Ғашығым
Ғашықпын тағат-сабыр ете алмаған,
Мұратқа көп ізденіп жете алмаған.
Қайырса қара қарға қаз алмайды,
Жібекті жүн қылады, түте алмаған.
Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша.
Кішкенеден бірге өскен сәулем едің,
Ғұмырың аз ба, көп пе, әлде қанша?,
Аты еді бұл әнімнің «жонып алды»
Алғандай сұлу жонып өрім талды.
Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.
Айжанның разы болдым құрметіне,
Жайылар бұл құрметің ел шетіне.
Мал мен бас, ықыласың бәрі бірдей,
Оралған бәрі тегіс ниетіңе.
Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді?
Бұл Біржан аралаған талай елді.
Жалғанда ырысың бар жан екенсің,
Құлағың естігенде көзің көрді...
Алтын мен тең түспейді інжу-маржан,
Асылдан кем болмайды алмас-бірлан.
Әніме сегіз дуан таңырқаған,
Баласы Қожағұлдың атым Біржан.
Пар жектім қос күреңді сүмеңдетіп,
Жеріңе уәғада еткен келдім жетіп.
Уәғадан, өткен айдың жүзінде еді,
Барады әлденеше күндер өтіп.
Қapa нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,
Бірге өскен кішкенеден қалқатайым,
Жүремін кіммен ойнап сен кеткен соң.
Ахауға мен салайын ари-айдай,
Артымда құрбыларға сөзім қалды-ай,
Үш жүздің баласына еркеледім,
Әншілік бұдан артық болсын қандай?
Басына кәмшат бөрік қиғашырақ,
Қыз сапы бас болғанда, біз — шам-шырақ.
Ала үйрек, алма мойын перизатым,
Болмаппын сізбен таныс бұрынырақ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі