Ашықтар
Пролог
Барады жосып қосын жол қуалап,
Барады жөңкіп қаңбақ жел қуалап.
Қанша рет жер ағарды, жер көгерді,
Қанша рет жыл ауырлап жеңілденді?
Бәрін де айтады ақын, ұмытпайды,
Жырланар араласа үміт, қайғы,
I бөлім
Жас ақын оқуынан қашты ауылына,
Еткен ол мектебінде талай күнә.
Бас имей патша Ағызамның суретіне,
Бағынбай басшылықтың жарлығына.
Жез крест қарғы ілуге тағы көнбей,
Ешкімнің дініне ермей, тіліне ермей,
«Мен үшін ең зор тәңірі өлеңім!» - деп
Еліне кеткен тартып көшкен желдей.
Көз салып көкжиектің кемеріне,
Кеңісте канат байлап өлеңіне,
Қуана қоңыр желден алар тыныс
Ат басын әлсін-әлсін төгеді де.
Көкшенің көзі түссе қиясына
Найзадай Оқжетпестің шың басына
Ағытып ат тізгінін алады ақын
Қырандай кайтқан жаңа ұясына.
Бір желіп, бірде шауып жортқан сайын
Жүректен серпілгендей қайғы - уайым.
Жарқылдап жай тасындай келеді ағып,
Құйылған қиырдан бір сұңқардайын.
Ескен жел шуламайды алла атымен,
Иілген қарағай жоқ белден төмен.
Бас имей я тәңіріге, я патшаға,
Табиғат жатыр еркін өз бетімен.
Ақын да жел сияқты еркін соққан,
Беттесе жанып тұрған қайтпайды оттан,
Тоқталмас тұншықпаса салған әні,
Салатын саудаға әкеп жоқ иманы.
Ол дағы қарағайдай көкке өрлеген,
Бұқпаған, бас имеген, берілмеген.
Я балта, я сұрапыл құлатпаса
Қор болып былғанышта жатпас төмен.
Жүрегі аспандағы жанған күндей,
Жігері айналған жер құдіретіндей;
Бетін бұлт, көңілін кірге шалдырмасқа
Өр қиял өрлей - өрлей кететіндей.
Құландай дүбір естіп қуғын көрген,
Оғынан құтылғандай сұқсыр мерген,
Ұмтылып үйіріне келеді ақын
Ем іздеп жарасына өскен жерден.
Самалға қоңыр салқын төсеп төсін
Жарысқан жолдас көріп көлеңкесін,
Өз елін өрт шалса да орда көрген
Ақынның айыптармыз неменесін!
Көз салып торабына тоғыз жолдың,
Іздесе бақыт жолын жас өмірдің
Ой қажып, өң бозарып, көз талғанда
Оралар кеңесіне туған елдің.
Кім өлсін елден біреу шырақ жағып
Түнегін тұнжыр түнді бір-ақ жарып.
Толқыннан, дүлей боран бастап аман
Бір жерге бейбіт шуақ шығар алып?
Белгісіз жол бастаушы іздеген жан
Ойымен ынтыққаны жалғыз арман.
Алласыз, ақ патшасыз мекен табу
Өсетін құлшылықсыз туған адам.
Мінеки ауылына ақын қалды келіп
Қарсы алар қандай дана қолын беріп?
Астында батар күннің түтіндеткен
Ойда ауыл көрінеді дөңгеленіп.
Қоңыраудай құлын үні шұрқыраған
Естілер шалдың даусы жылқы айдаған,
Қиырдан құлаққа кеп құйылады
Ащы әні безілдетіп қойшы салған.
Ат басы өз үйіне таялғанда
Танып қап жүрген жігіт сол маңайда,
«Шешеке, сүйінші!» - деп салып айғай,
Жарысып келіп қалды балалар да.
Ұмытып қазанында сүт қайнатқан,
Қозысын көріп ана келе жатқан,
Жалпылдап жарық көрген көбелекше
Сүйгенше асығып жүр түскенше аттан.
Ақын да мейірімденіп анасындай,
Құшақтар қарт анасын баласындай.
Еміреніп еркелетіп шөп-шөп сүйсе
Таласар жеңгесі құр қалатындай.
Асығып ағасы да қой иірген
Ұмтылды жан бауырын көрген жерден.
Інісін айналады, толғанады,
Қызық - ау табысқаны ердің елмен.
Жиналып жан-жақтағы кемпір мен шал,
Жапырлап жастары да сөзге құмар,
Жайғасып үй сыртына киіз жайып,
Гулетті әңгімені отырғандар,
Ай қалқып өрлегенше тас төбеге
Құйылып местен қымыз тегенеге,
Үздіксіз сары ожаумен сапырылып
Қымыздай қыза берді әңгіме де.
Сөйлесе біреу мал мен жердің жайын,
Бірі айтып аурулар мен емнің жайын,
Жүйріктер аңғартады ишаратпен
Жем болған жебірлерге кімнің жайын.
Әтештей қиқу салып осы кезде
Жырлады «алла әкбарын» молда түнде;
Қоштасып құптан үшін тарқасқандар
Намазға құлап жатты үйді-үйінде.
Азанға аза бойы түшіркеніп,
Ақын да тас бүркенді төсекке еніп.
Елестеп көз алдына поп пен молда,
Күбірлеп құдайларды жатты сөгіп.
Таң ата мал қыбырлап ауыл қайнап,
Қойшылар кетті қойын өріске айдап,
Шелекпен келіншектер суға жөнеп,
Ойнауға балалар да шықты заулап.
Қолтықтап жуан - жуан кітаптарын,
Бос тастап иығына тар шапанын,
Барады өрлей дөңге балғын ақын
Шолуға алыстар мен ауыл маңын.
Бала еді қаныпезер жас кезінде-ақ, -
Өскен соң өзге мінез қайдан таппақ!
Ордама ояз қонған басын сұқпай
Көрдің бе сыйламауын аруақты ақмақ?!
Деп, Сапар – болыс - екең шығанақтап,
Жатты да өз пікірін айтты баптап.
Деп, - «малғұн, діннен безген жаһаннамы!»
Молда да кейіп қалды тызалақтап.
Келуін геройымның күтсе - дағы,
Ақынның өрлігінен сынып сағы,
Болғансып болыс қызы намыстанып
Танауын тыжырайтты Гүлсім тағы.
Жалғыз-ақ орыс қызы - балғын Мәриям
Біле алмай толық хабар жас адамнан
Көргісі, біліскісі келсе - дағы
Әзірге сыр берген жоқ ұялғаннан.
Оқушым, ұқтырайын саған бір кеп,
Таңданба, ауылдағы «Мәриям кім?» - деп.
Өз үйі көршідегі поселкеде
Қонақ қыз жатып кетер айлап, күндеп.
Әкесі уряднигі осы өлкенің,
Білетін көптен таныс қазақ жерін.
Қан-жыны араласқан, Сапарға дос
Тасығыш болыстардың шен-шекпенін.
Мәриямның он жетіге жеткен жасы
Гүлсімнің болыс қызы замандасы.
Көл, дала, көк орманды жандай сүйген
Ол - дағы осы ауылдың бір баласы.
Жұлдыздай жымың қағып көз жанары.
Жүзінен сыр бергендей ойлағаны.
Көргенше жас жігітті сабыр таппай
Гүлсімге былайша деп сөз салады:
− Отырғанша үйде бос
Жүр шығайық, Гүлсімжан,
Аралайық көк шалғын,
Гүл терейік даладан.
Естиікші тәтті үнін
Боз торғайдың салған ән,
Жұтайықшы күн нұрын,
Жүр шығайық, Гүлсімжан.
Күй төгейік гитардан,
Арнап күнге, гүлдерге.
Жүрші, Гүлсім, жүр жылдам,
Серуендейік біздер де...
Жастық па, я мастық па ойландырған,
Жүрек пе ыстық қан мен бойды алдырған
Жеткен соң он жетіге қызға кінә
Қоймаспыз, білер жөнін өмірлік заң.
Бірі ғой Мәриям да сол қыздардың,
Құмарын баса алмаған ыстық жанның.
Көргенде ақынымды көңіл не дер
Әзірге ол арасын біле алмадым.
Ауылға дөң басынан көз жіберіп,
Теңіздей терең ой мен қиялға еніп,
Ақынның серпіп жаны, толқып қаны,
Кеудесін өлең, ырғақ отыр керіп.
Көз көрген, жүрек сезген картиналар,
Сызылып ақ қағазға түссе шебер...
Өзі оқып өз жазғанын ақын сонда
Күбірлер жел сияқты әлденелер.
− Деревняң Пушкин сенің көз алдымда,
Сол сурет, сол жуастық өз ауылымда.
Желсіз күн, тымықтағы түтіндерді
Артылтып сенен бүгін жазармын ба.
Әне шал бар өмірі құлдықта өткен,
Үстінде шидем шекпен, қолда кетпен.
Тазалап бай қотанын күн батқанша
Жан терін көремісің жерге төккен!
Баласы қонын баққан жат адамның
Өріске кетті бірі болып малдың.
Ac ішкен итпен бірге итаяқтан –
Ашылар қашан соры бишараның?!
Сыңсыған және естимін қыздың зарын,
Жас жауып жадыратпас бет ажарын.
Күңірентіп жас жандарды барады алып
Хайуандар екі аяқты төлеп малын.
Білмеймін боларымды қандай адам,
Айналам тас қараңғы, халқым надан.
Өлеңім елім үшін жаққан шамым,
Болар ма оқитын жан, ұғатын жан,..
Байқасам қаламым да бұғауланған,
Жетпейді жұртқа түгел ойдағы арман;
Дайын тұр қолға кісен, тілге тұзақ,
Арылмас аңдыған жау айналамнан...
Ақыным өз жазғанын оқып өзі,
От тастап жүрегіне жазған сөзі,
Күрсіне көтергенде басын күшпен
Қос қызға анадайдан түсті көзі.
Лентасы гитарының мың құбылып,
Лентадай сұлу, көркем гүлдер жұлып,
Адамдай саяхатқа шыққан Мәриям
Келеді кейде жүріп, кейде тұрып.
Қасынан геройымның өтті Мәриям,
Сәлемнің ишаратын етті Мәриям.
Қалғанда қолтығынан бір шумақ гүл
Сезбеген кісідей боп кетті Мәриям.
− Ғапу ет, кешіріңіз, жас қыз маған,
Гүліңіз қалды түсіп теріп алған.
Қиянат аманатқа жасамайын
Егерде өзге адамға болса арналған.
Дегенде жатқан гүлді жерден алып,
Үзіліп жолдасынан Мәриям қалып,
Қасына гүлді ұстаған келгенше ақын
Күлімдей тұрды қарап шырайланып.
Желпіп жел жібек көйлек етек-жеңін,
Күн - дағы жайып - шуған қыздың өңін.
Күнәсіз балғын бойы көк сүйріктей
Соққандай қос бұрымы тілерсегін.
Алғанда қолын созып ақыннан гүл
Қарасып қалды екеуі қатыспай тіл.
Әйтсе де қадалысқан өткір көздер,
Дескендей болды «Жаным, енді өзің біл»,
Сұлуды солғын жігіт ойландырды,
Жанына өшпейтін бір ой қалдырды.
Жарқылдап жалт-жұлт ойнап жай түскендей
Жүрегін жандырды да ойран қылды.
Ақыры сыпайылап тілге келді,
Гүлді алды, қызметіне алғыс берді.
Көп гүлден таңдап бірін қайтарғанда
Дауысы да, жүрегі де дірілдеді.
− Кешіңіз, сіз де, ағатай болса күнәм,
Алыңыз тартуымды етпей күмән.
Беріп еді орыс қызы деп жүрерсіз
Кездессе кітаптардың арасынан...
Солдырмай сыйлығыңды сақтауға мен
Алдыңда ант етемін жас жаныммен.
Ант сертім сыйлығыңа тартқан сыйым,
Жүргейсің шығармастан жүрегіңнен.
Адаммын арылмаған шытырманнан,
Андаған арандар бар алды-артымнан.
Қаңбақтай жел айдаған алыстасам
Өкінбе кім еді деп сол ант ұрған.
Нұрлы қыз күн қызындай кетті Мәриям,
Жүрегін жас жігіттің сөкті Мәриям.
Тапты да тыңдаушысын, бара жатып
Гитардан бір тәтті күй төкті Мәриям:
Алтын ішек әндетті,
Әндетті
Сүйгеніне зар шертті,
Зар шертті.
Күн қызартты ақ бұлтты,
Ақ бұлтты,
Ән жанымды жаңғыртты,
Жаңғыртты....
II бөлім
Таласып батар күнмен кешкі шақта
Түймелі күйме жеккен қос көк атқа,
Сылдырлап қоңыраулары сыңғыр - сыңғыр
Әлдекім келіп қалды ауыл жаққа.
Үркітіп андарды да, малдарды да,
Тамсантып баланы да, шалдарды да,
Қос көк ат ортаға кеп тоқтағанда
Қызығып қарамаған жан қалды ма!
Жамылып иығына қара желең
Жарастық дөп-дөңгелек шляпамен,
Жалтылдап шынжыр баулы көзәйнегі
Бір жігіт шыға келді қағып елең.
Қарсы алып құлаш жайып Сапар сонда
Алшаңдап, екі аяғын қозғап зорға,
Қонағын іздеп келген құшаққа алды
Деді де - е, жасаған, жолыңды оңда.
Көптіріп бұйра қою қара шашын,
Қолға ұстап кірген үйге шляпасын,
Ізетпен Гүлсім қыздың қолын қысып,
Тағы да әнтек қана иді басын.
Көз салып Мәриямға ишаратпен
Естілді сыпайы үні күбір еткен.
Шляпа, жеңіл желеп, имек таяқ
Басына керегенің ілінді еппен.
Сәлден соң сигарына от тұтатып
Құмарта көк түтінді ішке тартып,
Көңілдің желді лебі бетінде ойнап
Ішінде ақ орданың жатты балқып.
− Ақыным, ардагерім, Ағжан шырақ,
Қарадан қан боп туған сен шамшырақ.
Сақта деп жат көзінен, жау тілінен
Тілеймін өміріңді кетсең жырақ.
Деп Сапар жастығына шығанақтап
Ақынға ақ ішетін айтты баптап.
Көпірте cap қымызды құя түсіп
Әкесін Гүлсім де отыр іштен жақтап.
Кеңес қып «Сарыарқа» мен «Қазақ» жайын
Сөзден сөз туа берді айтқан сайын.
Еске алды өткен жылғы аламанды,
Қанша өлді, қанша жараланды.
− Үміт не көзсіз жұрттан жөн білмеген,
Я құдай, я патшаға жүгінбеген!
Дабыры даладағы шықпас естен
Әскерге адам бермей дүрілдеген.
− Асауды бұғалық қой бас білдірген,
Аңдық қой бос тулағып, бүліндірген.
− Өз күшін, өз ақылын өлшей білмей,
Сапыға сағағынан іліндірген...
Сөз бітті тоқтап қымыз, толды қарын,
Шыпшыған сүртті терлі маңдайларын.
Сыпайы сырбаз қонақ сыр аңғартты
Тыңдасақ қайтеді деп жастар әнін.
− Гүлсімжан, сен шыға ғой ағаңа еріп
Қызығын кешкі ауылдың келсін көріп.
Ән естіп, айлы түнде, сергіп бойы,
Одан соң ұйықтар жақсы көңілденіп.'
Деді де тұрды Сапар бір ырғалып,
Қонақ та шықты тысқа қосарланып.
Мәриямға барайық, деп күлді Гүлсім,
Отынан қуаныштың көзі жанып.
Қозыдай егіз туған қос бойжеткен
Қонақты ортаға алып мархабатпен.
Ішінде айлы түннің кетті қалқып
Думанға алтыбақан дүрілдеткен.
Оңында Гүлсім сұлу, солда Мәриям,
Ортасы екі қыздың емес пе сән?
Көк шатыр алтын айлы көтерілсе,
Қалайша шарықтамас ақын адам!
Гүлсімнің шолпысы да қағып сылдыр
Ақынға әлдеқандай айтады сыр.
Қайнап қан, от түскендей ойнап жүрек
Соғады үстін-үстін неге құрғыр!
Үн-түн жоқ Мәриямда тұншыққандай.
Жас жанын жұмбақ сырға шымшытқандай.
Елестеп көз алдына өзге сурет
Жетуге соған ғана ынтыққандай.
Сонымен жиынға олар келіп қалды,
Аялдап алтыбақан, ән тоқталды.
Таң көрген тамашалап жас қонақты
Жиналған өңшең жастар ортаға алды
Бұл кезде тауып Мәриям өз ақынын,
Келген кім, әңгіменің айтты түрін.
Жетектеп Ағжанға әкеп таныстырды
Білдіріп атының да Тәукендігін.
Танысып Ағжан, Тәукен сол арада,
Ұғысты бірін бірі қысқа ғана.
«Қалмасын ойын суып, өлең тынып», -
Десті де араласты тамашаға.
Шайқалып алтыбақан содан кейін,
Шырқалған ән тоқталмай көпке дейін
Отырып Ағжан, Гүлсім бірге тепті
Екеуі тамсандырды сол дүрмекті.
Тербелсе дауыс қандай шығады өктем,
Тұрғандай ән құйылып тұрар көктен.
Қиялы сұлу сүйген мырза ақынның
Сол кезде толқи тасып, желдей ескен.
Сезінді ол - өзін сонда тіпті ерекше
Көкке де жол тапқандай ұшып кетсе;
Сезінді ол - күллі жаһан иесіндей,
Түнде күн шығардай боп әмір етсе.
Өзі хан, қасындағы ханымындай,
Екеуі қараңғылық жарығындай.
Келеді кең дүниемен еркін ұшып
Тәңірінің қалаулы бір алыбындай
Мінеки Тәукендерге келді кезек
Қалмаңдар, достар әнді енді тежеп:
Тартыңдар, кәне арқанды, тездетіңдер,
Тәукен мен Мәриямды тербетіңдер.
Тәукеннің шықты даусы көкке өрмелеп,
Аспанға, ай, жұлдызға құлаш сермеп.
Кеудеден кең дүниеге төгілген жыр
Даланы жатқан жалпақ кетті кернеп.
«Тербелген алтыбақан алданышым,
Тербеткен тең құрбылар таянышым.
Көзін жас, табандарын тас жалаған
Айт өлең ағайынның аянышын.
Ер түспей иығынан атқаннан тең,
Аққан тер, басқан сормен соққан қатаң –
Жастарды шаршағанда сергітетін
Атыңнан айналайын алтыбақан!
Көтеріп бұққан ойды самалдатқан,
Әлдилеп түнде ғана көңілді ашқан.
Зарлы қыз, мұңлы жігіт алданышы,
Атыңнан айналайын, алтыбақан!
«Ыстық жас, аққан қанды деп құрғатам.
Мен де бір жол таппаған ақын Ақан.
Жөн сілте, езілген ел кеңесіңді айт
Астында өзің құрған алтыбақан!»
Астында алтыбақан жиналған жұрт
Аңырып ән біткенде болды жым-жырт.
Ақындай мұңлы, зарлы бозбаланың
Ыстық жас көздерінен ақты мөлт-мөлт.
Төсекте аунай түсіп үйдегі жан
Көкіректі кернегендей қайдағы арман.
Жаз жайлау, қыстық қыстау күңіренгенде
Шылпылдап талай жастық ылғалданған.
Тәукеннің иығына қолын салып,
Қасына Ағжан таяу тұрды барып.
Тіл қатты:
− Неге, шырақ, жабырқандың?
Қызығын бұздың түннің, бұздың әннің.
− Ән - жырын туған елдің көрсем байқап,
Қарасам даласына жатқан байтақ.
Алдымда тұрады атам Асан қайғы
Жуып жас ақ сақалын, басын шайқап...
Екі ақын одан әрі кезектеспей,
Жарыс сөз қалды тоқтап тіл кескендей.
Толғанып тыңдаушылар тарасты ыдырап
Ой басып, бірі менен бірі үндеспей.
Тоқталып алтыбақан, таран жиын
Арт жағы мерекенің болды қиын.
− Аттанып ертең Тәукен бірге шықсаң,
Деп едім сеніменен сөйлесейін.
− Қашпаймын, мен де сенімен сөйлесуден
Сыртыңнан көрмесем де білуші ем мен.
Қайтармыз көріп елді, көріп жерді
Тыңдарсың менің - дағы әңгімемді....
Әлі бар ай сәулесі дірілдеген
Ойда өзен қалғымайды күрілдеген.
Қосылып қос ақынға кетті қыздар
Сыбдырлап басқандары білінбеген.
Гүлсімді Ағжанменен етпей елең
Есінен жаңағы айтқан кетпей өлең.
Келеді Тәукен әлі толқынды ойда
Қасында орыс қызы бейне ақ берен.
Әркімнің мұңы басқа, сыры басқа,
Оңай ма жарасуы жастың жасқа.
Отырып оңашада сөйлеспекке
Ұсыныс еткен Тәукен қиғаш қасқа.
Қыз қарсы болмай, сөзі қабылданып,
Өзеннің жиегіне бұлар барып:
Жарында ағын судың отырысты
Сүйгізіп маңдайларын айға жарық.
Оқушым, жігіт болып көрдің сен де,
Тойыңа қатысқанбыз үйленгенде.
Бірақ та қызбен қалай танысқаның
Ғапу ет, сол арасы жоқ есімде.
Сондай-ақ түнгі сырын Мәриямдардың
Айтуға ұмытыппын түгел бәрін.
Жалғыз-ақ, білетінім сезген едім
Айта алмай бөгелгенін өз ойларын.
Мәриям әлден кейін күлімсіреп,
Назбенен айтты бір сөз ерні үлбіреп. –
− Ойлайсың қандай қызды жар етсем дегі
Арманын ақынның да білу керек.
− Ойларлық, ойнасаң да қойдың сұрақ,
Секілді жауап айту ауыр тым - ақ.
«Жігітті қыз таңдаған қыз да аңдаған»
Емес пе сырттан пішу артығырақ?
Әйтсе де айтам саған ойдағымды.
Достардан жасырмаймын ойларымды.
Өтінем жауабымды әзіл көрме,
Айтты - ау деп әрнәрсені бойдақ жынды.
Демеймін орыс, қазақ қызды алалап,
Сертім сол адам болсын атарлық нақ.
Жүзіндей ұстараның Күн туғанда
Ерлігі махаббатпен жүрсін қабат.
Кезеңде сыналарлық - я аллалап,
Я ата, я аруақ деп қалса қарап.
Ондай қыз жарым да емес, жаным да емес,
Жүре алман күңмен бірге етіп тағат.
Тағынып қара крест ақ мойынға,
Жердей боп жатса езіліп сұлу тұлға.
Аспанның атанғанмен періштесі
Еңкейіп егілмеймін ондай қызға.
Жан деген махаббаты сүйген жардың
Ере алмай серпініне өр қиялдың,
Шығуға шеңгелінен талпынбаса,
Қу қолдан соққан құдайлардың..,.
Қорлық не одан артық бұл өмірде,
Алудың адам атын керегі не!
Езілген, жаны қорқақ еріксіз жан
Тізгінін белгісізге береді де...
Жүреді сорлылыққа көнеді де,
Жүрегін жер қып өзі көмеді де,
Жарына жаны сүйген жат көрініп
Тыншығар бір күн байғұс еледі де.
Жас ақын осыны айтып қалды тынып.
Отыр ол Мәриямға көзін тігіп.
Толғанып ой жұмбағын шешкен Мәриям
Мойнынан жез крестін алды жұлып.
Батыр қыз жез крестін жұлып алып,
Жарасын өз жанының сылып алып,
Күнәсын мойнындағы лақтырғанда
Шолп етті ағып жатқан суға барып.
Мәриямның бұл ғажайып өжеттігін
Қиын боп қалды өлеңмен сөз етпегім.
Түк те айтпай жаныменен сезді Тәукен
Тигенін қуанышқа кезек бүгін.
Тек қана жайды құшақ, жазды қанат
Өлгенше өшпес естен осы сағат.
Тартынбай құшағына кірді Мәриям
Қол соқты төменде су жарды сабап.
Жамылған жасыл жапырақ, көк шөп керіп
Алқынған ай астында сұлу ерке,
Аққуды койнына алған айдын көлдей
Құшақтап жан сүйгенін жатыр елте.
Жақындап бетке беті, деміне дем,
Табысты еркіндікте екі кебен.
Кірпіктері қара құндыз көзді жауып,
Соғады тек жүректер бүлкілдеген.
Сипаттау бұдан артық шықпас менен,
Жетпейді ойым тегіс өлеңменен.
Сыр, сынын, бар бояуын көргің келсе,
Сұрай ғой мені қой да суретшіден.
ІІІ бөлім
Ауылдан бір топ атты тіркестеліп,
Жүйрікпен, жортақымен шықты желіп.
Аң көрмей аласұрған cap құмайлар
Жарыса бір-бірімен жөнелді еріп.
Сүйсіне сырттан бағып Мәриям,
Гүлсім тұрса олар дей көрмейік неғып тұрсың?
Қос сұлу қос жігітін ұзатқанын
Басқа жұрт өздерінен қайдан білсін.
Алыстап бірте-бірте аулы қалды.
Шылқылдап басты ақ көбік сауырларды.
Тазылар ойдан-қырдан қоян қағып,
Құтқармай келер көзге шалынғанды.
Ор қоян әккі болған қырға салды
Ұрымтал, аяққа ауыр құмға салды.
Жалтарып, жол таппаған әлсіздері
Аузында құмайлардың жұмарланды.
Бетінде бұйра белдің кешке жуық
Кідірді шаршағандар қоян қуып.
Айқаса қаңтарылып мінген аттар
Шөлдеген жүйрік иттер жатты суып.
Қосылып иелері иттердің де
Бел жазды сол беткейде бәрі бірге.
Суынып солықтары, демалған соң
Гулесіп бір-бірімен келді тілге.
Бастары аңшылардың қосыларда
От лаулап, шай қайнайды мосыларда.
Әзірлеп, ішер, жерін мырзалардың
Тұр еді күтушілер тосып алда.
Жайылды дастарқан да, ет туралды,
Сар қазы, жал мен жая кеп туралды.
Бет бар ма ет келгенде дейтін кілең
Жегіштер жең сыбана төніп қалды.
Дейді жұрт надан болу, мазақ болу,
Ерлік қой ет жеуден де озат болу.
Сұр қазың, семіз қазың бар боп тұрса
Емес пе зор мақтаныш қазақ болу.
Тойғанда, шаршағандар тыңайғанда,
Қызарып қан жүргенде шырайларға,
Жігіттер шыға ма деп жақсы лебіз
Қарайды ығайлар мен сығайларға.
Ат соққан ақындардың тұла бойын
Ән, сауық қай жерінде тұрады ойын.
Көз тартып алыс, жақын көріністер,
Әркімнің сол суреттер бұрады ойын...
Сапар
Көрдің бе Қантөбенің ырғалуын,
Мынадан обал шығар құр қалуым.
Мол орып, жиып алсақ биыл шөбін
Аязға алдырмас ек малдың қоңын...
Ағжан
Ел жаңа елу жылда дегендейін
Тұрады - ау жаңаруға тарих бейім.
Бұрынғы атсыз төбе «Қантөбе» боп,
Қап заман аталмады - ау бұдан кейін.
Сапар
Өшкен жоқ өшіккен от ішімдегі,
Елестер оқиғадай түсімдегі.
Оқ тескен, қылыш кескен бұзықтардың
Кетпейді кез алдымнан пішіндері.
Бір түнде келген отряд тауып ебін
Қоршалай құтқармайтын құрды шебін.
Сақылдап пулеметтер оқ төккенде
Бауырында қалды жусап Қантөбенің...
Тәукен
Осы ма ел айтатын Қандытөбе,
Қаралы, қайғы шеккен, зарлы төбе?
Осы ма намыстылар ту тіккен жер
Жолында әділдіктің қанды төге?
Осы ма қайғы жолын боратқан жер,
Осы ма, жұртыма жау оқ атқан жер!
Осы ма Сапар болыс бастап келіп,
Қырғынға өз қолымен жол ашқан жер?!
Сапар
Тоқтат, ит!
Ағжан
Сұңқылдама, тарт тіліңді!
Байқашы, басынасың сөгіп кімді?
Тәукен
Сөккенім адам емес, қандыбалақ.
Көрдің бе қолынан қан тұр сорғалап?!
Сапар
Жігіттер, қайдасыңдар, қайдасыңдар?!
Мынаның қолын дереу байлатыңдар.
Жүгіртіп жас сарбазды түзде жаяу
Ауылға антұрғанды айдатыңдар!
Тәукен
Келіңдер, кел, құрбылар, байлаңдар тез,
Қосақтап итке қосып айдаңдар тез.
Аң емес, адам аулап қайттық деңдер
Ұл, қызы, өз ауылыңның болғанда кез!
Мойнына су кеткендей жігіттердің,
Жүзіне қарай алмай уытты ердің.
Алқымдап бірде болыс, бірде намыс
Қиналды қыспағында суық тердің.
Бір жігіт амалсыздан жүріп баяу
Жанына жас Тәукеннің барды таяу. –
Келіңдер қолын байлап, ауылға айдап,
Күнәсын ұзақ жолда көрсін ойлап.
Сапардың жүзінде ашу қырауланған,
Тәукен тұр екі қолы бұғауланған.
Шыдамай Ағжан кетті сырт айналып,
Қорыққандай кездердегі сұраулардан...
Бір тұтқын айдаушысы екі аттылы,
Бетінен Қантөбенің түсті міні.
Көрінбей Сапар тобы ұзағанда
Жігіттің сөз бастады сонда бірі:
Айдар
Жігітсің құрбым, Таукен дінің қатты,
Кеудеме ұялапты күйің қатты.
Астыңда алтыбақан айтқан жырын,
Толғантып бозбалаға ой ойлатты.
Жаныма мына күйің тағы батты.
Күңірентті, аһылатты, аңыратты.
Не дейсің, ендігісін өзің шеш, - деп
Тұрды да жігіт аттың басын тартты.
Жігіттің сөйлеп кетті екіншісі.
Асыл
Болса да менен, Таукен, жасың кіші
Танимын жолың үлкен ұстазым деп
Бола бер жүрегімнің әміршісі.
Тәукен
Ырзамын, Айдар, Асыл серттеріңе,
Ақтыққа ойларыңның жеткеніне.
Ел көрмей осы жерден түзге қашсақ
Деп жұртым: «Көрінбей-ақ кеткені ме?»
Болыстың барайын мен өткеліне,
Жұрт көзі жетсін иттік еткеніне.
Ләм демей ортасынан айдатса елім
Ырзамын су түбіне кеткеніме.
Сонымен бұлар талай жерден өтті
Қызарып күннің көзі төмен шекті.
Үш адам екеуі атты, бірі жаяу
Шұбырып шетіне ауыл келіп жетті.
Тамсанған қалың ауыл шу-шу етті,
Күйген жұрт кеудесіне құйды кекті.
Қарт ана жыртып бетін, салып ойбай
Жүрегін естігеннің дірілдетті.
Жүгіріп аласұрып Мәриям кепті,
Қызарған ыза алыпты екі бетті.
Баяндап көргендерін Айдар, Асыл
Аз ғана ағайынға әңгіме етті.
Міне, енді ақ ордаға келді Тәукен,
Сапарды төрде отырған көрді Тәукен.
Істерің бұдан басқа тағы бар ма?
Деп сұрау сұрқияға берді Тәукен.
Сұрланып Ағжанға да төнді Тәукен,
Ашумен ақ орданы көмді Тәукен.
Қанға қан, жанға аямай жан алам деп,
Білдірді бел буғанын енді Тәукен.
Тәукен
Ортаңнан жұртым кетемін,
Батқан күнмен батамын.
Аңмен бірге жайылып
Даладан дәм татамын.
Соңыма түсті cap тазы
Op қоян боп қашамын,
Жаным қалса бойымда
Жақсылық күн тосамын;
Тұрар болса тосқан күн,
Ту астында жосамын,
Қантөбенің бауырында
Атқа қамшы басамын,
Ақ орданың есігін
Аңқитып сонда ашамын;
Төрін әкеп есікке
Өз қолыммен қосамын!
«Әумин!» - деп тұншыққандар шығарды дем,
Күбірлеп жатыр әркім өз ішінен.
Дауыстап жүзіне қол тигізді ана,
− Ете гөр көпшіліктің дұғасын ем!
Амалсыз Сапар болыс елден ықты
Шарасыз тырп етерге, қысым мықты.
Ақ үйден оқ-дәрілі жеті мылтық
Тайсалмай Айдар, Асыл алып шықты.
Сапардың Желтимес пен Шаңжұқпасын,
Қаңтарып екеуінің қойды басын.
Бес жігіт ұстап мінген бес айғырды
Секілді бес жолбарыс әзір тұрды.
Іс етті Мәриям сонда мақтағандай,
Ер сертін, ер мінезін ақтағандай.
− Аттанам мен де бірге сүйгеніммен
Кімім бар, мұнда айналып тоқтағандай?
Қайнап бұлт, тоғытып жел айдағандай,
Боп кетті көк қазаны қайнағандай.
Шап беріп Шаңжұқбасқа қонды жас қыз
Жалт еткен бұлт ішінде найзағайдай.
Сапар тұр өз көзіне нанбағандай,
Секілді еркелеп қыз ойнағандай.
Кідірмей Желтимеске мінді Тәукен
Әттең дер артында алан қалмағандай.
Жүйрікке желдей мінген соң,
Ашыл деп жолым маңдайдан.
Қоштаса тұрып Сапарға
Естіртті сөзін ойға алған:
Тәукен
Намысың болса қуып жет,
Күтетін жерім қан майдан.
Болады семсер төрені,
Кесуші билік талайдан.
Ішімде қатқан кегім бар,
Сен үшін қаным қарайған;
Қазір-ақ шауып кетер ем,
Түсе ме деп қорқамын
Күнәсіз жатқан елге ойран.
Бұл сөзді естігенде жас пен кәрі
Тұнжырап бұқты төмен түгел бәрі.
Уылжып өзектері елжіреді,
Естілді солқылдасып жылағаны.
Ер ана, ерді туған ақылды ана,
Көкірегі қарсы айрылып «аһ» ұрды ана.
Дел-сал боп көз жасымен қол көтеріп,
Батаға жұрттың бәрін шақырды ана.
Шүу! десті.
Шулады жұрт жол босын! - дап,
Жөнелді желе-жорта өңшең саңдақ,
Дегенше әне-міне асты белден,
Баурайда бұрқылдаған қалды саңдақ.
Ай туып ашылғанша көк түндігі,
Даланың бой көрсетпей еркіндігі,
Кірбеңдеп, бой жаза алмай наз бедеулер
Ауылды қимағандай жүрді түгі.
Арқырап құр айғырлар кезек-кезек,
Сыңғырлап дауыстары қақты безек;
Үн қатқан жігіттерден жалғыз жан жоқ
Бәрі де бара жатты ойын тежеп.
Секілді жеті жұлдыз жылжып жаппай,
Аялдап кен аспаннан тұрақ таппай;
Бөрідей түнде жортқан жөнелді ерлер
Баяулап тізгін тартпай, кірпік қақпай.
Тартатын жер танабын жел табандар,
Алған сон жазып бауыр заулар - заулар.
Басына қара дүлей бұлт оралған
Өңкиіп алдарында тұрды таулар...
Көкшенің бауырында түн, басында жел,
Қайнаған қара бұлттан құйып тұр сел.
Аспанның ашу үні күркіресе,
Жалт та жұлт сілтенеді отты семсер.
Жөн қайда, жоба қайда білмейді ешкім.
Нөсер су кетті басып жолдың үстін.
Жауыннан жаудай соққан ықтап аттар
Берерлік ел хабарын ұшпайды ұшқын.
Мейлі қар бұрқай берсін, мейлі жаңбыр,
Ақынның жолсызда да ойы даңғыл.
Бұлт баспай көңіл күйі тұрғанда ашық
Қалмайды айтылмай ой шырқалмай жыр.
Сырты су, маздап оты кеудесінде,
Келешек күлім қаққан тұрды есінде.
Әзір ол сүйгені үшін сескенбестен
Аңмен де, адаммен де белдесуге –
Жап-жас қыз балапандай ұядағы
Кетті ұшып қыран құс боп қиядағы.
Жауыннан, дауылдан ол ығар емес,
Оқтан да, оттан да ол бұғар емес.
Келеді кем соқпай-ақ жігіттерден,
Талмайды түнде жүйрік жүгірткеннен.
Келеді өңшең ерлер, өңшең өрлер
Кертартпас кеуде толы үміттермен.
Келеді кем түспей-ақ жігіттерден,
Алмай көз алдындағы үміттерден.
Қасында Тәукен барда - не қамы бар,
Жалындай жаны таза күдіктерден.
Озаттау өзгелерден жол барлағыш
Айтатын жетті мезгіл Айдарға алғыс.
Көрмейтін көзге түртсе қара түнде
Жіберді енгізді де бір үңгірге.
Бәрі де аттарынан түсіп жерге
Тереңдеп бойлаңқырай кірді үңгірге.
Одан соң тынығуға отырысты
Шешіп бел, аз да болса көз ілуге.
Келгенде бірі шаршап, бірі жаурап,
Жауыннан құтылғанда құйған саулап.
Қара тас төсеп қойған мамықтай боп,
Ілезде көбін ұйқы алды баурап.
Бұл түнде ұйықтау тұрсын, көз ілмеген,
Түн, жаңбыр, жол жәбір боп сезілмеген.
Жаны ортақ демдері ортақ егіз ғашық
Беттерін бір-біріне отыр басып.
Мәриям
Өзің жоқ жерде,
Менде жоқ көрік.
Ұқсаймын гүлге
Қуарар семіп.
Сарғайып жүзім,
Суынды тәнім;
Жұмылып көзім,
Өшеді жаным.
Айрылмай сенен
Қасыңда жүрсем,
Қанғанша сүйсем,
Деміңе күйсем...
Деуші едім тілеп,
Тағдырдан сұрап, -
Бір ғана тілек
Деуші едім жылап...
Қайрымды - ақ болды
Тағдырым маған.
Арман жоқ енді
Қосылдым саған.
Өтпесе шіркін
Мына түн мәңгі;
Отыра берсек,
Атырмай таңды.
Өкінбес едім
Өтпес деп түнді,
Тілемес едім
Шығар деп күнді...
Тәукен
Қанатым сенсің
Қиында қағар,
Қуатым сенсің
Қуаныш табар;
Сенімен бірге
Алатын демім.
Тең ортақ, бізге
Өмір мен өлім.
Артымыз тұман,
Алдымыз жарық,
Жетеміз соған,
Жетеміз анық.
Кірбеңсіз, кірсіз
Жетеміз күнге,
Қайғысыз, мұңсыз
Жасаймыз бірге.
Сүйді қыз, сүйді жігіт, сүйді, сүйді,
Махаббат қараңғыға сәуле құйды.
Алмай дем қалды тынып тұншыққандар,
Армансыз араласты ыстық қандар.
Жасай бер, махаббаттың жастық шағы,
Айқасқан айрылмасын жас құшағы!
Жасай бер, жаса, жаса, жас мұраттар,
Жарқырай жалын ата жансын оттар!
Жаба бер түн қанаты жастарыңды,
Жасыр сен жат көздерден достарыңды.
Желпі, жел, қозға желкем жібектерді,
Желпи бер жанған, жарық жүректерді.
Жарқылда, махаббаттың әр минуты;
Өшпесін жақсылықтың жансын оты,
Алсын жас кең дүниеден алашағын,
Көрсін жас келер күнін, болашағын.
Тәукен
Мен қазір семсер болып шабылар ем,
Қанына қастастардың малынар ем.
Ұмытып тағдыр, тәңірі бәрін тегіс
Жалғыз-ақ бір өзіңе табынар ем. -
Деп Тәукен ой жіберсе Оқжетпеске
Жалт еткен әсем сурет түседі еске.
Басында Найзатастың қып-қызыл боп
Теңселіп қырмызы ту тұрар кеште...
Көк аспан көз алдына көп келеді,
Ғажайып суреттерді өткереді.
Көреді кейде адасқан ақ бұлттарды
Кейде бір жанған маздап от көреді.
Жұлдызы үмітімнің, жастығымның
Бақыты, қуанышы жас күнімнің
Қабысып құшағымда тұрғанда мен
Жасамаса ешкім маған қас қылығын.
Ортақпыз күнге де біз, түнге де біз,
Ортақпыз жырға да біз, күйге де біз.
Жаралған жанымыз бір, қанымыз бір
Бір жасап, бір өлеміз деп жүреміз.
Ішінде кең дүниенің мен тұратын
Білемін кімдер алыс, кімдер жақын.
Жарыңмын сен жыласаң бірге жылар,
Жаныңмын сенімен бір қуанатын.
Екі жас сәжде тұтып махаббатты,
Бір сезім қос жүректі қосты қатты;
Жарамсыз жандарында қалмай күңгірт,
Күнәсіз, күннен де пәк ой ойлатты.
Бір ғана екі жүрек ырғақ тапты,
Бір ғана бойларында қан ойнапты.
Қидырып түн сұлуға некелерін.
Қосылып болашаққа бір-ақ тартты.
Болашақ қиял емес алыстағы,
Жете бер жеделдете жарыстағы,
Ұшқыр жас от қанатпен ұмтылса егер
Қашан да қиын соқпас табыспағы...
Оянып, қайта аттанды өңшең саңдақ,
Жол таза, жауыннан соң ұшпас шаңдақ.
Жазыққа, күнгейдегі кең далаға
Тезірек орман, таудан шығып алмақ.
Одан соң кең дүниенің құшағына
Кірсе бір, қағып қанат ұшады да,
Тартады Аманкелді қайдасың деп
Ерлерден қызыл тулы күш алуға.
Жігіттер
Жетеміз, қосыламыз қырандарға,
Еркін жан, еркін күнге құмарларға;
Оқ пенен өткір семсер жүзіменен
Береміз біз де жауап ылаңдарға.
Айтамыз ән қып біз де бостандықты,
Ғашықтар жан жүрегін қосқандықты.
Жырлаймыз ерліктерді, ізгілікті
Жырлаймыз махаббатқа дос халықты.
Биіктен ұшып үміт биіктерге,
Қиялмен айтып алғыс сүйікті елге,
Шоқытып шоқ, аттылы шыға келсе
Тар өткел қарағайы сұйық белге.
Ат қойды тосқауылдан жол баққандар,
Азамат қыз намысын қорлатпаңдар.
Қалдырып жау қолында жазықсызды
Тірідей тұтқындықта сорлатпаңдар.
Аз топта көпке жасар қайда қайрат?
Пайда не қалса қирап, жатса жайрап,
Мәрияны тас-түйін топ ортаға алып,
Қиқулай жолмен тіке жөнелді айдап.
Кім екен қыршындарды сырттан баққан,
Күндегем жарастықты жастар тапқан?
Аяғың айыбы жоқ, пәк жандардың
Қабар ма шынымен-ақ құрған қақпан?
Жүйріктер жөнелді ағып шыға шапқан,
Тұяқтан шоқ шашырар тас боратқан.
Көлденең киліккеннің үш - төртеуін
Дарытпай. Айдар, Асыл құлатты аттан.
Дүбірден тан азанғы дүрліккен ат,
Тұяқтай тарсылдатты жолды сабап.
Теңі жоқ қыл құйрықтан екі саңлақ
Суырылып сала берді өрге қарап.
Тур екен тосушылар қабат-қабат,
Ойлары оп-оңай-ақ алмақ қамап.
Ұстатпай жұлдызша алып өте берді
Күнтимес, Шаңжұқбасқа бітіп қанат.
Қарашы, қараңдаршы шабыс түрін,
Мәриям желгe қарсы ұшты ақырын.
Секілді жалтылдаған алтын қанат
Жайылды жан-жағына екі бұрым.
Жалдары жүйріктердің айдарлары
Жалындай желмен кәзір ойнар бәрі
Келеді қаптай қуып жалындарды
Даланың екі аяқты хайуандары.
Қара көз жас киікті далаларда
Ұтылып қуар қасқыр қамағанда,
Құмары хайуандықтың тарар сонда
Ағызып ыстық қанын, талағанда.
Сондайлар болады ғой адамда да:
Біреу мәз - көп боп азды қамағанға,
Біреу мәз - шабарманның бірі болып
Қашқанның алдын озып орағанға.
Біреу мәз - жендеттікке жарағанға
Пышағын бойлатқанға қара қанға;
Біреу мәз - қара шыбын сияқтанып
Жас қанды, ыстық қанды жалағанға.
Қос жүйрік қыз бен жігіт мінген парлап
Қосылып қызған сайын кетті сарнап.
Ұстатпай кетеді-ау деп енді ұзаса
Тәукенді нысанаға мықтап байлап,
Сапардың тартты атқышы көлденеңнен,
Ол қаңғып Мәриямды ұрды белден.
Қайран жан аттан ауып бара жатты,
Мезгілсіз жұмып көзін бұл өмірден.
Шықпаған Тәукеннің тек жаны барды...
Көтеріп алдына алды Мәриямды.
Соңғы рет жаралы аққу ашып көзін,
Жан жарын әрең ғана тани алды.
Жіберіп өз еркіне аттың басын,
Құшақтап ақ аруын төкті жасын.
Күнтимес шың басына шыға берді
Елемей ет қызумен таудың тасын.
Жануар қанша шапсын жолсыз тауда,
Тас қағып қан ұйыған омырауға, -
Түбіне жете беріп Найзатастың
Ат құлап, енді жаяу тұрды қашқын...
− Апырмау қайда кеткен, қалай кеткен!
− Басына Найзатастың қалай жеткен?
Деп қарап қуғыншылар тұр таңырқап
Ала алмай көздерін бір сонау көктен.
− Әнеки күн келеді, күн келеді,
Күн келсе жердің беті гүлденеді.
Дүние кеп шіркін түрленеді,
Бірақ сүйгенімді кім береді?..
Әнеки күн келеді, күн келеді,
Күн келсе шіркін дүние түрленеді.
Жарымның құшағымда жалыны өшіп
Жалғыз-ақ жаным менің күңіренеді.
Жылайды жаным менің күңіренеді,
Жыламай тілім енді күрмеледі.
Басында Найзатастың қалар едім
Қисақтап қосағыма кім кемеді?
Деді де жаралы ақын аз толғанып,
Шетіне Найзатастың тұрды барып.
Зеңгір көк үстінде аспан, астында көл,
Келеді күн де лаулап, от боп жанып.
Мәриямын қысып қатты, сүйіп-сүйіп,
Көзінің ең ақырғы жасын құйып.
− Қош, дүние, қош, жастығым, қош дәуренім,
Жарыммен кеттім мен де бәрін қиып.
Деп, Тәукен айдын көлге атты көктен,
Алдында жайып көлін жатты көктем.
Алдынан шашып нұрын күн де шықты,
Көтеріп көкке туын жарқ-жұрқ еткен.
ЭПИЛОГ
Барады жосып қосын жол қуалап,
Барады жөңкіп қаңбақ жел қуалап.
Қанша рет жер ағарды, жер көгерді,
Қанша рет жыл ауырлап, жеңілденді.
Бәрін де айтады ақын, ұмытпайды,
Жырланар араласа үміт, қайғы.
1937-1960 жылдар
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі