Өлең, жыр, ақындар

Өмір құндылықтары

Өмір – теңіз, тағдыр – кеме, ал кемең суға  батпас үшін өзің капитан болуың керек.     

Халық нақылы

Өмір – әрбір адам баласы үшін бір рет берілетін сынақ. Өмір – сүру бәріне бірдей берілген мүмкіндік. Халық арасында «Өмірге адам болып келу – Алладан, ал өмірден адам болып өту – адамнан» деген тұжырым бар. Сондықтан әрбір адамның өмірінің мәнді болуы тікелей өзіне байланысты. Бірақ , өкінішке орай кейбір адамдар өз өмірлерін бағалай білмейді.                                                                       

Өмір, ең алдыменен өз отбасымен құнды. Өзіңізге жақын: еркелетер мейірімді  анаңыз болса, асқартаудай арқа сүйер  әкеңіз болса, өз өсиетімен жөн сілтер  атаңыз болса, рухани адамгершілік тәрбиемен сусындататын ертегішіл –  әжеңіз болса, әрдайым қол ұшын берер жанашыр бауырларыңыз болса, - бұл өмірде сіз ең бақытты жансыз. Себебі,кей адамдар мен балалар үйіндегі балалар отбасының жылулығын сезбей де , білмей де өсіп келеді.

Өмір -  жан-жағымызға жақсылық жасап, қуаныш сыйлауменен  құнды. «Сыйлық алғаннан гөрі, сыйлықты өзгеге берген жақсы» демекші, бұл өмірде жақсылық жасаған сайын ол өзіңе Алладан екі есе болып қайтады. Бұл арқылы  біз өмір – бумеранг екенін түсінеміз.  Әйгілі психолог Виктор Франкл да өмір мәнін осылай түсіндіреді.

Өмір - әр шуақ шашқан күнімізбен құнды. Ел арасында «Бір күнім өтті дегенше, өмірімнің бір сәті өтті десейші» деген сөз бар емес пе?! Сондықтан әр минутымыз, тіпті әр секундымыз біз үшін баға жетпес құнды байлық.

Өмір - біз өсіп келе жатқан табиғатымызбен, тыныш бейбіт өмірімізбен құнды. Қоршаған орта – біздің екінші үйіміз, Анамыз! Табиғат біздің анамыз дегендей , біз,  сол табиғаттың берген нәрінен қуат алып өсіп келеміз.

Өмір - біз жасап жүрген игі істерімізбен құнды. Әрбір іс-әрекетіміз – біздің болмысымыз. Ол біздің жүрегімізбен тығыз байланыста. Жүрек ешқашан алдамайды. Себебі  Әбіш Кекілбаев «Жүрек – ақиқаттың мекені» деп дәл айтқан.

Өмір - біздің сүйіспеншілігімізбен және ризашылығымызбен құнды. Біз әрбір атқан таңымызға, әрбір қуанышты сәтімізге алғыс айтуымыз қажет. Қуанышты сәттеріміз, өмірдегі бақытты кездеріміз жадымыздан өшпесі анық. Өйткені  ол біздің өміріміздегі құнды естеліктеріміз. Сондықтан әрбір істі сүйіспеншілікпен және жауапкершілікпен жасауымыз қажет.  Сонда ғана әрбір жасаған ісіміз сәтті болып ,  нәтижелі болмақ.

Өмір - үлкен өмірде әрбіріміз өз орнымызды қателеспей анықтап, таба білуімізбен құнды. Яғни  біз мектепте алған білімізді жоғары оқу орнында жалғастырып, өзімізге тиесілі мамандықты меңгеру. Сол мамандықты атқаруда  тәнімізбен сезініп ләззат ала білсек, халқымызға адал қызмет жасасақ, -  міне нағыз өміріміздің шынайы құнды мәні болмақ.

Өмір - Абай Құнанбаев: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деп айтқанындай , бір-бірімізге деген шексіз мейірімізбен құнды. Себебі жүрегі мейірімге толы адам ешқашан қиянат жасамайды.

Өмір - біздің өмір сүріп жатқанымызбен құнды. Бұл өмірде біздің бар болғанымыздың өзі сыйлық, әрі бақыт емес пе?! Нақ осы сәтте мен осы эссені жазып отырмын. Міне, нағыз бақытты сәттің көрінісі екені, ол –ақиқат!

Қорытындылай келе, мен өмірдің ащысы мен тұщысын көтере білу – кейбір дамдарға қиын соғатынын түсіндім. Өмірімізді мәнді ету –ол әрбіріміздің қолымызда. Сондықтан:                                                                                                                                                                Ақылды болғың келе ме - өзіңді және өзгелерді түсінуді үйрен.
Сүйікті болғың келе ме - өзіңді және өзгелерді жақсы көруді үйрен.
Сені бағалағанын қалайсың ба - өзіңнің және өзгелердің еңбегін бағалап үйрен.
Дәулетті болғың келе ме - қолыңда барға қанағат ет.
Еркін болғың келе ме - өзіңе керек емес адамдарды жіберуді үйрен, - дегім келеді. Сол үшін өмірімізді бағалай білейік! Өмірімізді мейлінше түрлі - түсті бояумен бояп, жан - жағымызға нұрымызды төге жүрейік!

Умирзақ Мөлдір Жәнібекқызы
№52 М. Өзтүрік атындағы жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы                                                                          


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Модератор

Бір материалды қайта-қайта жүктеу қажет емес. Суретті де жүктеу керек емес.

Роза

мағыналы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз