Төкетай мен Мәнікер
Бұрынғы өткен дәуірде
Халықтың мұңы мал болған.
Малсызда ақыл дал болған.
Манас батыр тұсында
Көкетай деген хан болған.
Көкетайдың тұсында
Көрнекті талай дәу болған.
Аброй, бедел түзден боп,
Берекесі үйден боп,
Ер Қосай деген шал болған
Көкше батыр Әлмембет,
Күрең сақал Келмембет,
Күнбатыста Ақжелек,
Күншығыста Көкжелек,
Атақты талай жан болған.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік деген нән болған.
Осы дәулер тұсында
Көкетай деген хан екен.
Өз шағында халыққа
Кәдірі бар жан екен.
Әділетті, қайырлы
Әлінше көпке нақ екен.
Өзіне тете інісі
Төкетай деген сал екен.
Екеуінен жалғыздан
Екі ұл бала бар екен.
Аман болса ботамыз,
Қолға ұстаған сақамыз,
Есен болса баламыз,
Елден сұлу аламыз.
Жер-жерден сұлу қыз ізден,
Жол тартады Төкетай.
Қырғыз бенен қазақты
Аралады Төкетай.
Хан ұлына қызығар
Қалың малға талай бай.
Ел аралап, ел кезіп,
Жер аралап, жер кезіп
Талай асқар бел кезіп,
Талай шалқар көл кезіп,
Талай жерді арылтты.
Астына мінген Мәнікер
Жер танабын тарылтты.
Алты күнде аралап,
Алты айлық жерді шалыпты.
Қасындағы қырық жолдас
Ілесе алмай қалыпты.
Мәнікер ат майыспай,
Мініп шапса қайыстай,
Желсе жел де жетпейді.
Құс құтылып кетпейді.
Алдынан қашқан киіктер
Әудем жерден өтпейді,
Үш Қосай мен Манастан
Аспара, Мерке, Таластан,
Аралап өтіп барады.
Алатау асқар жартастан
Ел қоймай кетіп барады.
Алты рулы алаштан.
Сырдан өтіп сырғытып,
Шудан өрлеп шүйілтіп,
Іледен өтіп ырғытып,
Ылди - ерден орғытып,
Қара талдан қарғытып.
Ақсудан өтті аттатып,
Көк судан өтті көсілтіп,
Ертістен өтті есілтіп.
Есіл менен Нұрадан
Іңірде өтті ыршытып.
Сарыарқаны аралап,
Сан сұлуды саралап,
Көкшетауды көктеді,
Көз жұмғанша өткені.
Қарқаралы, Қазаннан,
Қарап өтті азаннан.
Тобыл менен Торғайдан,
Ойнап өтті тоғайдан.
Мәнікер атпен Төкетай
Жүзіп өтті балықтай.
Күн-түн жүрді жалықпай,
Еділ бойын ерледі,
Орынбормен желгені
Өзіне жағар сұлуды
Төкетай ер көрмеді,
Өршеленіп Мәнікер
Омырауы терледі,
Ауыздығы қаршылдап,
Адымдап аяқ сермеді,
Қос құлағын қайшылап,
Жаңбырдай тері тамшылап,
Қолға ерік бермеді.
Оңтүстікке қасқарды,
Арал менен Атырау,
Қалқи жүзіп кештірді.
Қалың балық, жайынды,
Қарсы келген тептірді.
Қазыбек пен Қаптауда
Аттың терін кептірді.
Атын суға жүздірді
Қайыстай қылып тілдірді.
Ат өнерін білдірді.
Батыстағы Ақжелек
Ауылына бет бұрды.
Қырымнан қыз қарауға
Мәнікерді соқтырды.
Алты батпан алтыны
Атқа артқан балқыды.
Ақжелектің аулына,
Азанымен кеп тұрды.
Басылмай аттың қарқыны,
Ассалаумағалайкүм,
Амансыз ба,
Ақжелек,
Ел-жұртына нақ Желек,
Әдейі келдім аулыңа
Керегімді тап,
Желек.
Іздеп келдім алыстан.
Астымдағы тұлпарым
Ұшқан құспен жарысқан.
Күнбатыста Ақжелек,
Сен бір жатқан арыстан.
Көпті көрген ділмәр деп,
Көргелі келдім, ағажан.
Ақжелек сонда бүйдеді:
— О, балам - ау,
балам - ау,
Алыс жолдан келіпсің,
Мәнікер тұлпар мініпсің,
Бадана тон киіпсің,
Алмас қылыш іліпсің.
Келбетіңе қарасам,
Келісіп туған жігітсің
Бұл алаптан көрмеген.
Жол болсын,
қайдан жүріпсің?
Астыңа алтын салыпсың,
Атыңды суға малыпсың.
Ат - жөніңді айтшы енді,
Аршындап жүрген алыпсың.
Бұл өлкеден көрмеген,
Бұл ауылдың үстінен,
Бұлдырық ұшпас көлденең,
Бұл жаққа келдің қай елден?
Батыста ма ауылың,
Шығыста ма ауылың,
Оң жақта ма ауылың,
Сол жақта ма ауылың,
Келген бетің қай жерден?
Т ө к е т а й д ы ң с ө з і:
Әуелде шықтым елімнен,
Аспара, Мерке жерімнен.
Тарбағатай, Тянь-Шанъ,
Алатау асқар белімнен.
Аралап келдім шығыстан,
Жетісу өзен, көлімнен.
Ер Қосай мен Манастай
Рұқсат алып ерімнен.
Қара құжыр,
көк ойрақ
Қазақ, қырғыз елімнен.
Алатау болад жеріміз,
Мұсылман болад еліміз.
Көкетай деген ханымыз,
Көпке бірдей шамымыз.
Күншығыста Көкжелек
Өзіңе аттас дәуіміз.
Ауылдан шықса Ақжолтай,
Көкжал, Барақ, Көбікті
Маңдайдағы барымыз.
Қатынын берген қайырға
Қанкелді деген нарымыз.
Жолды Қосай басшымыз,
Ақыл берген шалымыз.
Ел иесі осылар
Қолында мал-жанымыз.
Әуелі шықтым ауылдан,
Дін мұсылман қауымнан.
Шығысқа қарай бет алдым
Алатаудың бауырынан.
Ардақтаған атымның
Алтын артып сауырынан.
Үйден шықтым қыз іздеп,
Ер Қосай мен Манастан,
Үшбұрыл мен Таластан,
Атты, тонды адамға,
Алыс жол жүрсе жарасқан.
Жақсы менен жаманның
Арасы болар жер - аспан.
Ағайынның жақсысы,
Бір-біріне қарасқан.
Ақымақтың белгісі
Ата салттан адасқан.
Қырғыз елін қыдырдым,
Қыз жақтырмай түңілдім.
Сыр бойынан сырғыттым,
Шу бойынан шүйілттім.
Жетісудан желдірттім,
Іледен ат ырғыттым,
Көксудан келіп көсілттім.
Ақсудан ат аттаттым.
Күншығыста Көкжелек
Күндіз барып жолықтым,
Елінен қыз жақтырмай
Енді бұдан торықтым.
Ертістен.ат есілттім,
Көкжалға келіп жолықтым.
Көксеген қыз таба алмай,
Күдер үзіп торықтым.
Әрі қарай жөнедім,
Есіл менен Нұраға.
Ертеңменен кеп едім.
Осы жерде кездестім,
Кісі алатын бураға.
Бура қуды, мен қаштым
Бұрылыс сай - жыраға.
Адастырдым әреңмен
Күдірден - күдір, қырқаға.
Таң ата жүріп сол жерден
Күнбатысқа өктедім.
Күн шашырап түскенше
Атырапта Ақжелек,
Алдыңызға жеткенім.
Аруақты ерден ат үркер
Алтын жырды төккенім.
Ағаның аты Көкетай,
Аулыңа келген Төкетай
Ақжелек ата, саумысың,
Ата, жөнім осылай,
Қызы сұлу Қырым деп
Қызыққаннан мен келдім.
Ұл сұлуы үрім деп,
Ұзақ жолдан мен келдім.
Рудан мойны озған деп.
Өзіңді іздеп мен келдім.
Көкетай ханның інісі
Төкетай сал мен едім.
Екеумізде екі ұл бар
Арттан ерген өренім.
Елден асқан сұлу қыз
Әперейін деп едім.
Шығыс жақты аралап,
Әлемнен қыз саралап,
Ақжелек, саған кеп едім.
Ақжелек батыр алқынды,
Ағындай сөзі қарқынды.
— Алыстан аңсап келіпсің.
Ардақтап менің атымды.
Ауылға байлап атыңды
Ақ үй тігіп басыңа,
Аралатам халқымды.
Азаматтығын көріп кет
Ауылымдағы батырдың,
Ақ ордаға жата бер
Алғалы келсең ақылды.
Боз биені сойдырып,
Сары қымыз құйдырып,
Асықпай қонып жата бер
Асыл болсаң тартымды.
Алдырайын шақырып
Жастар менен қартымды.
Қона жатып көріп кет
Сауық-сайран салтымды.
Көкетай ханның көңілі үшін
Білемін сенің нарқыңды.
— Мақұл,— деді Төкетай.
Енді болды көңілі жай.
Ақжелек үйді тіккізді,
Боз бие сойып күткізді.
Сары қымыз сапырды,
Ақжелек елін шақырды.
Алдындағы бір тауға
Шығып алып ақырды.
Дауысына шыдамай,
Көкте құстар шарқ ұрды.
Жиыл деген даусына
Желіде құлып шатылды.
Жай садақтың оқтары,
Жау көргендей атылды.
Тау жаңғырып, тас құлап,
Дария тасын шалқыды.
Атырап елі арсаңдап,
Жиылуға талпынды.
Ақжелектің аулына
Айлық жерден ел келді.
Айлық жерге дауысы
Барушы еді демде енді.
Көк ала сақал Әлмембет,
Көк тұлпармен ол келді.
Күрең сақал Келмембет,
Кер шабақпен бұл келді.
Сауыт қалқан киініп,
Садақты бес мың қол келді.
Жабдықтарын асынып,
Жау көргендей мол келді.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Ер Төстік батыр соң келді.
Соң келді де сөйледі:
— Ақжелек батыр, сен,— деді.
Артыңда інің мен,— деді.
Ақсақал деп сыйлайды,
Әлпештеп сізді ел,— деді.
Халықтың қамқор, қамалы
Асқар таудай бел,— деді.
Шапқалы тұрған жау бар ма,
Шыққалы тұрған дау бар ма,
Бората жауған қар бар ма,
Қаптаған тасқын су бар ма?
Ат терледі ентігіп,
Ата, неге ақырдың,
Әлде неге шақырдың?
Бекер босқа шықпайтын,
Белгілі жұртқа үніңіз.
Бетіңізге қарамай,
Ерке өсірген еліңіз.
Үйірде ат, үйде адам,
Қалмады ұл менен қызыңыз.
Даусыңызды есітіп,
Жау көрген-ді деп едік.
Жаудан хабар білген соң,
Шақырған-ды деп едік.
Шапшаң кел деп сол үшін,
Ақырған-ды деп едік.
Не қылады қыздарды,
Қатындарды,— деп едік.
Жау қамалап жан-жағын,
Жақындады,— деп едік.
Еліңіз, ата, жиналды,
Ерлеріңіз қиналды.
Аттар мұнша буланды,
Ауыл қорқып шулады.
Құлын-тайлар тулады,
Бала тастап қатындар,
Уақытсыз туғаны.
Үніңізді есітіп,
Уайым тартып қурады.
Жүрексіздер жылады,
Жүректілер қуанды,
Құдіреттің жіберген
Кереметі бұ - дағы.
Көптің қамын ойлаған,
Сіз едің, ата бұлағы.
Бәйгеден озған пырағы,
Көпке құрбан болатын
Мен де бір айтқан лағы.
Неменеге шақырдың
Халқың жөнін сұрады.
Ақжелек шал.сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
— Жау емес, қонақ, ел,— деді
Жаусырама сен,— деді.
Жайын айтып берейін,
Жарқыным, жақын кел,— деді
Жайын біліп шақырдым,
Жазықты болсам — мен, деді.
Жағадан ала атаңның,
Сөйледің, балам, сен — деді.
Жайымды өзің білесің,
Жұмсар балам кем,— деді.
Бұл қонақты сұрасаң
Белгілі туған ер,— дейді.
Білгің келсе, Ер Төстік,
Бізбен қатар ер,— деді
Көкетай хан ағасы
Көпке түскен панасы,
Кіреуке тон кигені,
Мәнікер тұлпар мінгені.
Мұсылманның жынысы,
Көкетай ханның інісі
Өзінің аты Төкетай,
Кере қарыс ырысы —
Қырымнан қыз іздеген
Келіп жүрген жұмысы.
Айнала елден қыз жақпай,
Ал деген қызға міз қақпай,
Жер табанын тарылтып
Жетісуды айналып,
Сарыарқадан сандалып,
Күндіз-түні үш тәулік
Келіпті мейман бұл жаққа.
Қыз жақтырмай келіпті
Қырғыз бенен қазақтан.
Қыз сұлуы Қырым деп,
Ұлы батыр ұрым деп,
Қиырдан кепті бұл жаққа.
Әу,
дегенде келуші ед
Ардақты елім қасыма.
Ат-шапанын тартайын
Абайсыз шыққан даусыма.
Алысып жаспен не етейін
Ақ кірген сақал-шашыма.
О, дариға жалғыздық,
Үні шықпас осы ма.
Осылай деп Ақжелек,
Өкпелеп қайтты қосына.
Үйімдегі қонақтың
Барайын деп қасына.
Алты тарам сақалдан
Сорғалап ақты жасы да.
Ақжелек өзі жаяуды,
Ауылы жақын таяуды.
Таяғын алып таянып,
Таудан түсті баяулы.
Жалғыз өзі жүргенде,
Білмеді ешкім аяуды.
Қажымайтын ер еді,
Ер Төстік салды көңіліне
Майдалап сөгіп қаяуды.
Ақжелек келіп үйіне
Таянып қолын бүйіріне,
Ақ ордаға сүйеніп,
Уһлеп келді күйіне,
Үйінде жатқан Төкетай
Жүгіре шықты түйіне.
Төкетай батыр көз салды
Ақжелектің түріне.
Түрін көріп сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
— Бір құдайға мәлім-ді
Биік пенен аласа.
Арғымақтан әл кетсе,
Жабы шығар жанаса.
Жаман болса ағайын
Аяқты қаққан томаша.
Түрің қалай, Ақжелек,
Өкпелеген балаша.
Сол қолыңа оң қолың
Болад деген араша.
Әңгімеңізді айтыңыз
Қандай болды тамаша.
Түрің қалай, жан ата,
Тұтығып тұрсыз далаға.
Жолаушылап мен келдім
Әйел іздеп балаға,
Атың мәлім болған соң
Көкетай хан ағаға.
Мен үшін қалып тұрсыз ғой
Әр түрлі, ата, жалаға.
Біреудің тілі тиді ме,
Жүректегі санаға.
Жасырмаңыз сырыңды,
Түсейін, ата, араға.
Ақжелек сонда күрсінді,
Көк тұйғындай сілкінді.
Орнынан тұра алмай,
Таяқпен үш ұмтылды.
Ақжелек айтты :—Қарағым,
Хан — мұнара болады,
Халық дұғадар болады,
Хан қайық болады,
Халық теңіз болады,
Теңіз егер шайқалса,
Балық арық болады.
Мен орнымнан ұмтылып,
Тұрғанымды айтайын.
— Қатын — шайпау, ұл — тентек,
Екеуледі қайтейін,
Кәрілік жетті, қайрат кетті —
Төртеуледі қайтейін.
Балам жоқ боп,
Жүрек тот боп —
Алтаулады қайтейін.
Сонда тұрып Төкетай,
Мәнікерге мінеді.
Бадана тонды киеді.
Шоталыны қолға алып,
Беліне садақ іледі.
Ақсұңқардай түледі,
Қарғып мініп атына
Ақиықтай талпына,
Мәнікер де тынығып,
Келген екен шарқына.
Төбедегі жиналған
Тура шапты халқына.
Жалғызбын деп Төкетай,
Қарамады артына. Салауаты,
сәулеті,
Саймандары артыла,
Келе жатқан жалғыздың
Қарады ел қалпына.
Келе жатқан кім,— дейді,
Келбеті бөлек тым,— дейді.
Періште ме, пері ме,
Сағым ба, әлде жын,— дейді.
Халықтың тұрған жерлері:
Қырымның бір шыңы еді,
Өршеленіп Мәнікер,
Биіктігін білмеді.
Көк ала сақал Әлмембет,
Ер Төстік те тұр еді.
Кім екенін біл,— деді.
Ер Төстіктің тұлпары
Құмай торы Шалқұйрық.
Сансыз аттан озатын
Мен жүйрікпін дегеннің
Қолтығын талай созатын.
Нағыз тұлпар жүйріктер
Шаңын кермей қалатын.
Сағымдай ағып желгенде
Қараған көз талатын.
Айшылық алыс жерлерді
Алты күнде алатын.
Жер түбіне желіспен
Жеті күнде баратын.
Қатар ұшқан қарлығаш
Қанаты талып қонатын.
Өрге шапса талмайтын,
Ылди шапса самғайтын,
Қия салса таймайтын,
Көзі оттай жайнайтын.
Он бес жасар Ер Төстік
Шалқұйрыққа нанатын.
Ауыздығы қаршылдап,
Шапса тасты қабатын.
Төстен қашқан түлкіні
Төрт аттатпай соғатын.
Тіл біледі Шалқұйрық
Жат десе жата қалатын.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік шықты жол тосып,
Төкетаймен керісті,
Сәлем беріп қолдасып,
Жолыңыз болсын, жігітім, —
Деді Төстік сөзді ашып.
Қайда кетіп барасыз,
Тау аралап, тас басып.
Екі батыр тілдесті,
Жөн сұрасып үндесті,
Екі тұлпар иіскесті,
Иіскесіп тістесті.
Сөзге алданып тұрғанда
Тағы аттары тебісті,
Тебіскенін тоқтатып,
Енді сөзге келісті.
Т ө к е т а й:
Азаматтың қадірін
Ағайын білмес, жат білер.
Артқы айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер.
Қара жерге қар жауып,
Қарды басқан — бір мұрат.
Қара жерден қар кетіп,
Жерді басқан — бір мұрат.
Ер Төстік батыр, сенбісің,
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Өзіңдей болып туады
Тәңірдің сүйген пендесі.
Ерегіскен батырдың
Ел үшін кетер кәлдесі.
Елдестірмек елшіден,
Жауластырмақ жаушыдан.
Мен бір келген қонақпын,
Үрім менен Қырымға
Асыл адам қарайды,
Уәдеге бұрында.
Батыр болар жігіттің
Аты кетер руға,
Тұлпар болар жылқының,
Тұлғасы тұрар құлында.
Ақжелекке кеп едім
Аты шыққан бұрында.
Кәрияңды қайғыртып,
Мұның жаман ырым-ды.
Екі жирен ат мінген —
Ерте жолы болмайды,
Екі боз ат мінгеннің
Ежелден жолы болмайды.
Жерге сұңқар қонбайды,
Тонды киген тоңбайды.
Қара жерге кіргенше
Адамның көзі тоймайды.
Тілімді алсаң, жас бала,
Болғалы тұрсың бас бала,
Сыйламасаң үлкенді
Ер Төстік, болдың масқара.
Ер Төстік сонда күлді енді,
Жығылғанын білді енді.
Төбедегі халыққа
Сәлем бергін, жүр,— деді.
Еріп келіп Төкетай,
Сәлемдесіп тұрды енді.
Ақылдасып Ер Төстік :
Әңгімесін құрды енді,
Алты жорға тарту қып
Алпыс кісі жүрді енді.
Ақжелектің аулына,
Алпыс қонақ келеді,
Алдына келіп Ер Төстік 4
Иіліп сәлем береді.
Төкетайдың ат-тонын
Таңырқап бәрі көреді.
Қонақ болып түнімен
Алысып, ойнап күледі.
Таңертеңмен батырлар
Қыз жинауға кірісті.
Түніменен сөйлесіп,
Аты - жөнін білісті.
Алты батпан алтынын
Алуға тұрды күмісті.
Түніменен аралап,
Сұлу қызды жиысты.
Екі батыр ішінен
Сынаспақ болып ырысты.
Қудай тағала қош көрсе,
Бастады бұлар бір істі.
Таң атқанша аттарын
Екеуі мақтап тұрысты.
Келер сұлу жиылды,
Асыл киім киінді,
Қыздың бәрі түйінді.
Қыз айттырған кісінің
Қараған көзі талады,
Қыздар шашын тарады.
Қара көз оттай жанады.
Қырымның қыз - ұлына
Қыз айттырған Төкетай
Қиғаштап көзін салады.
Қыз жақпас Төкетайға
Шетінен бәрі жағады.
Әсіресе екі қыз,
Бірінің аты Айнакөз,
Бірінің аты Қаракөз,
Балаларым бағына
Келтірді құдай енді кез.
Төкетайдың көңілі
Енді судай тасады.
Талтаң - талтаң басады,
Маған келін осы,— деп,
Алтыннан шашу шашады.
Қалың қыздың ішінен
Аттарын анық атады.
Айнакөз бен Қаракөз
Құдалық жайын сөйлесіп,
Құйрық, бауыр асады.
Ата-анасын алдырып,
Ақжелек жауап ашады.
Сұрастырса Айнакөз —
Елеместің қызы екен,
Айтулының өзі екен.
Қырым менен Үрімнің
Аузындағы сөзі екен.
Қаракөзді сұраса
Бір кедейдің жалғызы,
Ата-анасы өліпті,
Ер Төстіктің балдызы.
Әңгіменің аяғы
Ер Төстікке тірелді.
Ақжелектің артынан
Бас түлек боп тұр еді.
Атырап елі ауғандай
Бір жағын билеп жүр еді.
«Үйде көпті түзде ұрмас»
Туысы отыз ұл еді.
Елемес өзі шын кедей
Сексен жаста тірі еді.
Отыз ұлдың ішінде
Айнакөз жалғыз қызы еді.
«Теңін тапсаң тегін бер»,
Деген мақал біледі,
Шешесі де жасында
Көріктінің бірі еді.
Балаларым білед деп,
Жауабын солай береді.
Қыз көптікі деген,— деп,
Көпшілігің біл,— деді.
Суырылып Төстік сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді: —
Отырсыздар, ақсақал,
Көпті көрген шүйделі
«Қызға тыю қырық үйден»,
Төкетай, келдің аулыма,
Түсіпті көзің баурыма.
Алты батпан алтынды
Атының салып саурына.
Көпшіліктің кірермін
Кер кетпей-ақ қаумына,
Екі балаңды алып кел,
Қайта барып аулыңа.
«Қыз көргенді біз көрін,
Естігенді — көз көріп».
Келіндеріңді алып кет.
Ерте қайтып, тез келіп;
Қызға кім көзі түспейді,
Қымызды кім ішпейді.
Тіл астында тіл бар ғой,
Бұл жақта да ұл бар ғой.
Күйеусіз босқа жіберсем
«Ат көті» деген мін бар ғой,
Айттырып жүрген тағы көп,
Аңдып жүрген жабы көп.
Қызығып жүрген тағы бар.
Қызғанған адам табылар.
Қыздың сырын кім білсін,
Кеудесі бөлек жаны бар.
Тобышақты шоңқайтқан
Қаба жалды жабы бар.
Қыз шіркінге кім сенсін,
Түрлі пәле табылар.
Ақылы.жоқ арыстан,
Айға қарап шабынар.
Бозторғайға бақ қонса,
Бидайық, қыран бағынар.
Шымшық құсқа бақ қонса,
Самырық келіп жалынар.
Құл мен күңге күн туса,
Патшадан таж — тақ алынар.
Арғымақ ат пысқырса,
Алыс жолға шабылар.
Тағы да айтар бір сөзім
Көпшілік, құлақ салыңдар.
Хан емеспін қарамын,
Қарадан туған баламын.
Әкем кедей, өзім жас,
Әр нәрседен шаламын.
Өзім деген адамға
Өзегімді саламын,
Өзі келіп соқтықса,
Өш жібермей аламын.
Көңілім түскен кісіге,
Өлтірсе де нанамын.
«Ер өледі намыстан,
Қоян өлер қамыстан».
Мәнікермен сен келдің
Бір жұма жүріп алыстап.
Шалқұйрығым менің де
Ұшқан құстан қалыспан.
Ағаң сенің Көкетай
Атағын білем алыстан.
Жасың үлкен ағасың
Жүз көрісіп танысқан.
Біреу озып басынан,
Біреу шауып қалысқан.
Жарысуға қалайсың
Атаның ұлы арыстан.
Сөреге адам қоялық
Әділетті қалыстан.
— Мақұл,— деді Төкетай,
Жәрдем берсін бір құдай
Әкесінен бері қарай,
Деген емес жәкетай.
Ел таңырқап балаға,
Батырлар түсті араға.
Ерігіп тұрған қалың ел
Еліртіп жатыр жана да.
Ер Төстік сонда сөйледі.
Төкетайға кел,— деді.
Бәйгесіне атыңның
Не тігесің сен? — деді.
Т ө к е т а й:
Қалағаның берейін,
Қалса егер Мәнікер.
Мәнікерден озам деп,
Болма, бала, әбігер.
Қалмақ, қазақ, қырғыздан
Алғам талай әбиір.
Алты батпан алтыным,
Ол жарай ма, жарқыным.
Баламмен жасты баласың
Басылмаған қарқының.
Мақтанбаңыз сіз,— дейді
Қорықпаймыз біз,— дейді.
Алты батпан алтыннан
Күдеріңді үз, — дейді.
Мәнікерді қоса тік
Рас болса сөз,— дейді,
Озарыңа Төкетай,
Жетіп тұрса көз,— дейді.
Мен тігейін бәйгеге
Екі сұлу қыз,— дейді.
Үш ай көктем ары жүріп,
Үш ай шауып бері жүріп,
Жарысайық біз,— дейді.
Үркер мен ай тоқтамас
Уақытында тоғыспай.
Екі батыр тоқтамас
Ерегіспей соғыспай,
Екі тұлпар жарыспай,
Екі арыстан тоқтамас,
Ырылдасып алыспай.
Бір-бірінен оза алмай,
Қолтықтары шыланбай
Құлаштап аяқ соза алмай,
Делебесі қоза алмай,
Қалың тоғай қарағай.
Тұра алмайды қарамай.
Осындайлық алысқа
Әуре қылған бір құдай.
Айлық жерден қос тұлпар
Құстай ұшып келеді.
Кербаланың шөлінен
Жеті күнде өтеді.
Жиделібайсын жерінен
Екі күнде өтеді,
Даласынан бетпақтың
Алты күнде өтеді.
Адыр-адыр белдерден
Жарты күнде өтеді.
Орыс елін аралап
Оянғанша өтеді.
Он сан ноғай үстінен
Ойнақтатып өтеді,
Қалмақтардың елінен,
Қарағанша өтеді,
Қарақалпақ елінен,
Шалқар өзен көлінен,
Шапшаң қарғып өтеді.
Еділ менен Жайыққа
Ерегісіп жетеді.
Еділ бойын өрледі,
Тұлпар сонда терледі.
Құлаштап аяқ сермеді,
Қолға ерік бермеді.
Орал тауын бастырды,
Кавказға қарай қасқарды.
Қара теңіз, Каспийден
Екеуі де жүздірді.
Пышақтай суды тілдірді.
Балықтарды үркітіп,
Жайындарды бүлдірді.
Екі жақтап қамшылап,
Енді ұрды дүлдүлді.
Мәнікер ат майыспай,
Мойны озды алыстай.
Қара теңіз ішінде
«Қош» деп ұран салысты - ай.
Бұрын шықты жиекке,
Су өтті әбден сүйекке.
Алыс-жақын бір екен,
Абайлады жүйрікке.
Ұзай салды Мәнікер
Тұлпарлыға мәлім кер
Төкетай Ер Төстікке
Бұрылды да «қош» деді.
Болма деп ем әбігер.
«Қосайлап» ұран шақырды,
Әперді аты әбиір.
Төкетай ұзап жөнелді,
Алдында бірталай өр.
Әлі де болса тұлпарға
Озатын бар талай жер.
Тағы қуып жетем деп
Ер Төстік айтты «қолдай гөр»,
Сөйтті де шықты жағаға
Шынымен аты қала ма,
Шығып алып қамшы ұрды
Сыйынып біраз аллаға.
Шалқұйрық тұлпар самғады,
Шабысынан танбады.
Ызаланған жануар
Тіке тұрды жалдары
Тыңнан мініп шапқандай
Көздің жасы парлады.
Қарағай мен қайыңдар
Дүбіріне сарнады.
Қуып жетті тағы да
Төкетайды алдағы,
Тағы үзеңгі қағысып,
Бір-бірінен қалмады.
Күндік жер қалды сөреге.
«Сүйкенер сиыр өреге»
Келер мезгіл болды деп,
Ел де шықты төбеге.
Айтқанындай Есімнің
Екеуі қатар бір шықты.
Екі тұлпар шаңынан
Ел көре алмай тұншықты.
Тұяқтары соққан тас
Қазандай көкке ыршытты.
Аспанға ұшқан қалың тас
Қайта төмен ұрыпты.
Шаңға көміп көп жұртты
Тұрған жерде қырыпты.
Есім бақсы айтқаны
Ә дегенше келіпті.
Екі тұлпар келіпті.
Екі тұлпар екпіні,
Елге салды білікті.
Мәнікердің мойыны
Сөреге озып кіріпті.
Ер Төстік пен Төкетай,
Таласып босқа тұрыпты.
«Басты шайтан көрікті»,
«Сен келіп бәле болдың» деп,
Төкетайды ұрыпты.
Сойыл тиген Төкетай
Аттан құдай төніпті.
Ер Төстік енді қағынды.
Қайрылып келіп тағы ұрды.
Алыстан келген жалғызды
Жанып қинап өлтірді.
Ерегіскен Ер Төстік
Өз айтқанын келтірді.
Ел ағасы Ақжелек
— Бұл қалай?!— деп, жекірді.
— Алтынын,
атын талаңдар —
Ер Төстік елге деп тұрды.
Халық шулап талады,
Дауысы жерді жарады.
Құмырсқадай қалың ел
Ат саурына таңылған
Алтынды бөліп алады.
Алтынды былай олжалап,
Мәнікерге ауыз салады.
Мәнікер ашып ауызын,
Елге қарсы шабады,
Быт - шыт болып ел қашып
Айнала келіп қамады.
Төкетайдай жалғыздың
Сүйегін ешкім алмады.
Шыр айналды Мәнікер,
Шеніне адам бармады.
Қодырайтып құйрығын,
Тікірейтіп құлағын.
Төкетайдай жолдасын
Жата қалып тісімен
Арқасына салады.
Анталап тұрған қалың ел
Көріп мұны таң қалды.
Ұстамаққа қамалап
Рулы ел қамданды.
Оны көріп Мәнікер
Ұстатпасқа шамданды.
Аузымен тістеп ап
Шығысқа қарай самғады.
Ақылы бар,
тілі жоқ,
Көзінен жасы парлады.
Ерге салып жануар
Екі аяғын тістеді.
Екі қолын қусыртып,
Иегіңнен иіскеді.
Төрт тұяқпен жер тарпып
Қош дегендей кісінеді.
Айуан да болса Мәнікер
Адамзаттан есті еді.
Қамалап ел қамданып
Ұстайын деген адамды
Ұршықтай ойнап тепкені,
Алдынан келсе тістеді.
Алданып қолға түспеді.
Найзаласа өтпеді,
Садақ атса жетпеді.
Қылыштаса тілмеді,
Мылтық оғы тимеді.
Қалың елді қаң жарып,
Қашып тұлпар «шу» деді
Тұрған халық таңырқап,
— О, жануар,
ту!— деді.
Тұлпар кетті құтылып,
Төкетайды алып сытылып
Шалқұйрық пен Ер Төстік,
Толқындай тұлпар бұлқынып
Борандай соғып жұлқынып,
Ел қайда,— деп жөнелді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі