Өлең, жыр, ақындар

Заман келбеті

  • 18.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3209
Жүкті алды "Жүдеусің", - деп пілден піше,
Жабы озып арғымақтан, алды мүше.
Бектердің, белдерінен қалды түсіп,
Күмбезді күміс кемер, алтын кісе.
Жылы орын, жайлы төсек табылмаса,
Суыққа су тоңдырар келдік үсе.
Қарттардай қарны ашқан қалжырадық,
Келмесе керсенімен палау нісе.
"Кейіні кеніш — реніштің" деген сөз бар,
Үзбе үміт өз-өзіңнен, көңілім, күсе.
Атаға — ұл, анаға — қыз, ерге — әйел
Аюдай ақырады алқымы ice.
Кейіпсіз кенеден де көрініп тұр,
Өрнегі дін үйінің түсе-түсе.
Кең ойлы кемеңгерлерден кетті ақыл,
Қайғының қанды суын іше - іше.
Қауіпім бар бола ма деп бір Хадиса,
Бермесе бұзықтарға Тәңірім місе.
Жағарлық жарыққа май түсер - ау деп,
Құр суды қиналмаңдар пісе - пісе.
Тәуба етіп, Тәңірі әмірін тұтып бекем,
Ертерек ыждағаттың тісін тісе.
Көркейіп көңіл - бақшаң көрінер еді,
Кешікпей, кендік бұлты күркіресе.
Қадір Хақ қалайда да берер еді-ау,
Мұқтажын мұсылманның шын тілесе.
Қарғаға қаршығалар болды қоңсы,
Жез жүріп, сары алтындар болды пұлшы.
Талайлар тақтан түсіп, тастақ та жүр,
Дірдектеп тізесіне жетпей қонышы.
Тақ мініп, тамам жұртты меңгеріп тұр,
Базардан тері жинап болған тоншы.
Байлардың бір қатары тіленіп жүр,
Үй - орман өртке кетіп жиған кеніші.
Қой сыймай қорасына қорексіздің,
Шүленас беріп жатыр жұртқа енші.
Бұл күнде бақ - дәулетте бар ма қарар,
Бектерім, біраз ғана ойлап көрші.
Ол үшін өкінудің керегі жоқ,
Бұл жақан болар дейсің кімге қорсы. –
Барлығы мәртебенің менікі,- деп,
Қамауда жүргендер көп, жинап оршы.
Бөктеріп бәрін де оның алып барар,
Қаратпай алды-артына ажал — торшы.
Асылында, алаңдықты қойып енді,
Алланың, өте, өзінде болса борышы.
Ахирет асылы — отын, дүние — базар,
Қайтесің, Қожайының десе:
"Болшы!" Сақ болып, сайманыңды түгендеп тұр,
Жүрмекке жоқ лажың сен — бір жолшы.
* * *
Ер болсаң алдынды ойлан ақыраймай,
Сұлтан бол, биле, ықылым ақыры — ойбай.
Тигенмен төбең көкке, бітсе күнің,
Көзіңді қоймайды өлім ақыры оймай.
"Хақ риза, Хабибі шат болсын" десең,
Сен өткер өміріңді ақыл ойлай.
Етпейді еңбегіңді еш Егең, асылы,
Шығарсың шын бедеудей ақыры ойнай.
Қысқасы, қол қусырып, құлшылық қыл,
Жан болсаң, жатар жерің ақыры ойдай.
Қолына қуған аңын кім түсірер,
Тепсініп, тұлпар мініп, тақым оймай.
* * *
Бектерім, ойласаңдар үшбу жаһан,
Жалмаған жан біткенді нағыз наһан.
Отырып қарсы алдында қашар жер жоқ,
Әр түрлі ой ойлаймыз біз — бейбәһам.
Жетіп тұр жұтарға аузы, жындымыз ба,
Дейтұғын: "Дәу жүрекпін, мұнан не қам?"
Адамнан бері қарай болды айтшы,
Жер үсті, көктің асты кімге мәкән.
Күнбе-күн кетіп жатыр азаматтар,
Оранып үш-ақ қары бөзден кәфан.
Кимейсің кетерінде ішік түгіл,
Жарарлық жиып тойға жақсы шапан.
Жеті ықылым жетегінде болғанменен,
Жан шықса, жатар жерің - қазулы апан.
Мақтанып: "Мен мұндаймын", - дегеніңмен,
Ей, ақымақ, ақырында сол ғой баһаң.
Кішік бол, күшік - нәпсіңді көп семіртпе,
Төбеңе тағдыр бітсе, тиер бақан.
Сағаттай көңіліңе көрінбейді,
Мың жылғы мініп таққа сүрген сапаң.
Жазы - қыс жатпай-тұрмай жанды қинап,
Бұл үшін босқа кетер шеккен жапаң.
Бәрін де осылардың біле тұрып,
Тарқайды қалайынша қайғы - қапаң?
Жол ұзақ, алдында асу асқарлар көп,
Қағылса қиналарлық қисық тақаң.
Өкінбе ұйықтап қалып, ұрылар көп,
Жойылса жан қалтаңнан иман — сақаң.
Асылында, алаң болмай ешнәрсеге,
Ертерек ет пенделік, тұтып мақам.
Тапжылтпай тура құрық түскен күні,
Жайыңыз — жан бармайтын елсіз жапан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарымсақ ұстаға

  • 0
  • 0

Соғып бер Сарымсақжан маған пышақ,
Салалы ет, соға қойсаң, етпе ұсақ.
Орасан өте сұлу болсын форма,
Мойнағы жез, ақ болсын яки масақ.

Толық

Қаңбақ хикаясы

  • 0
  • 0

Ілгергі өткен заманда,
Көріпті біреу қаңбақты.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүреді деп қалай таңлапты.

Толық

Октябрьге

  • 0
  • 0

Октябрь үшін той қылып,
Тамашада тұр халық,
Бай, құлақтан бір жан жоқ,
Батырақ кедей бір қалып.

Толық

Қарап көріңіз