Әр адам өз болашағы үшін жауапты. Ал жас жеткіншектің болашағы ата-анасына тікелей байланысты. Ананың ойы -балада, баланың ойы-далада.Бүлдіршіндердің үнемі ойынға, қызыққа ұмтылып тұратыны белгілі. Баласынының қылықтарына ашуланған ана: «Сабақ оқымасаң көше сыпырушы боласың»,- деп ұрсатыны өтірік емес.Осы сөздің өзі дұрыс деп санайсыз ба? Жас балаға қазіргі еңбегінің ертең жемісін көретінін жүйелі,түсінікті тілмен жеткізу керек. Негативті сөздерді, өз тарапына жағымсыз пікірлерді естіп өскен бала қандай болады? Оқу-білімнің де, спорттың да келешегіне керек екенін ұғынуы тиіс. Әкесінің кітап оқып отырғанын көрмеген бала қалай оны парақтайды? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер». Отбасындағы жағдайды көріп өскен бала үнемі солай болу керек деп ойлайды.
Сондықтан балаға кішкентай кезінен қарапайым күн тәртібін жоспарлауды үйрету керек. Арасында ойын-сауыққа, демалысқа бөлінген уақыттың болуы шарт. Уақытты тиімді жоспарлап үйренген адам әр күнін пайдалы өткізеді. Бүгін нақты істеу керек нәрсені ертеңге қалдырмайды. Ынта бар болса 1001 амал,ынта жоқ болса 1001 сылтау табады. «Мен бүгін бизнес жайындағы кітапты оқимын, себебі ертең мамандығыма керек болады»,- деген сөздің өзі мақсаттың бар екендігін білдіреді.
Болашаққа нақты жоспар құру мақсат қоюдан басталады. Кеше армандадым, бүгін мақсат қойдым, әрекет етудемін. Ал ертең арманыма жетемін. Міне, осы принциппен өмір сүрген адам көп нәрсеге жете алады. Ынта, ықылас, еңбексүйгіштік-барлығы өзара үндестік тапса, ол адам сөзсіз мақсатына жетеді.
Ол үшін қазір әрекет ету қажет. Дәл қазір орныңыздан тұрып барып, болашаққа жоспарды қағаз бетіне түсіріңіз. 24 сағат ішінде болашағыңыз үшін қанша қадам жасай аласыз? Болашақ жастардың қолында. Жастарға үлкен үміт артып отырған үлкендер жоғарыда айтылған нәрселерді естен шығармаса екен. Құрметті жас дос! Болашағың үшін әрекет ет. Өйткені, болашақ бүгіннен басталады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Әбіләз
Болашақ бүгіннен басталады