Тәңір сыйы
Жан сырымды өзіңе
Жайып салып есілем.
Қарақаттай көзіңе
Көрген сайын тесілем.
Мен – қайсар тас жүрек ем,
Емендей иілмеген.
Сен – жайсаң жас жүрек ең,
Жігіт жоқ сүйінбеген.
Мен сені көрген күннен сүйіп келем,
Басымды бал денеңе иіп келем.
Қашықтап кеткен сайын қаншалықты,
Мәртебең соншалықты биіктеген.
Мен неге осыншама ғашық болдым?
Мен неге осыншама тасып-толдым?
Өйткені, мәңгі жұмбақ жүрегіңнің
Қақпасын мейірімді ашып көрдім.
Кейде түннің ішінде,
Керемет бір түсімде
Қалқашымды көремін
Періштедей пішінде.
Жаны жұмсақ жайсаң жансың сен мүлдем,
Сүйем дедің, сүюіңе сендім мен.
Азаптадың, мазақтадың сезімді,
Бәріне де басымды иіп, көндім мен.
Жырақтап сәтке бір ғана,
Естімей қалсам үніңді,
Тұнжырап кетем мұңдана,
Жоғалтқан жандай күнімді.
Сен мені ұғамысың –
Мәңгілік мұратымсың.
Аңдамай әлде бір күн,
Апанға жығамысың?
Тәңірге сенгенімнен,
Өрекпіп өр көңілмен,
Өлердей ғашық болдым,
Өзіңді көрген күннен.
Өтіп жатыр бір тойың –
Қос жиырма гүл тойың.
Кеуделерде күй толы,
Әзіл-сықақ, күлкі, ойын.
Аяулы асыл әнім саған арналды,
Ояттың ойымдағы арай арманды.
Асыға күтіп жүрдім талай таңдарды,
Болшы, еркем, кешірімді,
Күлімдесең – күн болам,
Тұнжырасаң – түн болам.
Сен жоқ жерде, сүйіктім,
Мазам кетіп мұңданам.
Мен сені сүйіп едім, түсінбедің,
Байлықпен бағаланар кісің бе едім?
Табынған тек Тәңірге жан емес пе ем,
Не болды соншалықты кішіргенім?
Өзіңмен бірге болған әр сағатым –
Өмірлік қайталанбас бал сағатым.
Кетпейді құлағымнан балғын даусың,
Балқытып таң атқанша ән салатын
Барлық бақыт сенің балғын басыңда,
Барлық шабыт сенің шалғын шашыңда.
Сол заматта кәйіп болып қаламын,
Бір иіскесем бірге отырып қасыңда.
Мен сенің біліміңе қарамадым,
Мен сені жетім деп те санамадым.
Ал, сенің келбетіңе жер бетінде
Ешкімді тең екен деп баламадым.
Бәрін де шешіп қас қағымда,
Бала мен байды тастадың да,
Ілесіп маған жүріп кеттің,
Бақытқа шексіз бастадың да.
Жауқазындай жан құрбым,
Жүрегімді жандырдың.
Ұмыттырып әлемді,
Ақылымнан тандырдың.
Қай кезде қайда жүрсем де,
Думаңды топқа кірсем де,
Тыпыршып мазам кетеді,
Бар ойым болып бір сенде.
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі