Жұмақ – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Жұмақ» атты Қадыр Мырза Әли жазған жәннат туралы өлең берілген.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3353
Көк шалғынды жапырса
Киіз үйдің іргесі;
Сұлу жеңгең сапырса
Сары қымыздың бір месін;
Ән-жырыңа елтісе
Әулие жер,
Асыл жер;
Тотай болып желпінсе
Таудан соққан жасыл жел;
Айқындасаң ойыңды,
Ақын көңіл жыр көзеп;
Қымыз билеп бойыңды,
Қалғып кетсең бір мезет;
Өңіңдегі жұмақты
Көрсең сосын түсіңде;
Түрсең екі құлақты
Талдай нәзік мүсінге;
Жапан-дала сияқты
Жатқандай бір той аңсап?
Дүбірлеген тұяқтың
Дыбысынан оянсаң;
Жоқ ешқандай алаңың,
Бір тынығып алдың ба?!
Дастарқаны даланың
Дайын тұрса алдыңда;
Құда түссең салтымен,
Қалай айтар қыз өкпе?!
Жолығыссаң,
Салқынмен
Шығып түнгі күзетке.
Ол да сендей көздеген
Бақыт атты бұлақты...
Ойлап тапқан сөз деме
Көп естіген жұмақты!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері