Құрманғазыны тағы бір ауыр оқиға күтіп алады. Жалғыз баласы Қази қатты ауырып жатыр екен. Бұл жағдай күйшінің жанын қозғайды. Баланың уайымымен үйінде астың жоғын, тұрмысының қиындығын да елемейді. Бірақ Құрманғазының тілегі болып, Қази көп уақыт төсек тартып жатып, әйтеуір беті бері қарайды. Әбден арықтаған бала енді тез оңалып кету үшін жақсы тамақ керек болады. Оның үстіне көп уақыттан бері күйшісін сағынған ел адамдары, достары ағылып келе береді. Баласына да, келген-кеткен қонақтарына да Құрманғазы тамақ, қонақасы тауып бере алмайды. Өйткені, Алқа мен Байғазының жиған-терген қара-құрасын баяғы Әуесті қуғанда Құрманғазының мініп кеткен екі атының иесі, бай сыпырып алады. Сөйтіп, күйшінің үй-іші тек өлместің күні ғана болып күнелтіп отырады. Басқасынан бұрын Құрманғазыға
қонақтарын, достарын разы қыла алмағаны батады. Пәлен жасқа келіп ақ-қараны, өмірдің небір соқпағын да, тоқпағын да көріп, қаншама ыстық-суыққа көмпісті болғанымен, мына бір жағдай күйшінің жанын қаттырақ тербетеді. Қонақтары кеткесін Қазидың жанына жайлап, ыңырсып:
— Сұрасаң менің атым Құрманғазы,
Құтқармас қашса қоян құмнан тазы.
Үйіңе досың келіп құры аттанар,
Қайтейін кедейшілік малдың азы.
Күреңнің тобығынан тарттым таңба,
Бай менен бас имедім биге, ханға.
Арықтап сары аурудан тұрғанында,
Ас тауып бере алмадым Қазижанға.
Айтайын айт дегенде өлеңімді,
Білемін бір күн барып өлерімді.
О да бір маған берген бақыт шығар,
Кетейін жайып жұртқа өнерімді.
Құрекең ұшқан құсқа мылтық атқан,
Жігітке жараспайды үйде жатқан.
Кешегі буырқанған кезеңімде,
Байларды қабан едім зар жылатқан, — деп домбырасына қосылып әндетеді. Күй тартады. Бұл күй ел арасында «Қазижан» атанып кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі