Өлең, жыр, ақындар

«Домалақ ана» әжем сияқты екен

Айдана биыл беске шықты. Әжесі алпысқа келді. Бастауыш мектептің мұғалімі, балалар бақшасында істеген адам. Орта мектепті бітіргенше жастық шағы ауылда өткен. Балажан, көпшіл, мейірімділігінен бе, мінезі ақжарқын. Әйтеуір бала біткен ол кісіге оңай бауыр басатын. Айдананың бесіктегі шағынан ие болып, балапандай баулып келе жатқан әжесінің жұлдызы оған тым ыстық.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ак бесікке жат, бөпем.
Құнан қойды сой, бөпем,
Құйрығына той, бөпем!
Әжең отыр тербетіп,
Алаң болма, әй, бөпем! —

деп көнеден келе жатқан «Бесік жырына» өзі де жаңадан құрастырған жыр жолдарын қосып, құлпыртып жіберетін. Дауысы сыбызғыдай. Бесік жырының ежелгі әуенін бесіктің тербетілген ырғағына түсіріп айтқанда бесік жырының ежелгі әуені «құлақтан кіріп, бойды алады». Бесіктегі сөбидің көңілін елітіп, елеңдетіп, әлденеңдей жағымды, аса таңсық дүниеге шақырғандай болады...

Әжесінің даусы Айдананың құлағына бесіктен белі шықпай сіңген сияқты. Жан дүниесін ерте баураған. Ол әжесімен бірге үйде оңаша қалған күні:

— Әже, сіздің атыңызды неге Нұрила қойған? — деп сұрады. Әжесі әуелі немересінің маңдайынан сүйіп, басынан сипады да:

— «Домалақ ананың» шын аты — Нұрила. Маған сол кісінің атын әдейі ырым қып қойыпты ғой көкем! — деді әжесі.

— Ол кісі жақсы апа ма екен? Неге домалақ депті?

— Я, әулие болған апа ғой. Бойы аласа болғандықтан, солай аталып кетіпті.

— Әулие деген қандай болады, әже? (Айдананың әжесіне қоятын сұраулары сіргесін жимай, туындай беретін. Әжесі жауап табуға жалықпайды).

— Айтқаны айтқандай келетін, көп-көп ертегі, әңгіме білетін, жейтін тамағы, киетін киімі жоқ ғаріп-мүсәпірлерге жаны ашып, садақа беріп тұратын, ақылды, білімді адамды айтады әулие деп.

— Кеше біздің үйдің есігін қағып, ақша сұраған қайыршыға сен де ақша бердің ғой? Сонда ақшаны менің басымнан неге айналдырдың?

— Ауырлық көтереді, балам, садақа деген.

— Қайтіп?

— Тұмау тиіп ауырып қалсаң, тез жазылып кетесің. Әне күнгідей баспалдақтан қарғып, тізеңді жаралап алмайсың.

— Міне, дәрі жаққан соң жазылып қалды, — деп Айдана көйлегінің етегін көтеріп, оң жақ тізесіндегі қара қотырланып қалған жарасын көрсетті.

— Етегіңді тізеңнен жоғары көтерме, балам!

— Неге? Теледидардағы қыздар кіндігін де ашып билейді ғой? Домалақ ана ондайды жек көре ме, әже?

— Иә, жек көреді. Қыз балаларға әдепті, ибалы болуды, тәнін жалаңаштап жүрмеуді үнемі ақыл қып айтып тұрады екен.

— Домалақ ананың ұрыларға не дегенін тағы бір айтып берші, әже?

— Ұғып алып едің ғой?

— Тағы тыңдағым келіп тұр.

— Домалақ ананың күндесі күйеуіне жамандап, алыс бір жерге апарып тастапты. Жалғыз үй отырып, ары-бері өткен жолаушыларға ашытқан қымызын құйып береді екен Нұрила ана.

— Неге?

— Шөлдеп келе жатқан жолаушылар өлін бассын, сауап болсын деп.

— Сонан кейін?

— Сонан кейін бір күні әлгі қымыз ішіп кеткен жолаушылармен бірге келген ұрылар түнде өрістегі сауын биелерді үйірімен бір-ақ айдап кетіпті.

— Сонан кейін?

— Сонан кейін әлгілер тағы бір күні келіпті. Домалақ ана олардың ұры екенін біліп, қымыз болмаған соң, өзінің емшек сүтіне илеп пісірген нан салып шай беріпті. Ұрылар нанның дәмділігіне таң қалып, себебін сұрапты. «Бұл нанға менің емшек сүтім араласқан. Бәрің балам болдыңдар. Менің балаларым ұрлық істеп, өтірік айтпау керек» депті. Қатты ұялған ұрылар жылқыны қайта айдап әкеліп, ұрлықтан тиылыпты.

— Домалақ ана әжем сияқты екен ғой? Әжем де домалақ, — деп Айдана ойлы жымиып, мәз боп қалды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз