Эссе және өлең-жыр байқауы

Алдау түбі — азап

Күндердің бір күнінде ауылдан қалаға келе қалған бір қазақ мешіт маңында тұрған бір топ молдаға тап болыпты. Ол мешіт- ке кіріп-шығып жатқан кісілерді көріп:

— Бұл не жиын? — деп, сұрапты молдалардан.

— Бұл құдайға жалбарынып, мұң-мұқтаждарын айтып жатқан жарлылардың жиыны, — дейді молданың бірі.

— Құдекеге мен де жалбарынып, мұң-мұқтажымды білдірсем қайтеді?

— О, не дегеніңіз, барыңыз!

Қазақ атын байлай салып, мешітке кіріп келеді. Бақса мешіттің төрінде үстіне ақ жамылған дағарадай сәлдесі миығына түскен, қолына асасын ұстаған біреу отыр. Онан басқа жан жоқ.

— Бұл қалай? Құдайы қайда? Арызымды кімге айтамын? — деп ішінен күбірлепті жолаушы.

— Құдайың мен, не айтасың? — депті, мешіт төрінде молдас құрып отырған молда.

— Тақсыр, Құдай! Менің ұшқан құсты орнынан басатын құмай тазым болушы еді. Өткен жылы оқыс жерден соны алдыңыз, не
жаздым сізге?

— Керек болды! — деп зекірді сәлделі «Құдай».

— Осы жазда тақымға тартар жалғыз дөненімді алдыңыз. Тағы не жаздым?

— Ол да керек болды.

— Өткен айда көзімнің қарашығындай жалғыз баламды жалмадыңыз. Соншалық зарлатар не күнәм бар?

— Өзім бердім, өзім алдым. Онда ісің болмасын.

— Ау, бәрін де керек дейсің, сонда саған керек бала маған керек емес пе? — деп, беліндегі дойыр қамшысын суырып алып, молданы көк ала қойдай етіп сабапты. Құдай болып жұрттың тапқан-таянғанын алдап алып жүрген молда сөйтіп сазайын тартыпты. «Алдау түбі — азап» деген осы да.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...