Не істе дейсіз енді сіз?
Не істе дейсіз? Не істе дейсіз енді сіз?
Халге жеттім адам айтса, сенгісіз!
Сіз жоқ жерде ауа да жоқ!.. не болған?
Қайдан келдім? Қайда барам? Белгісіз...
Не істе дейсіз? Не істе дейсіз енді сіз?
Халге жеттім адам айтса, сенгісіз!
Сіз жоқ жерде ауа да жоқ!.. не болған?
Қайдан келдім? Қайда барам? Белгісіз...
Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн
Елегзимін... Кім бар мені алдайтын?
Сен қайтер ең халге жетсем бір күні
Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?
Бәлкім, мен де кешігемін,
Сен бірақ та кешіре біл...
Ойып алып әз көктемді
Тағып кеткен төсіме кім?
Сен жайыма қалдыр мені, көкпар мұң,
Көлеңкесі болайыншы көк талдың...
...Сен күнге емес, бұрын қалай білмегем,
Күн өзіңе ұқсайды ма деп қалдым.
Керегі жоқ жарықтың да, шамның да,
Сен отырсың сол әдептен оза алмай...
Өлең оқып отырмын мен алдыңда,
Жанымды оқып отырсың сен көз алмай.
Сіз жай ғана әлеміме еніңіз,
Дәл мендей боп тарылады деміңіз.
Қайраңдағы қайран балық тұншығып,
– Өлдім! – десе, шын айтады ол, сеніңіз.
Әлдекімдер шын ғанибет деп білген,
Әлеммін мен жаратылған тек гүлден.
Сізге деген құштарлықтан құлпырып,
Пенде емес, перизат боп кеттім мен.
Сүю үшін жаратты Тәңір неге?
Бұл жүрекке жүрмейді әмір неге?
Әр мезеттің кірпігін санап тұрмын
Үнсіздікпен сен мені жәбірлеме...
Мен ешқашан ұйқас іздеп көрмедім,
Көшірдім тек көңілдің бір өрнегін.
Ішкі ұйқастай жүрегімнің ырғағын
Болған шығар аракідік тергенім.
Тыныштығын бұзып келген түнектің
Танисың сен дыбысынан өкшемнің.
Өкінішті-ақ, лүпілінен жүректің
Жан дүниемді таниды ғой деп сендім.
Сен несіне мені сонша әуре еттің?
Әлеміңе мас боп кіріп, сау кеттім...
Сені сүйген мына жүрек жау маған,
Мен өзіме өзім келген нәубетпін.
Жеңіс пе бұл? Жоқ әлде жеңіліс пе?
Сен сүйдіре алмайсың мені күштеп...
Шұғынықтай құлпырып шыға келсем,
Шықпай қалар құмығып демің іштен.
Гүлдерді де өлтіреді у қайғы,
Жапырағы жан тапсырып шулайды...
Бір жақынын жоғалтқандай ... зырқ етіп
Байғұс жүрек көндіге алмай тулайды.
– Ақша бұлтқа тығылады Күн неге?
– Ол не сонша? Үлде менен бүлде ме?..
...Жарығым-ау! Таласпаңдар жарықпен
Және жарық адамдарды күндеме.
Қалып қойсын елеусіз қуыста мұң,
Жарықтық Күн! Жалғызым!
Туысқаным!
Қанатыңның суырып күміс талын,
Есіміңнің әрбір әрпін сүйемін,
Есігімнен келетіндей Сіз кіріп.
Өзіңіздей құдіретке ие кім?
Аят сынды әлпештеймін үздігіп...
Сен бір күні өксисің-ау аспандай,
Ішің толып төгілерсің жаңбырдай.
Мен сол кезде жауап қатам жасқанбай,
Шоғы сөнбей жаны күйген тандырдай.
Тозаңда да ішкі қуат болады,
Тамшының да салмағы ауыр білгенге...
Көлеңке де күш көрсетер ол да әлі,
Жаның мұздап қоя берер бір демде.
Жүрекке кірш еткізіп сұғып алып,
Пышағын біреу ұмыт қалдырғандай...
Ауамды әкеткендей жұлып алып,
Жайрадым, жанымды өртке алдырғандай.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі