Абылай хан қазаққа хан болып тұрған күнде Қалдан Шерінге елші жіберген екен. Сонда Қалдан Шерін ханымы Қарабас ханымға айтқан екен:
— Қазақтан елшілікке келгендерді аралап көр. Бітім алуға жарарлық кісісі бар ма екен. Тұрарлық кісісі бар болса, сынап алып кел, — деді, — бітім алып қайтарлық кісісі жоқ болса, мені көрсетпей, қайырып жіберіңдер! Түзу сөз білерлік біреуін жіберсін, — деп деген соң, Қарабас ханым аралап, таңдап, төрт кісіні алып, Қалдан Шеріннің алдына келді дейді.
Біреуі — қаз дауысты Қазыбек, біреуі — Айдабол баласы Тайкелтір би, бірі — Балтакерей Тұрсынбай, бірі — Шақшақ-ұлы Жәнібек.
Сонда Қалдан Шерін ханымынан сұрапты:
— Бұларды не сынмен алып келдің? — деп.
Сонда Қарабас ханым айтты дейді:
— Мынау отырған қаз дауысты Қазыбек. Ұйықтағанда екі қолын екі жаққа, екі аяғын екі [жаққа] жіберіп, керген төстіктей жатады екен. Оның мәнісі: «дүниенің [төрт] бұрышын қарап туған ұлмын» дегені. Қара бақайына шейін құт екен, — дейді, — өлгенде арулаған жерін басып өткен ел бай болар, — дейді.
— Мынау отырған Тайкелтір. Кішкене қолының ұшы екі иір біткен екен. Өнері қара саннан келеді екен, — дейді.
— Мынау отырған — Балтакерей Тұрсынбай. Құлағы жоқ шұнақ, құйрығы жоқ шолақ екен. Ерлігінен де міні жоқ, еңбегінде кінә, тілегінде міні жоқ. Жалғыз-ақ айыбы — жауы желкесінде екен, онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек, — дейді.
— Мынау отырған — Жәнібек. Екі аяқты, бір бастының сырттаны екен, — дейді, — өзінің оққағары бар екен. Күнінде ыңыршағыңды отқа жағып, бақайшағыңның майын шағатұғын осы екен, — дейді.
Сонда Қалдан Шерін:
— Осыны өлтіріп тастасам қайтеді? — дейді.
Сонда ханымы айтты дейді:
— «Ханның ақылы баланың шөметейімен бір бәс» дейді екен деп. Ханымы айтты: «Қазақ, қалмақтың тыйышлығы болсын деп елші жіберсін» десіп. «Келген елшіні өлтірсек қайтеді?» дейсің. Сонау тұрған төртеуі дүниенің төрт тіреуіндей кісілер емес пе?! «Атса мылтық, шапса қылыш
өтпейтұғын, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» деп осындай жандарды айтады депті, — дейді.
Қалдан Шерін сонда бұл төртеуіне, ер басына тоқсан жесірді [долгсыз] берген екен дейді. Бұрын қазақ, қалмақ арасында атыс-шабындылықта түскендерді мал беріп, сатып алады екен. Бұл жолы бұлар сатусыз алып қайтты дейді.
Сонда бір келіншек қатын:
— Би ағалар-ау, — деп Қазыбекке, — мен қалып барамын, — дегенде, ханнан сұрап алған екен депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі