Сезімдер ғажабы...
Сезімдер ғажабы
Қиялда құбылып;
Ашудың азабы
Алқымға тығылып.
Тау түнерді – мен де міне түнердім,
Су күледі – мен де қазір күлемін.
Бұлт жылайды – мен де жылай білемін,
Бұл мінезді өзгеге де тіледім.
Тербетіліп жатыр дала алдымда,
Толқын болып аунайды жел шалғынға.
Жасыл жалын ұйтқып жанып өрмелеп,
Бұтақтарын орап апты талдың да.
...Қара дауыл, құлағымда тұр үнің,
Қара түтін, көз алдымда бұрымың.
Найзағайлар сермегенде сырығын,
Тірі қалдым, тірі қалдым – тірімін!
Қызыл сөз, неліктен сұйықсың,
Көзінен өткендей селдірдің.
Қара көз, неліктен тұйықсың,
Өзіңе кімдерді сендірдің?
Қызығам: тау үстінен алтын арай
Түскенде көлге сырғып қалтырады-ай.
Көтеріп көк етегін күн келеді,
Тау қары қалай жатсың жалтырамай!
Өз мүлкімнің бар салмағын ұқса жан,
Одан сайын ауырлата жүк салам.
Ойхой, менің қанағатым тойымсыз
Қайыршының дорбасына ұқсаған.
Өткеріп сезімді күн, төзімді айды,
Іздесем табар едім сөз ыңғайлы;
Сөзді емес, отырып-ақ өз төсіңде,
Туған жер, ойланамын өзің жәйлі.
Тоя ма екен бұл дүниеде сырға адам,
Адам сырды адамдардан ұрлаған.
Шіркін тұрмыс үйретпекші барлығын,
Үйретпекші баяғы сол бір надан.
Міне, міне тірі гүлдер, тірі гүлдер тұр өсіп,
Бұл далада бақыт шақтың баяны үшін күресіп...
Өткен күндер дауылымен құмдар толқып шайқалған,
Сол бір дауыл талай ізді кетті-ау көміп, майталман!
Түн. Тымырсық, тымық түн,
Сыбдырға – сырына құнықтым.
Шайқаған талдың жас бұтағын,
Самалын, самалын жұтамын.
Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.
Думаншыл дүние дуылдап қызып дүркіреп
Жатқанда, адам шаттыққа бөгіп, жыр түлеп,
Күлкіге толы көңлінде жұрттың бір тілек,
«Бақыт пен өмір орнасын Жерге мәңгілік!»
Басталды күй бір ырғалып,
Күйші отырды «кел де келге».
Күлсе қыздар жымың қағып,
Күй қайтеді жеңбегенде!
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі