Бақтыбала деген қыздың аты. Ол қыз қазіргі менің кемпірім. Ал «Бақтыбаланың зары» деп аталатын өлең — мына отырған кемпірімнің қыз күнінде маған ғашық болып шығарған әні.
Адамның есінде мәңгі қалатын өмірдің кейбір кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі ерлі-зайыпты адамдардың алғашқы танысуы мен қосылысар кезіндегі жағдайлар ғой деймін. Мен осы Бақтыбалаға он жеті жасымда, 1913 жылы қыста қосылдым. Қазір жасым болса аттай алпысқа келді. Бірақ сол бір кезең бүгінге дейін көз алдымда. Есімде мәңгі қалған ұмытылмас бір оқиға.
Бұл Қарағанды Сармантай, Мұрат, Қареке деген үш тайпа елдің мекені болады. Бірімен-бірі құда-құдандалы, нағашылы-жиенді сиырдың бүйрегіндей байланысты болып жатқан ел. Сармантай Есенбай дейтін кісі болды. Ол кісіден үш қыз бала болды. Бірі осы Бақтыбала... Бейнетті ерте көргендіктен ба, есейіп қалған кезім. Жасөспірім жігітпін. Жұмыстан шыққан, қол босап кеткен уақыттарда қызды ауылға қыңырлай сүйкеніп жүреміз. Бақтыбаланың ауылы осы Қарағанды маңында Көкпекті дейтін жерде тұрады. Сол ауылға сәті түсіп бір бара қалғаным бар емес пе! Сол жолы Бақтыбаламен танысып-ақ қалғаным.
Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,
Көзбен көріп, ішпен біл, —
деген емес пе? Және өзі ойын үстінде таныстық. Сол көргенде-ақ біріміз бен біріміз көзбен сөйлесіп, жүрекпен ұғынысып-ақ қалдық. Байділдә дейтін бір хат танитын жолдасым бар еді, соған бірнеше күннен соң Бақтыбалаға мынадай деп хат жаздырдым:
«Дөңгелек мөлдіреген қара көзің,
Кетпейді әлі есімнен айтқан сөзің.
Жаратқан Хақ Тағалам таңдау берсе,
Қалауым болар едің жалғыз өзің.
Бұл сөзім жалған емес, шын сөзім,
Шыдарлық менен қазір кетті төзім».
Осы хатты жазғаннан кейін төрт-бес күннен соң Бақтыбаладан да жауап келді. Ол кезде Бақтыбала да хат танымайды. Хатты бір сырласына оқытқызып, жауапты да соған жазғызады. Жауабының басын қара сөзбен бастапқы да, аяғын мынадай бір ауыз өлеңмен бітірген екен:
«Құрбыжан, маған жазған хатыңды алдым,
Хатыңды оқып шығып ойға қалдым.
Болғанда сіз — тұйғын құс, мен — қарлығаш,
Шешуін өзің ойла, сізге салдым».
Осылай басталды да көңілдегідей аяқталып, түйінді сөзге келдік. Екеуміз қосылуға сөз байладық...
Бірақ алдымызда кесе түсіп, көлденең жатқан бір бөгет бар еді. Ол мынау болатын:
Бақтыбалаға бұл қарсаңда Қареке Төлеңгіт қажы баласына әпермек боп, құда түскен. Киіт киіп, қалың берген. Бақтыбаланың туыстары бермекші де, Төлеңгіт қажының баласы алмақшы. Ал біз болсақ, кедейміз. Тұрмысымыз ауыр. Бір біз емес, ол кездегі жұмысшылардың барлығы да нашар тұратын еді ғой. Біздің арғы бабамыз Мешітбайдан бастап өз әкем Асайын, інісі Сыпатыл өмірлерін жұмыскерлікпен өткізген адамдар. Асайыннан мен туам. Мен де 13 жасымнан бастап жұмысқа түстім. Бірақ қанша жұмыс істегенмен жоқшылық, мұқтаждықтан құтыла алмадық.
Асайын, Сыпатылсын Мешітбайдан,
Жазылған несібе-ырзық әлде қайдан,
Асты — сыз, ірге — қырау үйде тұрсың,
Құтылар күнің бар ма осы жайдан, —
деген біздің әкейге айтқан бір ақынның өлеңі де болатын. Біздің әкеміз қалың беріп қатын әпермек түгілі, Бақтыбала алғаш рет келін болып түскенінде әкеміздің паналатар дұрыс баспанасы да болмаған...
Үстіп жүргенде, Төлеңгіт қажының Бақтыбалаға үйленбекші болған үлкен баласы қаза болды. Бақтыбаланы тоғыз жастағы жас бала, қаза болған жігіттің інісіне әпермекші болды.
1913 жылдың қысында Бақтыбаланы алуға Төлеңгіт қажының кісілері келді. Өзі ұзатылайын деп жатқанда Бақтыбаланың маған арнап айтқан сәлемі:
«Көргенім менің әлі аз, жаным Шәйіт,
Айтайын саған сырды-ау етіп бәйіт.
Толғанда он жетіге биыл жасым,
Тап болды талабыма қиын жәйт.
Туып ек Есенбайдан үш қыз бала,
Бұл күнде бір адам жоқ болар пана,
Күйеусіз қыз алатын жалаң құда
Ауылға келіп түсті біздің жаңа.
Қайғымен төгіледі көзден жасым,
Тарамас бойға сіңіп ішкен асым.
Ағажан, өзің келіп құтқармасаң,
Мәңгілік дауға түсер менің басым».
Бұл өлең менімен бірге жұмыс істейтін құрбы-достарымның арасына таралып кетті. Той-томалақ, ойын-тойларда жастардың сүйіп айтатын өлеңіне айналды. Тіпті, жастар тұрсын, қарттардың өзі: «Шырақтарым, Бақтыбаланың өлеңін айтыңдаршы», — деп тілек білдіретін.
Өзінде тұрақты ән де болған жоқ. Әркім әртүрлі, сүйген сарынымен айта беретін. Әйтеуір айтылатын. Кейін осы өлең «Бақтыбаланың зары» деп аталып кетті. Міне, бұл өлеңнің туу тарихы осылай еді.
— Ол уақытта (революцияға дейін) қызды ер алмайды, мал алады. Яғни қыз ерге бармайды, малға барады. Бақтыбаланың 9 жасар Мекебай балаға ұзатылып-ақ кеткені ғой. Көкпектіден қызды әкетіп бара жатқан құдалар жолшыбай Қарағандыға тоқтады. Тоқтаған үйіне ауыл жастарымен бірге ескерусіз болып мен де бардым. Амал не? Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Төлеңгіт қажының бәйбішесінің қасында отырған Бақтыбаламен көзбен ғана амандасып қайыра шығып кеттім. Барлық қолымнан келгені бір-екі ауыр өлең шығарып бір жолдасым арқылы Бақтыбалаға бергіздім.
«Хатыңды алып едім, Бақтыбала,
Бір Алла өзіңізге болсын пана.
Өмірде сертін бұзбас Шәйітіңді
Өзіңмен өле-өлгенше бірге сана».
Аяғын ұмытып та қалыппын ғой... Құдалар жүріп кетті. Бақтыбаланы сыртынан көзбен ұзатып салып мен қалдым. Ал Бақтыбаламен екеуміздің арамыздағы бұл жағдайды тек менімен бірге жұмыс істейтіндер ғана сезетін, басқа ешкім білмейтін.
Қарағандыдан шыққан күні олар 30 шақырым жердегі Қарамұрат Жұртыбай ауылындағы Шыныбек байдың үйіне қонады. Төлеңгіт қажы Шыныбек баймен құда еді. Үйіне түскен құдаларын қонақ етіп үш күн бөгейді... Үшінші күні түнде үй іші ұйқыға кеткеннен кейін төргі бөлмеде күйеу бала Мекебайдың шешесінің қасында жатқан Бақтыбала үй ішіне сездірмей түргеліп киінеді де, ауыз үйге шығады. Сыртына ауыз үйде босағада ілулі тұрған ер адамның шапанын, басына тымағын киеді. Ауыз үйде жатқан ер-тұрманды құшақтап қораға шығады. Қорада тұрған сары атқа ер салып, үстіне мінедіде ұрланып ауылдан шығып кетеді. Ешкім оның кеткенін сезбей қалады.
Түн ортасы. Ай қараңғы. Тек айналасында ағарған қар ғана көрінеді. Жолды білмейді. Сондықтан Спасс заводы мен Қарағанды кенінің арасына салынған шойын жолды кесіп алады ғой. Ауыл мен шойын жолдың арасы едәуір жер. Қар қалың және ол жылы қардың өзі өте қалың түсіп еді. Ат жүре алмайды. Содан өзі жаяу, атты жетелеп жолға келіп түседі ғой... Шойын жолдың бойымен жүріп отырып оған бозарып атып келе жатқан уақытта Қарағандының қарасын көреді.
Ағылшын байларының билеп тұрған кезінде таңның атуы, күннің батуы жұмыста болатынбыз. Таң қылаң берісімен-ақ жұмысшылар белдеріне қайласы мен күрегін қыстырып, қолдарына «служка» шамдарын ұстап жер кепелерінен сыртқа шығатын. Сол әдетіміз бойынша осы Бақтыбала келетін күні де ерте тұрдық. Таң бозарып атып келеді. Беліме қайламды қыстырып алып, қолыма «служка» шамымды алып шахтаға кетіп бара жатыр едім, қасыма тақала берген Бәйділдә дейтін бір жолдасым:
— Шәйіт, сен нені көріп келесің? — деп сұрады.
— Нені көрейін мен? — дедім.
— Әне, әне біреу келе жатыр. Түн қатып жүрген бұл кім бол ды екен? — деп қадала қарады. Мен де қарап тұра қалдым.
— Өзінің атқа отырысы, жүрісі ер адамға ұқсамайды. Бірақ киіміне қарасаң ер адам, — деді тағы да. Сөйтсек, Бақтыбала!
Жұмысшылардың бәрі көрді.
— Не істеу керек?
Өстіп дағдарып тұрғанда белгілі жұмысшы ақын Ілияс деген кісі:
— Не аңтарылыс бар? Бұтаға қорғалаған торғайдай болып келді. Бұта құрлы жоқпыз ба? Паналатамыз! — деді. Ол кісінің сөзін бүкіл жұмысшылар қолдады. Сары атты бір қуысқа, Бақтыбаланы әлгі Бәйділдә дейтін жолдасымның әкесі Қомшабай деген кісінің үйіне тығып тастады.
Артынан қорадан шыққан ат ізімен індете қуғыншылар да келді. Ішінде Шынекен, Әубәкір, Кенжебектер бар. Бұл кезде мен жұмысқа түсіп кеткен едім. Қыздың көңіл қосқан адамдары осы болар деген күдікті жастарды жер астынан қыр үстіне шақыртып алып жатыр. Мені де шақыртып алды. Олай сұрады, бұлай сұрады ешкім айтпады.
Қуғыншылардың ішінде Шыныбек деген кісі жұмыскерлерге:
— Қашқын қыздың ізі осы ауылға келіп тірелді. Бұдан әрі асқан жоқ. Сендер жасырып отырсыңдар. Бірақ та бұл — ағайын арасына алалық туғызу. Қареке, Мұрат пен Сармантайдың арасына шоқ тастау болады — деді. Ол кісі де бір қадірлі кісі еді. Ол сөздің шындығы да бар...
Қуғыншылар Бовровский деген урядникке арыз берді. Қыз соңына қуа келген қуғыншылар кетісімен, сол күні кешкілікте жұмысшылар «сход» жасады. Сходқа орыс жұмысшылары да қатысты. Сол сходта: «Бақтыбаланы қайтарып бермейміз, неде болса көреміз және жоғарғы жерге жазамыз!» деп уәде жасады. Ертеңінде-ақ Шыныбек пен Текең қажының арызы бойынша урядник Бобровский келді. Қыздың келгендігін жасырмадық, айттық. Қыздан жауап сұрағанда:
— Мен тоғыз жасар балаға күйеуге шықпаймын. Ол үшін мені атса да, дарға асса да, ризамын. Сондықтан да қашып паналайтын жерім болмаған соң осында келдім. Ал бұл Қарағандыда менің көңіл қосқан жігітім жоқ. Ешкімді танымаймын да, — деді.
Урядник қыз алатын күйеуді — Мекебайды шақыртты. Мекебайды көрсе шындығында жап-жас бала. Мойнында асып алған оқшантайы бар. Ішін ашып көрсе — толған асық.
— Қатының бар ма? — деп сұрайды урядник одан.
Онда ол:
— Жоқ, — дейді.
— Қашан аласың? — деп, сұраса:
— Қашан талысымды кеней мен сақаға толтырам, сонда әйел аламын, — дейді. Урядник түсінбей:
— Талысың не? — деп сұрайды одан.
— Талыс — талыс, әкемнің талысы, — дейді ол.
Баласының жастығына қажының өз көзі де жетіп отыр. Ол кісі де ақылсыз адам емес. Жаратылысында кісілігі мол адам болған. Жұрт алдында не дерін білмеді.
Урядник:
— Бұл істі жоғары жерден сұратамыз. Мен өзім де шеше алмаймын, — деді.
Содан бір жылдан кейін іш жақтан Бақтыбалаға бостандық қағаз келді. Қағаз келген соң ғана екеуміз қосылдық-ау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі