Орнынан оқ жыландай атып тұрды.
«Беріңдер домбыраны, туғандарым», -
Деп тұтқын жалынышпен айтты зарын,
Түнерген түрікпендер бұрды мойнын
Қарасып кескініне бишараның.
Орындап қарт әмірін жас түрікпен,
Босатып тұтқын қолын темір кілттен.
Шетінен жібек кілем ұсынды орын,
Сыпайы қонақ күткіш кішілікпен.
Кезінде күн батар шақ, қоңыр салқын,
Батысты боянғанда қызыл жалқын,
Ағытып омырауын жерге төсеп
Тұтқыннан бір ғажайып туды қарқын.
Қақтырды ойшыл тұтқын жан қанатын,
Қамдай күш оған бөгет бола алатын,
Арбады, ә дегеннен алды уысқа
Тыңдаушы түрікпеннің сүйген қартын.
Барады тартқан сайын омыраулап,
Тұтқынның жүрегінің оты лаулап.
Жайлауын түрікпеннің, кетті кернеп,
Толқынды бір ғажайып үн сорғалап.
Кіре алмай ұясына күн байланды,
Шұғыласы домбыраны шыр айналды,
Балқытқан ұясынан көтеріп бас,
Aй да ерте күндегіден шыға қалды.
Жел дағы жер бауырлап шөгіп алды,
Күбірлеп күймен бірге демін алды,
Тұтқынды кейде желпіп, кейде сүйіп,
Күңіренген іштен шерін төгіп алды.
Теңіз де толқынданбай тына қалды,
Жай ғана желден бір сөз сұрап алды,
Айдында айдай жүзген жалғыз аққу,
Сұңқылдап шыдай алмай жылап алды.
Аруана қысыр қалған о да ыңыранды,
Күрсінді, еміренді, шыдамады,
Желініп тастай қатқан уыз кернеп,
Бауырынан жануардың сүт парлады.
Жолбарыс атылуға жатқан дайын,
Жылтылдап қос шырағы жұлдыздайын.
Иреңдеп баурын төсеп ыңырсиды,
Шымырлап жанына күй батқан сайын.
Қалғыған тауда қыран бір сілкінді,
Сорғалап түнде талай асты қырды.
Қалықтап, дөңгеленіп, қанат қақпай,
Тұтқынның төбесінде ұшып жүрді.
Аңдыған ауру жанды ажал шіркін,
Соқтырып сұрапылдай суық екпін,
Жалақтап аш бөрідей арсалаңдап,
Алады жолда жортып дүркін - дүркін.
Салуға қанды шеңгел бір боздаққа,
Ұмтылса кеселді үйде жанған отқа,
Толқыны домбыраның қарсы соғып,
Ажалды бастырмады ауыл жаққа.
Кірпігін әрең қаққан жүдеген жан,
Аузына жылап жары су тамызған.
Кем-кемнен жүріп қаны, кіріп жаны,
Боздақты босатты күй ауруынан.
Тұтқыным таңдандырып жер мен көкті,
Әлемді дел-сал етті, елжіретті.
Айлы түн домбыраны тыңдай-тыңдай,
Қоштасар кереметке мезгіл жетті.
Домбыра орындады өз дегенін,
«Уһ!» - деп тартқыш тұтқын алды демін.
Mac болған күйге жайлау есін жиды,
Мейірін бір қандырып түрікпеннің.
Кептірмей қарт түрікпен көздің жасын,
Көтеріп күйге батқан алды басын.
Тұтқынға таңмен бірдей жайды құшақ... –
− Шырағым, Абылмысың, айт расын?
Әрірек осыны айтып көз салды шал,
«Бұлар кім?» деген үні шықты қатал,
Сыңсыған қара ормандай қазақ қолы
Тұр екен ат үстінде самсап қатар.
Жалындай түрікпеннің жас ерлері,
Жау десе жайнаң қаққан жігіттері
Қоршаған сансыз қолды, көп найзаны,
Осы ма беттесуге күткен жері?
Жеңіліп домбырадан тұтқын тартқан,
Түн бойы тыңдай-тыңдай сіле қатқан,
Сезбепті түрікпендер, естімепті,
Сарынын кектілердің келе жатқан.
Қазақ та жырды ұнатқан, әнді ұнатқан
Халық қой күймен көңіл жадыратқан.
Абылдай аяулысын іздеп тауып,
Тыңдасқан домбыраның сырын айтқан.
Құшақтап қарт түрікпен күйшімізді,
Көзінің моншақтатты, жасын тізді,
Сүйкіммен қазақ біткен тұрды қоршап,
Суырылмай ақ семсерлер екі жүзді.
1940
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі