Бар дегенге сенбеймін ойдан да асыл – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Бар дегенге сенбеймін ойдан да асыл» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3244
Бар дегенге сенбеймін ойдан да асыл.
Өлең үшін табылар қайдан да сыр.
Мына ғасыр, бауырым, байқайсың ба?
Алау ғасыр,
От ғасыр,
Майдан ғасыр!
Нұсқау алып әкеміз Октябрьден,
Намыс үшін сайысып өтті өмірден.
Мен де сондай сарбазбын бұл ғасырда
Шинелінің етегін от кемірген.
Тұсауымды қылышпен кесіп пе еді?!
Біз жайлы елім жаман сөз есітпеді.
Шырылдаған шындықты от ішінен
Алып шығам сәбидей бесіктегі.
Емеспіз біз момақан жасық халық,
Ерлігіңе алғанбыз машықтанып.
Өлуге де дайынбыз өрт ішінде
Жанған үйдің төбесі басып қалып.
Бабамыз да ер еді,
Өжет еді.
Ұрпағының дұшпанға сөзі өтеді.
Шындық үшін қып-қызыл отқа түсіп,
Шындық үшін күйгенге не жетеді?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері