Халқымыздың ежелден қалыптасқан әдет-ғұрпында көңіл аударарлық психологиялық іс-әрекеттер көп кездеседі. Соның ішінде сезімді, көңіл күйін, іс-қимылды сөз шығындамай-ақ ыммен, ишарамен, еппен сездіретін, оны дәл бейнелейтін ойлы, қызықты әрі сесті ұғымдар бар. Бұл — әдет-ғұрып ишарасы. «Ымды білмеген — дымды білмейді» дегендей, сол ишаралар айтпай-ақ түсінікті бола кетеді...
Осындай дағды, ымишара арқылы адамдар келісу, ашу-ыза, ұялу, жеңілу, жеңу, қайғыру, тағы басқа көңіл-күй көрінісін білдірген. Қазақтың осынысы күні бүгін де қолданылады. Дегенмен тұрмыс пен салттың, өмір мен тіршіліктің, қоғам мен дәуірдің өзгеруіне байланысты мұндай әдет пен дағдының кейбіреулері ұмыт қалды. Оны жас ұрпақтың білгені жөн.
Арқаға қағу. Риза болу, мақұлдау, қолпаштауды бейнелейді, яғни «рахмет, бәрекелді, жарайсың» деген сөздердің орнына қолданылатын алғыс белгісі.
Алақанға түкіру. Ынталылық, құлшыну. Бір іске ынталана кіріскенде алақанға түкіріп алатын әдет бар. Мысалы, біреу «іске құлшынып отыр» дегісі келсе, «алақанына түкіріп отыр екен» дейді. Алақанын ұқалау да осына көрсетеді.
Бармақ көрсету. Ісі оңынан келген, жолы болған адамдар өзінің көңіл күйін осындай белгі арқылы білдіреді.
Бармақ тістеу. Амалы құру, шарасыздық белгісі. Соның өкінішін халық «бармақ тістеп қалды», дейді.
Бармақ шығару. Бұлай істеу ерсілеу көрініс болса да, біреудің орынсыз іс-әрекетіне лайықты «жауап». Мысалы біреу біреудің малын, затын орынсыз талап етсе, онымен таласпайақ, «аларсың мынаны» дегендей, қоссаусақ арасынан бармағын шығара салады.
Бет жырту. Адам ұялатын сөздер естігенде әйелдердің сұқ саусағымен бет «жыртатын» әдеті бар. Бұл — ұялу мен шошынудың бір түрі екені анық. Еркек адам бет «жыртпайды» тура мағынасында бет жырту — ең жақын туысы не күйеуі, баласы қайтыс болғанда бұрынғы қазақ әйелдері: «Құдайға не жаздым?» — деп өз бетін тырнап жыртатын болған. Бұл — ертеден сақталып келе жатқан ғұрып. Ал ауыспалы мағнада адам ренжіскенде, бір нәрсеге дауласып қалғанда, қарсы сөз жарыстырғанда басқалар «пәленшелер бет жыртысып қалды» деп хабарлайды.
Бет шымшу. Әйелдерге тән әдет. Олар біреудің немесе өзіне жақын қыздар мен әйелдердің ерсі істерін, қимылдарын көргенде немесе дөрекі сөздерін естігенде, қысылған жағдайда мұнысын осылай ыммен сездіреді.
Бет басу. Ұятқа қалған адамның іс-әрекеті. Ұятты болған адамдар екі қолымен бетін басып, жұртқа қарай алмайды. Ондайларға басқалар «не бетіңмен жүрсің?» деп жекіреді. Жайшылықта бет басу — жаман ырым.
Бөркін аспанға ату. Қатты қуану, шаттану дағдысы. «Бөркін аспанға атып қуанды» деген сөз содан шыққан.
Бұрым кесу. Әйелдерге берілетін ең ауыр жаза. Өйткені шаш, бұрым әйелдің сәні, салтанаты, әйелдік белгісі болып саналған. Қазақтың ежелгі заңы «Қасым ханның қасқа жолынан» бастап еріне опасыздық жасаған немесе өте ауыр қылмыс істеген, ел алдында масқара болған әйелдердің бұрымын кесу тәртібі қолданылған.
Бүйірін таяну. Жаман ырым. Әдетте қайғықасіретке ұшыраған адамдар екі бүйірін таянады да, дауыс қылады, жылайды, аянышты көңіл күйін білдіріп, зар шегеді. Бұл — әйелдерге тән әдет. Осыған сәйкес жастарға «бүйіріңді таянба» деген тыйым сөз бар.
Ерін шығару. Мазақ ету, келемеждеу деген сөз. Бұл әдетті көбінесе әйелдер, балалар қолданады. Біреулер өзіне жараспайтын іс істесе, қылық көрсетсе, оны көрген адамдар ернін шығарып күлген. Бұл басқаларды да ерсі іс-әрекеттен сақтандырады.
Етегін қағып, тұрып кету. Түңілудің, қатты кетудің басы. «Тұра тұр, бәлем!», «Көрермін, көрсетермін!» деген ащы зілдің, күш көрсетудің айқын белгісі. Мұның артында кек алу, үлкен ұрыс, дау-жанжал тұр деген сөз
Жағасын ұстау. Бұл — қатты қорықты, шошыды дегенді білдіретін қазақи ұғым.
Жағын таяну. Торығу, қамығу, мұңаю белгісі.
Желке қасу. Қолдан келер қайрат, амал жоқтықты, жігерсіздікті, әрекетсіздікті білдіреді.
Жерге түкіру, жер тебу. Өкініш. «Саған айтса да, айтпаса да бәрібір» деген доң айбат, ызалы көрініс.
Жұдырық түю. «Көресіңді көрсетемін!» деген күш, сес көрсетудің нышаны.
Жерге қарау. Ұялу, қысылу, қолы қысқалықтан, амалсыздықтан жолдан жығылу. Бұл — азамат үшін ауыр жағдайдың көрінісі.
Жер шұқу. Қолынан келетін қайрат, күші немесе мүмкіндігі жоқ адамның бейшаралық амалы
Зарлау. Іштегі шерді ащы айғаймен сыртқа шығару. Күйініш, өкініш жайын білдіретін көңіл сыры.
Иық көтеру. Енді қолынан келетіні жоқ жанның соңғы әрекеті. «Ар жағын енді өздерің біліңдер» деген екі ұшты әрі сұраулы пішін.
Иек қағу. «Мына кісінің шаруасын орында» немесе «Шаруаға кіріс» деген оң пейілді білдіретін үнсіз ұғым.
Көз аларту. Ұрыс басы, сес, күш көрсету, біреуге ренжу түрі. Жек көрген адамдар да көз алартады.
Көз қысу. Ыммен сөйлесу. «Үндемей отыр, бәрін білем» дегеннің ишарасы. Тәрбие дәстүрінде бұл әдептілік емес.
Көзін жұмып, бас шайқау. «Үндеме, дымың ішіңде болсын» деген ишара.
Кеудесін соғу. Мақтану не жеңістің үлкен белгісі. Бұл әдетті жауын жеңген батырлар, қарсыласын жыққан палуандар көп қолданған. Жеңімпаздың кеудесін соққанының ерсілігі жоқ. Жайшылықта, орынсыз жерде кеуде соғу — әдепсіздік, тәрбиесіздік.
Қабақ түю. Біреуді ұнатпаудың, бір істі жаратпаудың не көңіл күйі болмай, ренжіп отырудың кейпі.
Қамшы тастау. Бұл — ұлттық салт-дәстүр, әдет заңы бойынша шешендер мен билердің, талапкерлердің дау-жанжал кезінде сөз сұрау ғұрпы.
Қол сілтеу. Ренжу, өкпелеу. «Не болсаң о бол» дегендей, көңлі қалған, жәбірленген кісінің ісәрекеті. Біреуге қол сілтесең, ол мұны өзін жәбірлеу, соғу деп түсінеді. Қол сілтеу соңы жақсылыққа апармайды.
Қол соғу. Қошемет көрсету, мадақтау, қолпаштаудың жарқын да әсерлі көрінісі. Қол соғу, шапалақтау — ақындарға, әнші-өнерпаздарға, спортшы жеңімпаздарға жасалатын көпшіліктің құрметі әрі алғыс сезімі, аса зор ризалық белгісінің жиі қайталанатын, қолданатын дәстүрлі әдеті. Мұндай сәтте құрмет иелері жиналғандарға алғыс айтып, бас июге тиісті.
Қол көтеру. Халқымыздың таным-түсінігінде бұл әдеттің бірнеше мән-мағынасы бар. «Сөзім бар, айтарым бар» дегенді білдіреді. Сондай-ақ «қол көтерді» деген де сөз бар. Ол «ұрды, соқты» дегенді білдіреді. Мұның «қол көтеруге» ешқандай қатысы жоқ.
Қол құсыру. Айыпты болудың не сонысына кешірім сұраудың «қата менен» еген ишарасы. Дәстүр бойынша кешірім сұраушы қолын қусырып (екі қолын жеңіне тығып), өз кемшілігін мойындап, ғафу өтінеді. «Алдыңа келсе — атаңның құнын кеш» деген аталы сөзге жығылған қазақтың мұндайда кешірім жасап, қолын алып, төріне шақыратын тектілігі де болған.
Құйрығын жерге түю. Табалау. Араздасқан өз бәсекелестерінің, өзіне қиянат жасаған дұшпандарының бақытсыздыққа, қолайсыз жағдайға ұшырағанын көргенде, естігенде жәбірленуші адам: «Саған сол керек!» «Құдайым тапқан екен!» — деп, құйрығын жерге түйіп, есесі қайтқандай табалап, қуанады.
Маңдайын ұру. Қатты өкінуден, яғни қатты қаталасудан, тағдырға мойынсынудан туған дағды. Адамның өзіне-өзі белгілеген және қолданатын қатаң жазасы. Мұның тәртібі — өкінішті адам өз маңдайын жұдырығымен соғады. Бұл жазаны көбінесе ер адамдар өзіне қолданады.
Мұрын тыржиту. Менсінбеу, Теңсінбеу. «Неге келдіңнің» тілсіз берілетін нұсқасы. Бұған маңдай, бет тыржиту да жатады.
Сан соғу. Қапы кету, «қап, әттеген-айдың» зор белгісі. Бұл жай өкіну емес, өксу.
Өбу. Жақсы көрген сәбиді немесе адамды маңдайынан, бетінен ернін тигізіп өбеді. Бұл — сүюге жақын көрініс.
Теріс қарау. Ұнатпай, жек көрудің, көргісі келмейтін, қабылдамаған адамның іс-қимылы.
Төбесіне қолын қойып шығу. Ел жұртынан безінген адам ортадан төбесіне екі қолын қойып шығады. Бұл — сирек көрініс — «енді сендерді желкемнің шұқыры көрсін, көрмеймін, келмеймін!» деген ауыр кесім. Ауыр бол са да, ел ішінен көңілі қалып, безіп кеткендер болған. Мысалы, Шәкәрімнің «Қалқаман — Мамыр» дастанындағы Қалқаман өзін оққа байлаған елжұртынан осылай безіп, нағашыларына кеткен. «Төбеңе қолыңда қойма» деген тыйым осындай әдеттен сақтандырады.
Тістену, тіс қайрау. Ашу ызадан, өштесуден туған іс қимыл. Ашулы адам туралы «тістеніп отыр екен. Тісін қайрап отыр екен» дейді. Шашын жұлу. Долы әйелдердің ашуланған кезінде өз шашын өзі жұлып бүлінетін әдеті болады. Қайғықасыретке тап болған әйелде шашын жұлып, зар шегеді.
Ыржию (күлу). Риза адамның көңіл күйін білдіретін әдет. Бұл сабырлылық белгісі деп те қабылданады.
Ішегін тарту. Шошынғанды, қатты таңданғанда болады. Жалпы ішек тарту жақсы әдет емес.
Халық салтында әдет-ғұрыптың түрлері көп. Оның тәрбиелік, өнеге, тәлімі де зор. Халық мінез-құлқын жақсы білетін адамдар әркімнің жүрістұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан-ақ оның көңіл күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отырады. «Қабағың ашық қой» деп оның көңілділігін, «иығың түсіп кетіпті ғой» деп жабыр қаулы жайын сезе қояды. Жігіттердің мезгілсіз жүруінен, әйелдердің керілуінен, қыздардың орынсыз күлкісінен әркім өзінше байлам жасайды, адамды сол арқылы танып, бағалайды. Әзіл-қалждыңда кейбір туысқандық қатынасты білдіретін де әдетғұрыптар бар. Мысалы, екі жігіт бір-біріне күлімдеп, бастарын қасыса, бажа болғаны. Егер жастар бір еркектің құлағынан тартып ойнап жатса, ол жездесі болғаны. Ел ішінде осындай ыммен білдіретін ұғымдар өте көп. Жақсы дегенді бас бармағын көрсетіп, жаман дегенді қолын сермеп, мұрнын тыржита салатын әдет бар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі