Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге
Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге,
Көрінбес көп болғанмен, дүние көзге.
Серік боп азаматтар турмаған соң,
Бек қиын өнер табу енді бізге.
Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге,
Көрінбес көп болғанмен, дүние көзге.
Серік боп азаматтар турмаған соң,
Бек қиын өнер табу енді бізге.
Барады ғұмыр өтіп күн-күн санап,
Жолында ғылым-Сарыф еттім талап.
Дегенді: "Жеті жетім" - өлең қылдым,
Құр бекер отырғанша босқа қарап.
Дүниеде сөз қатығы өлең-жыр бар,
Білуге сөз мәнісін неше қыр бар.
Би хикмат Жаббар ием жаратқан жоқ,
Бұлайша болуында бек көп сыр бар.
Бісмілла - сөздің басы, Хақтың аты,
Молданың ақ қағазда қалар хаты.
Нақылият- қара сөзден - өлең қылып,
Шығарған Мәшһүр-Жүсіп хикаяты.
Хат жазар қалам алып, ғылымдылар,
Сөйлемес жаман сөзді білімділер.
Пендеден алып пенде бай болмайды,
Құдайдың бергенімен күніңді көр!
Жұмағы бұл дүниенің - жақсы қатын,
Шығарса ағайынға жақсы атын.
Гүл жүзді(жүзлі), шырын сөзді (сөзлі), нәзік болса,
Түзетсе үй-мүлкінің салтанатын.
Ақынның шек келтірме тіл-жағына,
Ілінсең сау қалмайсың тырнағына.
Жұрт күлгендей сөйлейді жамбасқа (жанбасқа) алса,
Келтіріп қиын сөзді ырғағына.
Ойланыңыз - ақыл, білім қайда болмақ?
Дүниеде қандай орын, жайда болмақ?
Білу пан ұнату - ақыл деген ісі,
Қайтсе - зиян, қайтсе пайда болмақ?
Пендесі бір Құдайды білмей ме екен?!
Мінезін Құдай оның көрмей ме екен?!
Шайтандай, ең болғанда, көп жасасын,
Жоқ болып, ақыр бір күн өлмей ме екен?!
Болып мас татып алып арам астан,
Кәріп бас өз жанына болған қастан.
Махаббат, мархабатлы болмаған соң
Уыз жас қалды көңілім замандастан!
Сырдария облысында бес жыл жүрдім,
Үш жүзге өнер шашып, үлгі бердім.
Жетпеген күші аузына ақындардың
Әр жерде қаңғып жүрген сөзін көрдім.
Жылау жоқ бір түн, сірә, көзді жастап,
Бейішке апармақ боп жұртты бастап.
Басымды бір шұлғытып, бір мүлгітіп,
Тәспіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап.
Ташкенттен келген бұл хат жаз басында,
Наданның кешіп күні жамбасында.
Сандыққа жүкке жиған түсіп қалып,
Жүн-жұрқа қалған жатып далдасында.
Жұрт алды деп, алады бәрі де "Айқап",
Ешқайсысы білмейді оқып, байқап.
Алған бала сандыққа тастай беріп,
Әке жүр: "Құр шығын" - деп, басын шайқап.
Жақсы өтіп, бұл күндерде жаман қалды,
Кім мұнан басын құрттап, аман қалды?!
"Жүк-тайлаққа, - дегендей, - ел- бойдаққа",
Құлға тендік бір тиген заман қалды.
Бұл қарын бір күн тоймақ, бір күн ашпақ,
Күнде тойып отырса, тым-ақ жақсы-ақ.
Бұрыннан келе жатқан жаман әдет, -
Қарны ашқан қаралы үйге қарай қашпақ.
Кең дала, қалдың адыра көркің кетіп,
Жұрт қалып мал жаюдан өрістетіп.
Әр сайда қора менен мола қапты,
Иесіз тау, елсіз қыстау, - барсаң жетіп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі