Сайтта техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қате байқалса, назар аудармауыңызды сұраймыз.

Автопортрет

Бұл бетте «Автопортрет» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 27.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3030
Аты мәшһүр адамға елінде тым
Аударады назарын келім-кетім.
Аварлардың жеріндей
Негізінен
Тау-мұрыннан тұрады менің бетім.
Қырық жасым — көктегі қырық қыран,
Ұқпағанға түбінде бір ұқтырам.
Шөл даланың шөбіндей сақал-мұртым,
Шала-шарпы күн сайын қырып тұрам.
Қысылмағын, болмаса өзінде мін,
Қалт жібермей дірілді сезімдегі,
Жарық қылып ультра күлгін нұрмен
Үңіледі жаныңа көзім менің.
Ағам ба едің сен менің, інім бе едің?!
Шарпуына, абайла, ілінбегін:
Шайпау жалын сияқты ошақтағы
Шалқып-шалқып жанады тілім менің.
Жатыр десең маржан ой жыр түбінде,
Жан емеспін малтығар күртігіңде.
Арғымақтай жаратқан өмір өзі,
Артық етім жоқ менің бір тілім де.
Кіп-кішкене жемістің ауырымын,
Сілеусін мен барыстың бауырымын.
Ту сыртымнан қадалған оқты көзді
Жер түбінен сезеді жауырыным.
Бәрі де бар,
Уақыт аз.
Сол ғана мұң.
Өмір жайлы үздіксіз толғанамын.
Құп-құрттай боп,
Шортанға алдырмайтын
Алабұға дегенің мен боламын.
Ерсі емес пе айтқаным бұлай саған,
Іліп түсер ойыңды құмай-санам.
Сөйте тұра,
Қам көңіл жыр оқысам,
Жасқа толып жанарым жылай салам.
Өмір өстіп өсірген бізді, міне,
Жаз гүлі емес, ұқсаймын күз гүліне.
Тіні нәзік жүйкені босатып ап,
Тағы қайта жармасам тізгініме.
Жаңылмасам сөзімнен дұрыс халым.
Жолдан тайсам,
Жөн маған ұрысқаның.
Көп отырам столда,
Қарсы алдыма
Іліп қойып суретін құмырсқаның.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Автопортрет өлеңінің авторы кім?

Қадыр Мырза Әли — осы өлеңнің авторы.

Автопортрет өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Автопортрет өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қадыр Мырза Әли өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Автопортрет өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері