Ертеректе жүйрік атты жазбай танитын сыншы, атбегі болыпты. Оның өзімен бірге қартайған Кәрібоз деген жүйрігі болса керек. Кәрібоздың даңқы құнан күнінен шығып, қашан арса-арса болып қартайғанға дейін небір егелескен жарыста алдына қара салмайды екен. Тіптен, Кәрібоздың даңқы дүрілдеп тұрған кезде талай тойдың бас бәйгесін шаппай-ақ алып жүріпті.
Бірақ, мәңгіні Құдай жаратқан ба, Кәрібоз да әбден шегіне жете қартаяды. «Өміріме серік болып, талай қызық күндерді бірге өткізген пырағым едің ғой» деп, иесі Кәрібозды бос қоя береді.
Ақтылы қой, алалы жылқы баққан ел іші жүйріксіз болама, сол кезде Салторы деген бір аттың атағы шыға бастайды. Жүйрік атқа марапат көп, Салторының бітім-қасиеті жұрт аузынан түспейтін болады. Әсіресе, Салторының шыға шабатын ұшқырлығы, сол бетінде алдына тұяқтыны шығармастан мәреге жеке-дара келетіні ел ішіне аңыз болып тарайды.
Күндердің бір күнінде ұлан-асыр той болады. Той иесі ат жарысының бас бәйгесіне қырық тай тігемін деп, дәмелі жұртты қызықтыра жар салады. Ұлы дүбір бәйгеге Салторы бастаған небір жал-құйрығы сүзілген жүйріктер келеді. Мұндай дүбірлі шақты талай көрген Кәрібоз сол күні бір бөлек мінез шығарып, өзінен-өзі тықыршып, үй желкесіндегі ат байлар мама ағашты шырқ айналып, жер тарпып тұрып алады. Бұған иесі онша мән бермейді. «Жануарым, әбден алжып, үйкүшік болдың-ау енді!» дейді де қояды.
Осының бәрін көріп, байқап жүретін бір тазша бала болады екен. Өзі де бір, жыланның күйсегенін білетін зерек болса керек. Сол тазша бала Кәрібоздың иесінің жанына келеді де: «Ақсақал, Кәрібоздың әлі де бір шабарлығы бар екен, тіленіп тұр ғой, обалына қалмаңыз. Егер тілімді алсаңыз, бас бәйгенің қырық тайы өрісіңізді толтырады. Кәрібоздың шын жүйрікке лайық ең соңғы өнерін көресіз. Ал тілімді алмасаңыз, осы үйден өз сүйегіңізді Кәрібозға артып шығарады», — дейді.
Мына сөзді естігенде шалдың зәресі ұшып кетеді. «Қой, осы баланың аузына Құдай сөз салып тұрған шығар» дейді де, Кәрібозға тазша баланы мінгізіп қоя береді.
Ұлы дүбір бәйге де басталып кетеді. Әдеттегідей, Салторы суырылып алға шығады. Сол бетінде алдына қара салмай, созыла сілтеп келе жатады. Салторының шабысы көрген жанның айызын қандырғандай еді дейді.
Ал, Кәрібоз болса, ә дегенде кәрілігін жеңе алмай кібіртіктеп барып, бірте-бірте бауыр жазады. Содан көмбенің қарасы көрінгенше Салторының артында арқан бойы келе жатады.
Кешікпей-ақ, көмбенің қарасы көрініп, ат қосқан елдің ұрандаған дауысы естіледі. Сол кезде қырқылжың тартқан Кәрібоздың белі көтеріліп, делебесі қозып, Салторыны тықсыра түседі. Салторымен жесісіп келе жатқан Кәрібоздың үстіндегі тазша бала:
«Алыспан да салыспан,
Салторыдан қалыспан.
Салторыдан қалыссам,
Байдың тайын алыспан.
Бұл Кәрібоз әлі де
Қалған емес жарыстан!» —
деп, қамшыны басады ғой. Кәрібоз ышқына шауып, көсіле сілтегенде Салторыны тұсаған аттай артына қалдырып, көмбеге оқ бойы бұрын келеді. Келген бетте пышаққа ілінген екен. Кәрібозды білетін халық мұны да қас жүйрікке тән қасиетке балап, ырым көріп, етін бір-бір жапырақтан пышақ үстінен бөлісіп әкетеді.
«Кәрібоз бен Салторы» күйі үш буынға бөлініп тартылады. Күйдің басын «мынау Салторының шабысы» деп, күйдің ортасын «мынау — Кәрібоздың шабысы» деп, күйдің аяғын «мынау — Кәрібозға тазша баланың қамшы басқан жері» деп тартады домбырашылар. Ел ішінде бұл күйдің аңызы бір болғанымен, тартуға келгенде екі бөліп «мынау — Кәрібоз күй», «ал мынау — Салторы күй» деп, бөлек-бөлек тартатын дәстүр де бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі