Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық дәстүрді ұлықтау қадамын музейден бастадым

Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!

Абай

 

              Адам баласының ең қызықты, арманға толы шағы ол - бала кезі. Балалық шақтың маңызды кезеңдерінің бірі мектеп табалдырығымен байланысты. Себебі мектеп біліммен азықтандырып  ғана қоймай, армандай алуға мүмкіндік береді. Кез-келгеніміз әр түрлі маман иесі болуды армандадық және мақсат қойып, білім алдық. Ал, мен мектеп қабырғасынан тарихқа қызығушылығым өте жоғары болатын. Өткен ғасырдағы адамзаттың тарихын білу, олардың тұрмыс-тіршілігі, қалай өмір сүргендері мен үшін қызық болатын. Сол себепті де болар тарихты ерекше ынта-ықыласпен оқыдым. Бірте-бірте қызығушылығым арманға, арманым мақсатыма айналды. Мектеп қабырғасын тәмәмдап үлкен өмірге аяқ бастым. Мақсатым айқындалып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унверситетінің «Тарих, археология және этнология» факультетінің студенті атандым. Ол менің шеті мен шегі  жоқ ғылым мен білімнің айдынына жасалған алғашқы қадамым болды. Унверситет қабырғасында жүріп еліміздің бай тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін тереңінен үңіліп зерттей бастадым. Сондай зерттеулерімнің нәтижесі мені жетектеп музейге алып келді. Мен музейден еліміздің тарихын, дәстүрімен қатар мәдениетін, адамзат баласының өткен тарихын, тұрмыста қолданған заттарын өз көзіммен көріп ерекше әсерде болдым. Мектепте кітаптан оқып өзімнің бар жеткен ой-қиялмен елестетіп қана көрген дүниелерді  музейден көріп ерекше таңданыста болдым. Ендігі менің қызығушылығым музейге ауа бастады. Осылайша Алматы қаласындағы музейлермен таныса бастадым. Ерекше әсер еткен музейдің бірі Қазақстан Республикасының Мемлекетік Орталық (әрі қарай ҚРМОМ) музейі.

            Музейдің тарихы сонау өткен ғасырлардан бастау алады екен. ҚР МОМ музейі XIX ғасырдың 30 жылдарында құрылған уақыттан бастап музей еліміздің тарихи мәдени орталығына айналды. Сондай-ақ, музей еліміздегі ең ірі музейлердің бірі болып табылады екен. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағына танымал, көне музейлердің бірі. Оның қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарымен қамтылған. Айта кетсем, қазіргі таңда, музейде «Палеонтология және археология», «Қазақ этнографиясы», «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан», «Ашық қор», «Антропология музейі», «Суретші-этнограф Н.Г. Хлудов» залдары тұрақты түрде қызмет жасай отырып, көрерменге мол ақпарат береді.

            Бұл экспозициялық залдар да түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, орта ғасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Жалпы музей экспозициясы халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің ежелгі дәуірден бастап, қазіргі заманға дейінгі «музейлендірілген» моделі болып табылады. Орталық музейдің ерекше архитектуралық ғимараты ішіндегі бай тарихымен өзіне баурайды. Музейдің ішінде ерекше көңіліме ұнағаны “Қазақ этнографиясы залы” мұнда қазақ халқының мәдениетін дәстүрін тарихын көріп қатты қуандым. Біздің мәдениетіміздің қандай керемет екеніне көзім жетті. Ендігі мақсатым ол дәл осы музейдің қызметкері, оның ішінде «этнология» бөліміне барғым келді. Уақыт еш уақытта бір орында түрған емес көзді ашып жұмғанша 4 жыл уақыт зымырап өте шықты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Унверситетін абыроймен аяқтап, дипломымды қолыма ала сала Орталық музейіге бет алдым. Алғашқы күндері кішкене сескеніп кіруге қорқақтап жүргенім әлі есімде. Қорқынышымды жеңіп, түйіндемемді өткіздім, музей директоры Рашида Ерімқызы  маған сенім білдіріп, “сіз жұмысқа қабылдандыңыз, сізді этнология біліміне жұмысқа аламыз”- дегенде төбем көкке жетті.

              Алғашқы жұмыс күні қатты қобалжыдым, алайда әріптестерім  жылы шырайымен қарсы алды. Өздерінің білгендерімен бөлісіп, мені нағыз этнограф маманы етіп шығарамыз деген болатын. Міне, Орталық музейінде жұмыс жасап жүргеніме 1 жыл уақыт өтті, осы қысқа ғана уақыттың ішінде мен көптеген қызықты мәліметтерді білдім қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін үйреніп, жалпы этнография ғылымына тереңінен бойлай бастадым.  

             Музейдің ішкі жұмысы, этнология бөлімін жалпылай жанымдағы әріптес ағаларым таныстырып шықты. Ең әуелі этнология қандай ғылым екенін, біз этнологияны не үшін зерттеп жүргенімізді түсіндіріп ұқтырды. Музей қорымен оның ішінде, жылдар бойы жинақталған этнографиялық коллекциямен таныстырды.  ҚР МОМ-ның этнографиялық коллекция бойынша, кілем-киіз қоры, ағаш бұйымдары қоры, аралас қорымен таныстырып өтті. Музейміздің қорында халқымыздың дәстүрлі ұлттық киімдерін, ұстанған заттарын, бағалы кілемдерін көріп қатты  таңданыста болдым. Барлығы дерлік қайталанбастай етіп жасалынған, шеберліктің шыңына көтеріп мақтана алатынымыздың айқын дәлелі. Бұл музейден ата-тегіміздің тарихының өте әріде жатқандығы жөнінде тың әрі маңызды мәліметтерге ие болдым. Елімнің тарихын, мәдениетін, этнографиясын зерттей отырып, сыр шерткім келеді.

            Қорыта келгенде, мамандық таңдау-өміріміздің бір кірпішін дұрыс қалау. Мен таңдаудан жанылыспадым. Бұл мен таңдаған мамандық  - өзімнің  айналысқым келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзімнің араласқым келетін ортаны да таңдадым. Демек, өмір текпешектерін дұрыс қалаудамын. Өмірден өз орнымызды табу, қоғамда тұлға болып қалыптасу қиыннан қиыстырып, үлкен ауыртпашылықпен келетін дүние ғой. Сағың сынбай, тағдырдың тайғақ жолына таймай мақсатқа жету көбінің қолынан келе бермейді. Сынақ келсе сүрінбей, қиындық келсе қажымай мақсатқа жете білу қажет. Бұл мамандық – біреулер үшін жәй ғана әйтеуір бір мамандық алу керек болған сон ғана таңдау немесе қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын мамандық болып табылса. Ал, мен үшін ол ойға алған арманның орындалуы, жаңалыққа, дербестікке талпынысым, елімнің тарихына кішкене болсын із қалдыруға деген мақсатыма жету жолдағы алғашқы қадамым. Бұл жолда мен дәл осы Қазақстан Республикасының Мемлекетік Орталық музейінен бастап үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзімінің  армандаған биік шыңыма шығаратын  ұзақ жолдың кішкентай ғана сатысына қадам бастым. Мені алда әлі қиындығы мен қызығы, қуанышы мен шаттығы қатар қол ұстаса келетін  өмір жолы күтіп тұр.


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар