Өлең, жыр, ақындар

Мерген

  • 29.03.2019
  • 0
  • 2
  • 2789
Алатаудың арасында,
Сәске түстің шамасында
Мөлдір судан қанып алып
Бір азғана демін алып,
Өрге басып кетті мерген.
Шыңнан шыңға жетті мерген.
Айналасы ну қарағай,
Жүрек жарған исі қандай,
Жасыл майса, гүл шешектер,
Гүл сипатты көбелектер,
Бір ұшады, бір қонады
Керегінше гүл сорады.
Жалғыз аяқ ирек жолмен,
Жоғарылай біздің мерген,
Бip көрініп, бір жоғалып,
Кейде кенет тоқтай қалып,
Айналаға құлақ салып,
Қарағайды кетті жарып.
Кейде аюдай бүкшең қағып,
Ыстық тасқа тері тамып,
Баспалдақсыз жылтыр жардан
Адам баспас, кешпей жаннан
Талай-талай, талай жерден
Асты таймай біздің мерген.
Кілт кідірді әлден кейін,
Қалды отырып алмай демін.
Қара мылтық созды мойнын,
Төнді, кімге салар ойын?
Бірақ әлі атылған жоқ,
Шүріппесі басылған жоқ.
Карсы алдында қырық кадамда,
Қара тонды ұсап шалға,
Бір аю тұр еңгезердей
Аңдушыны көзі көрмей,
Қазандай тас көтергені
О да аңдып тұр әлденені.
Балпаң-балпаң, балпаң басып,
Екі көзін әрең ашып,
Қос баласы шықты аюдың,
Шуағына жазғы күннің
Бірін - бірі кезек жалап,
Бір-біріне қойды қарап.
Қарап тұрмай екі бала,
Бастап ойын тасыр сала,
Бірін-бірі жерге аунатып,
Кейде анасын тістеп тартып,
Тыныштықтан маза кетті;
Аю сонда aшy етті.
Қорбаң қағып барды дағы
Қос баласын алды дағы,
Екі таспен тауып емін:
Қойды басып қос тентегін.
Өзі орнына қайта оралды.
Тасты қайта қолына алды.
Бұл қызықты кім бар көрген?
Әлі күтіп отыр мерген.
Аю бір кез қимыл ашты:
Жіберді атып қара тасты
Қаңқ етті де ойдан бір үн
Тына қалды тістеп тілін.
Келді кезек енді адамға
Аңдушыны аңдығанға,
Мылтық даусы тау күңірентті
Жаңғырықтар шулап кетті.
Тас лақтырған аю батыр
Енді міне сұлап жатыр.
Жар басына жетті мерген,
Аю атқыш епті мерген.
Еңкейіп кеп ойға төнді,
Жатқан өліп барыс көрді,
Қазандай тас ұрған екен
Басын мыж-мыж қылған екен.
Көріп мерген бұл суретті,
Күлімсіреп күбір етті...
Көп ұзатып күтсін нені,
Сылынды аңның терілері.
Бір тарғыл мен бір қоңырды
Салды бүктеп, жолы болды.
Бұл аз болса бар ғой тағы –
Асты бүгін мерген бағы.
Тас астына бастырылған
Жатыр аю балалары.
Қолтығына қысты екеуін,
Осынша олжа түсті тегін.
Төнгенде күн көкжиекке,
Қызыл арай шашып бетке,
Ойында жоқ шаршау деген
Түсіп жолға таудан төмен,
Арқаға олжа артып мерген
Аулына тартты мерген.
Көршілердің келді бәрі,
Көрді бәрі мол олжаны.
Әңгімеден ашылды көз,
Алуан түрлі айтылды сөз.
Бірі өтірік, біреуі шын
Кім бар оны тергейтұғын.
Мергеннің бір ұлы бар-ды,
Мәпелеп жас қонақтарды,
Қайта-қайта алақайлап,
Тартты сыйға сүт пен қаймақ,
Әлден кейін ұйқы басып,
Жатты үшеуі құшақтасып.

1940



Пікірлер (2)

Мергенбай

Өлеңдер

Мұрат

Әбділдә Тәжібаевтың Мерген деген өлеңі керемет

Пікір қалдырыңыз

Ұмытпа, сәулем, сен оны

  • 0
  • 0

Жүзіңнен жуып күлкіңді
Жабады қайғы пердесін.
Жандырып жалын кеудеңді,
Жабырқайсың, сонда сен..,

Толық

Жол туралы

  • 0
  • 0

Асфальтты, асфальтсыз жолдарды білеміз,
Асфальтты,асфальтсыз жолдармен жүреміз.
Бірақ біз жолдағы міндетті білмейміз,
Жолдарды, жолдастар, жазықсыз кірлейміз.

Толық

Хат

  • 0
  • 0

«Хат жазамын қалам тербеп
Құлағың сал, жан аға.
Мен бауырыңның сізден сұрар
Бір тілегі бар, аға.

Толық

Қарап көріңіз