Бөкей мен Дөкей
— Астанадан Дөкей кетті!
Күтіп алсын Бөкей депті.
Абыржып ол сасып қалды,
Кнопканы басып қалды.
Телефондар шырыл қақты,
Сым біткендер діріл қақты.
Бүгін үлкен кеңес болды,
Бөкей қызыл өңеш болды:
— Астананың бір Дөкейі,
Келе жатыр қаламызға.
Ондай сырды құпиялы
Түсінбейтін баламыз ба!
"Астанадан Дөкей кетті!
Күтіп алсын Бәкей депті, —
Дегеніне қарағанда
Мен өзімше түсінгенім,
Жай бір таныс кісім менің
По-моему емес шығар,
Дайындалу керек шығар...
Біріншіден: вокзал тіптен,
Черт возьми, сасып кеткен.
Ең арғысы түкіргіш жоқ,
Жөні түзу сыпырғыш жоқ.
Пиво дей ме, шашлык, дей ме,
Соның бәрін жаптырыңдар,
Киоскалар аштырыңдар.
Сырахана деген сөзге
Қалың қағаз жапсырыңдар.
Бәрін бүгін жайнатыңдар,
Ыстық су да қайнатыңдар.
Мен айтпай-ақ білесің ғой,
Лозунгалар ілесің ғой.
"Хош келдіңіз ", — көше сайын
Жазылу болсын дайын.
Керек-жарақ магазинге
Жеткізілсін бүгін түнде.
Сүт те болсын, ет те болсын,
Көзге түсер бетте болсын!
Майда - шұйда колбаса да
Болады ғой ол, боса да,
Тау-тау болып ұн да тұрсын,
Қызыл балық бұл да тұрсын,
Кит балықтың икрасы —
Дөкейлердің жейтін асы.
Жайнап тұрсын көрген түстей,
Арақ-шарап "Московский!..."
Бәрі-бәрі, бәрі болсын,
Магазиннің сәні болсын.
Көшелерге су септіріп,
Жібермеңдер тым кептіріп,
Сәрсен, соған өзің бас боп,
(Жатып қалма үйде мас боп)?
Бітір соны таң атқанша;
Қазір осы сағат қанша ? —
Деп алды да Бөкей сөзді
Онан өрі тағы созды:
— Дүкендегі сатушылар,
Мүмкін, тәлпіш қатын шығар...
Соның бірі болмас болсын,
Шепчик киіп келер болсын.
"Пожалуста, прошу " деп,
Тұрар болсын түк ашу жоқ.
Тағы - тағы бір тапсырма,
Көше сайын іліп қойған
Майда - шұйда көп жапсырма!
Қала сәнін алмас болсын,
Ол да ұмыт боп қалмас болсын!
Деп Бөкейдің сөзі бітті,
Отырғандар үйге зытты.
Көп шабуыл: айқайменен
Дөкейді олар солай күтті.
Енді Бөкей үйге жетті,
Әңгімені былай шертті:
— Үйге Дөкей келіп қалар,
Оттың басын көріп қалар...
Десе,
Әйелі шырыл қақты,
Күйеуіне мынаны айтты:
— Қонақ үйге келген жақсы,
Оттың басын көрген жақсы.
Үйіңде түк болмай қалса,
Онда бар ғой өлген жақсы.
Шақырғаны Дөкей болса,
Шақырушы Бөкей болса...
Онда үйіңнің сәні болсын,
Мыналардың бәрі болсын:
Хрустальдан ваза болсын,
Шыңылдайтын таза болсын,
Хрустальдан фужер болсын,
Шампанға оның іші толсын,
Сервиз болсын столовой,
Шай сервиз ол бөлек қой,
Суық салат, тураған ет,
Неше түрлі винегрет,
Алма, жүзім, жаңғақ, дәнек,
Бәрін тауып қою керек...
Буға піскен мәнті болсын,
Қонақ жесе тәнті болсын.
Пельмен, қауап, семіз қазы,
Поджаркілер болсын даже...
Тоңазыған балық болса,
Фаршированный тауық болса,
Төрт-бес жерде торты болса,
Ылғи первый сорты болса...
Хворост-кәудірек нан,
Күміс мойын тұрса шампан.
Шет елдердің веньягі,
Біздің елдің коньягі.
Семіз қойдың басы тұрса,
Сүйіп жейтін асы тұрса,
Сонда қонақ шақырдым де,
Ондайларың болмаған соң,
Арнап үйге шақырдың не?!
Деді әйелі кербезденіп,
Бөкейіне есеп беріп.
Бөкей байғұс тыңдап қапты,
Ойлап-ойлап выход тапты,
Ресторанға тура шапты...
Ертеңінде поез күтті.
"Опаздал " боп зорға жетті.
"Жұмсақ вагон " — деген сөзді,
Оқығанша әрең төзді.
Бірге оқыған Бөкей дейтін,
(Бөкей оны Дөкей дейтін).
Вагоннан тек сол-ақ түсті,
Шұрқырап кеп қолын қысты,
— Телеграмды алыпсың ғой,
Туу, қартайып қалыпсың ғой!..
Мен баяғы Бөкеймін ғой,
Сен айтқанда "дөкеймін " ғой.
Лақылдап ол күліп жатыр,
Жай-жағдайды біліп жатыр,
— Сен екен ғой, басқа десем,
Қайтер едің: "шошқа" десем...
Бөкей зорға үйге жетті,
Күн-түн шабу босқа кетті.
Міне, осындай Дөкей күткен
Болмаса екен Бөкей біткен!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі