Өлең, жыр, ақындар

Кәрі бұлбұл

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3583
Бұл тірлікте махаббат пен от егіз.
Бірақ оны түсінбей ғой өтеміз.
Алпысында,
Жетпісінің өзінде
Әлденеше ғашық болған Гетеңіз.
Бұл арулар кімге де бас игізген.
Тап осындай табылар ма күй бізден!
Жетпісінде
Жиырмадағы жігіттей
Сүйген Гете,
Өзін және сүйгізген!
Көрмесең сен махаббаттың көкесін,
Езуіңде ойнамасын кекесін!
Әйгілі ақын —
Оны айтасың —
Жетпіс пен
Он сегіздің қимақ болған некесін!
Қайран өнер —
Шетсіз-шексіз қара құм.
Қара құмда ала алмаған бар ақым.
Жетпісінде
Жырларымен ғашықтық
Жердің жүзін таң қалдырған кәрі ақын.
Жорықта көр,
Жарыста көр дүлділді.
Дүлдүлдердің тегі қайда?
Кім білді?!
Жырлатқан не жетпістегі ақынды?
Сайратқан не жетпістегі бұлбұлды?
Ұлы жүрек кететіндей жарылып,
Әрбір таңды күткен Гете сарылып.
Бұлбұлыңды бұлбұл еткен қандай күш?
Білесің бе?
Махаббат пен кәрілік!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төлегенге

  • 0
  • 0

Мен айтсам деп,
Айтсам деп сөзін көктің,
Мұнараға ішек тағып,
Безілдеттің.

Толық

Милостық Венера

  • 0
  • 0

МИЛОСТЫҚ ВЕНЕРАКеңдігі ме өмірдің,
Тарлығы ма?!
Ойлы көзге дүние жарлы мына.
Венераны көрген жан сене алмайды

Толық

Асан мен Хасан

  • 0
  • 0

Білген адам Асанды,
Білген адам Хасанды
Екеуінің достығын
Дей алмайды жасанды.

Толық

Қарап көріңіз