Басыңды сақта – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Басыңды сақта» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1044
Баянсыз мынау заманда,
Базарға барып бақ сынар.
Саудасыз нәрсе адамға
Еш жерде, бауырым, жоқ шығар.
Іздесең дәрі дауаға,
Саудаға кірмей жоқ шара.
Бір жұтым таза ауа да
Сатылар ертең ақшаға.
Алмасын құдай берерін,
Жүрейік аман­сау ғана.
Тұрса да тасып өнерің,
Түседі басың саудаға.
Сен үшін жанын қиятын
Азайып туыс, досың да,
Кіршіксіз ар мен ұятың
Саудаға түссе шошынба!
Сауданы кім бар тауысқан,
Дүниенің түбін көз көрмес.
Заманнан заман ауысқан,
Өмірдің заңы өзгермес.
Соңында шулы ғасырдың
Қаралы түтін, көк тұман,
Құны жоқ алтын басыңның,
Арзансың арық тоқтыдан.
Жүдеді тозып ауылым,
Жыртылған тондай жағасы.
Басыңды сақта, бауырым,
Қымбаттап қалар бағасы!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері