Спорт бұйымдары, ойын


Алпыс төрт бөлмеде
Отыз екі тұрғын бар
Ақ қарағып бөлгендер
Бірін-бірі қуғандар
Ханы үшін де, жаны үшін де
Бермейді олар намысын.

Шахмат



Табаныма байладым,
Қос таяқпен айдадым.

Шаңғы



Жазда қайрандайды,
Қыста сайрандайды.

Шана



Ойға қарай зулайды,
Сенсіз өрге бармайды,
Жетелесең қалмайды.

Қол шана



Шіркіннің өзіне обал-ақ,
Жүреді аяқта домалап.

Доп



Қыстай жегіп қос атты,
Көктем шыға босаттым.

Шаңғы



Әуеде
Дәу қарынды үрдім де,
Аузын байлап бүрдім де,
Төмен қарай сүйредім,
Ауада еркін биледім.

Парашют



Біздің үйде бір қыз бар,
Көзі бар, көрмейді,
Аузы бар, жемейді,
Қолы бар, ұстамайды,
Аяғы бар, жүрмейді.

Қуыршақ



Ақ шатыр,
Ақ шатырдың ішінде
Ақ ала көйлек қыз жатыр.

Қуыршақ



Жазда жатса тынысып,
Дейді қыста жұмыс тап,
Тауға шықсаң - жетекте,
Қашады алып етекке.

Шана



Қос аяқ жүрген қуып,
Жел шықтан үрген қуық,
Бірде жөн, бірде лағып,
Қашады зыр-зыр қағып.

Футбол



Ұрсаң қатты зырлайды,
Жерге қарғып тұрмайды.
Тиіп кетсе басыңа,
Еш бір зиян қылмайды.

Доп



Өзі кішкене дөп-дөңгелек,
Тапшы, қане біле алсаң.
Өзіңнен де биікке асады,
Мықтап жерге ұра алсаң.

Доп



Нәзік белі бұралған,
Ұшы біздей қадалған.
Қар үстінде жорғалап,
Басқан ізін бояған.

Коньки



Орай бұты, бөкен сырты,
Іші бар, ішегі жоқ.

Асық



Екі атасы бар,
Он сегіз анасы бар.
Он сегіз анасының әр қайсысында
Тоғыз-тоғыздан баласы бар.

Тоғыз құмалақ ойыны



Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,
Келгенде аларманға адам тентек.
Ішінде сол қосынның төрт әйел бар,
Жүреді елу екі қол жетелеп.
Және де екі патша басында отыр,
Үкімі сол шіркіннің тым-ақ тентек.

Ойын картасы



Дүниеде бір нәрсе бар төрт бұрышты,
Топ кісі жиылып-ап келді, тұрысты.
Әр қайсысының төрт жүзден әскері бар,
Жиылды барлығы, қатты ұрысты.

Карта ойнау



Екі жүз он алты екен қара солдат,
Төсектен отыз алты өреді аңдап,
Балталы батыр бағлан қойған атын.
Олардан басым шыққан сегіз қатын,
Қолына дүние түрлі гүлдерді ұстап,
Түзетіп отырады екен салтанатын.
Бар екен сегізінің сегіз байы,
Төрт текше болады екен оның жайы
Қорқытқан ол сегізі төрт батыры
Олардың батырлықтан жоқты жайы
Бұл сөзім емеурінсіз емес жалған,
Әр жерде болмай ма екен осындайы.

Карта ойыны



Жайлаған бір аралда бір топ киік,
Жүрерге аяғы жоқ жерге тиіп,
Бәрінің қатар жүрсе бойы бірдей,
Біреуінен біреуінің көңілі биік.
Еш адам ол киікті жаратпайды,
Ішінде жалғыз мүйіз еркегі бар,
Бетіне еш біреуді қаратпайды.

Ойын картасы



nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)