Өлеңдер бөлімі

Табиғат туралы жұмбақтар


Ертеңгілік үлкен,
Кешкілік үлкен,
Талма түсте кішкентай.

Күн



Көк аспанды байытқан
Қара бұлтқа тәп-тәуір
Пайда болып ғайыптан,
Ғайып болды от-тамыр.

Найзағай



Көбелек секілді келгенде,
Кеткенде әбжылан сияқты.

Қар



Тіріде, басы аманда
Асылып тұрар әмәнда.
Аяғы жерге тимейді,
Аязсыз күнді сүймейді.

Сүңгі



Шешесі — су да,
Әкесі — суық.
Көктемде өлер,
Күз күні туып.

Мұз



Көл бетінде керуен жол.

Құс жолы



Бояуларым қашып кетті,
Көк қағазды басып кетті.
Қатарларын тізіп алды,
Арттарында ізі қалды.

Кемпірқосақ



Қазан толды кілкілдеп,
Қайнайды жәй бүлкілдеп.

Жаңбыр кезіндегі айдын



Қанатсыз құс маңып барады,
Көзінен жас тамып барады.

Бұлт



Күн күледі,
Жер түледі.
Бұл қай мезгіл?

Көктем



Дәмі де жоқ, түсі жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ.

Су



Қара таудай буралар,
Қара бұйра шудалар.
Бура жерге шөгеді,
Бұлау терін төгеді.

Бұлт пен жаңбыр



Бой жаза алмай, ойнай алмай
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім айтыңдаршы
Бұл қай кезде болады?

Күз



Құйсаң шығар гүл өсіп,
Қатады қыста сіресіп.

Су



Көз жасты – жылауық,
Келе жатыр бір алып.
Жабырқаса жылайды,
Жадыраса тарайды.

Бұлт



Аппақ, бірақ сүт емес,
Аппақ, бірақ бор емес,
Аспаннан ол түседі,
Даланы ақпен жабады.

Қар



Жабағыны ұшырдым
Жерге моншақ түсірдім.

Жаңбыр



Гуілдейді құлаққа
Оны ешкім көрмейді.

Жел



Жиып-теріп болатын
Қанбаға астық толатын
Қызыл қырман ойнайтын
Қай мезгілде болатын?

Күз



Қар суы еріп, сай-салаға толады,
Жер көгеріп, бүршік атып,
Жайлау малға толады.
Бөбектерім айтындаршы,
Бұл қай кезде болады?

Көктем