Өлең, жыр, ақындар

Сандықтар сыры

     Сандық – халық тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Заман ағымына сай дәстүрлі ортада қолданылған көптеген үй жиһаздары бүгінде қолданыстан шығып, өзінің әуелгі функциясы ұмытыла бастағанмен, сандықтар әлі күнге дейін ұзатылған қызға жасалатын жасаудың бірі ретінде өз мәнін жоғалтпай келеді. Үйдің төрінен орын алатын сандықтардың үстіне жүк жиналады. Сондай-ақ, оның ішіне бағалы дүниелер (асыл бұйымдар, қымбат маталар, киімдер), тәттілер, тіпті ғұрыптық мәні бар заттар сақталған. Сондықтан сандықтардың атқаратын рөлі үлкен болған. Қазақ халқының қолөнері өте бай және ою – өрнектері терең философиялық мазмұнда салынған. Ежелгі бабаларымыз жалғыз сандықтың өзін өрнектермен нақыштап қана қоймай, зергерлік өнердің әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, алтын, күміс басқа да небір құнды асыл тастармен өрнектеген. Ондағы әшекейлердің байланыстары өте күрделі. Ежелгі шеберлер ағаш бұйымдарын көбіне сүйек пен әрлеген. Әр түрлі бұйымдар сақтау үшін үлкенді – кішілі «қол сандық», жағлан, «кебеже», сүйектелген сандық деп көп түрлерге бөлген.

           Халық тілінде «сандық» деген ұғымда абажа, абдыра/әбдіре, арша, әрші, бөгіре, бөгіребас, жағлан/жағдан/жақтан, тақтан, шабадан және т.б. атаулар қолданылған. Бұндай атаулар сандықтың алуан түріне байланысты қалыптасқан. Сақталатын бұйымның ыңғайына қарай сандықтар үлкен және шағын көлемде жасалады. Сандықтың үлкен түрлері абажа, абдыра/әбдіре, кеусандық, тайсандық деп аталады. Мәселен, абажа – ағаш тақтайлардан құрастырылып жасалатын сандықтардың ішіндегі ең үлкені (Абажа). Кейде абажа киізбен, былғарымен қапталып, қаңылтырмен әшекейленеді. Тым үлкен болғандықтан, оған көп зат сияды. Оны  көтеру де, тіпті, қозғау да ауырға соғады. Осыны ескеріп шеберлер сандықтың екі бүйіріне тұтқаны қос-қостан орнатады. Оны көтергенде екі адам екі жағында тұрып, қос қолдарымен көтереді. Үлкен сандықтың бірі – абдыраның бір ерекшелігі қақ ортасынан көлбеу түрінде тақтаймен екі бөлікке бөлінеді. Үстіңгі бөлігі қақпақпен ашылып-жабылса, астыңғы бөлігінде суырмалы қорапшалары болады. Кей жерде кебежені де абдыра/әбдіре деп атау кездеседі. Үлкен ағаш сандықты білдіретін абдыра атауы бірсыпыра түркі, моңғол және парсы тілдерінде кездеседі. Қырғыздар осындай үлкен сандықты абдыра, тувалар сандықтың өзін аптыра, хакастар кішкене сандықты абдыра, моңғолдар кебежені авдар, ал парсылар қол сөмкені абдора деп атайды. Маңғыстау аймағының қазақтары әбдірені кемпір сандық деп атайды. Оның осылай аталуы кемпірлердің ұсақ-түйек зат, ине-жіп, жиған-тергендерін, әртүрлі тәттілерді осы бұйымға салып сақтап жүруіне байланысты болса керек.

           Дәл осы сандық түрлері Еліміздегі ең ірі музейлерінің бірі болып саналатын ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында дәстүрлі қазақ мәдениеті мен этнографиясына қатысты бай коллекция сақтаулы. Олардың ішінде  қолдану аясына қарай пайдаланған сандық түрлері де ерекше коллекцияны құрайды.  Орталық музей қорындағы сандықтар коллекциясынан негізделген «Көненің көзі – сандық» атты сандықтар көрмесі Орталық музей қабырғасында өткізілуде.

           Көрменің негізгі мақсаты халқымыздың асыл мұрасы болып саналатын сандықтың қадір қасеті мен ішіне сақтаған сыр сандықтың мұрасын өскелең ұрпақа насихатау болып табылады. Осы арқылы бабаларымыздың ғасырлар бойында бізге аманат етіп қалдырған мұрасын сақтау, әрі оны көпшілік көрермендер назарына ұсынып кең ауықымда дәріптеу үшін арнай ұйымдастырылуда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар