Жақсы бала демес кім? – Қуандық Шолақов

Бұл бетте «Жақсы бала демес кім?» атты Қуандық Шолақов жазған бала туралы өлең берілген.

  • 24.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1272
Ағатайым Кеңесті,
Әпкетайым Әнешті,
Сыйлай білсем, сыйласам,
Жақсы бала демес кім?!

Суардым да байталды
Қозы-лақты қайтардым.
Тілін алсам үлкеннің,
Тілазар деп айтар кім?

Ағам жақсы көреді,
Тәтті әкеліп береді.
Дәптер, кітаптарын еш
Жыртқан емен, себебі.

Апам жақсы көреді,
Атам жақсы көреді.
Айтқандарын бұлжытпай
Орындаймын, себебі.

Білем сырын Айтанның,
Білем сырын Райханның.
Жыламасам олардай,
Жылауық деп айтар кім?

Үлкендерде құлағым,
Тарқағанша құмарым.
Үйге кісі келгенде
Мақтаса деп тұрамын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері